3 қыркүйекте Ресей кинотеатрларында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы пошташының ерлігі туралы тарихи-әскери фильм көрерменге жол тартты. «Жеңіс баласы» – Қазақстан, Ресей және Беларусь кинематографистері бірлесіп түсірген туынды.
3 қыркүйекте Ресей кинотеатрларында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы пошташының ерлігі туралы тарихи-әскери фильм көрерменге жол тартты. «Жеңіс пошташысы» – Қазақстан, Ресей және Беларусь кинематографистері бірлесіп түсірген туынды.

Бұл жоба қалай дүниеге келді? Оқиғаны өздеріңіз іздеп таптыңыздар ма, әлде бәрі өздігінен өрбіді ме?
Былтыр Жеңістің 80 жылдығына орай киноальманах түсіруге лайық оқиғаларды іздей бастадық. Сол кезде қырғыз киносының белгілі операторы Сапар Қойшыманов бізге бірнеше эссесін жіберді. Соның ішіндегі ағайынды екі жігіт туралы оқиға бірден ұнады. Кейін оны «Қан су емес» атты қысқаметражды фильмге айналдырдық. Ал қалған эсселердің желісін біріктіріп, толықметражды фильмнің сценарийін жаздық. Осылайша Ұлы Отан соғысы кезінде аса қауіпті тапсырманы орындаған пошташы туралы оқиға туды. Бастапқыда басты кейіпкерді қазақтың Чингачгугі немесе Рэмбосы секілді етіп көрсеткіміз келді. Яғни төбелесе алатын, түрлі трюк жасайтын нағыз қаһарман ретінде елестеттік. Бірақ сценарийді жазған сайын бұл ойдан біртіндеп бас тарттық. Өйткені соғыс кезінде пошташылардың қолында қару да болмаған. Соған қарамастан, олар өміріне қауіп төнетін аса ауыр міндет атқарды. Сөйтіп, басты кейіпкеріміз ерлік жасауды армандайтын жас жігіт болып шықты. Өкінішке қарай, осы оқиғаның авторы Сапар Қойшыманов фильмнің премьерасын көре алмай кетті. Дегенмен оның туындыға қосқан үлесін фильмнің титрінде арнайы көрсеттік.
– Алдымен осы жоба пайда болып, кейін оны үш ел бірігіп түсіруге шешім қабылдадыңыздар ма? Әлде әуел бастан Қазақстан, Ресей және Беларусь кинематографистерінің басын қосатын ортақ туынды жасау ойы болды ма?
«Жеңіс баласын» бастапқыда Қазақстанда, Беларусь табиғатына ұқсас орманды алқаптары бар Петропавл маңында түсіреміз деп жоспарладық. Бірақ шығынды есептей келе, түсірілімді Қазақстанда ұйымдастырғаннан гөрі Беларусьтің өзіндегі батпақты өңірлерге барып түсірген әлдеқайда тиімді екенін түсіндік.
Мәселе мынада: Қазақстанда Ұлы Отан соғысы туралы фильм түсіруге қажетті база қалыптаспаған. Арнайы салынған жертөлелер, сол кезеңге сай ауыл үйлері, көпірлер, қарауыл мұнаралары және басқа да дайын декорациялар жоқ. Реквизит те жеткіліксіз. Костюмдерді өзіміз тіктіріп, қару-жарақтың көшірмелерін арнайы жасатуымызға тура келер еді. Мұның бәрі қомақты шығынды қажет етеді. Қазақстанда тарихи фильмдер көбіне батырлар мен орта ғасырлар тақырыбына түсіріледі. Сондықтан мұндай жобаларға қажетті декорация, киім-кешек пен реквизит жағынан тәжірибе де, мүмкіндік те бар. Ал патшалық Ресей немесе Кеңес Одағы кезеңін арқау еткен фильм түсіргіңіз келсе, жағдай қиындай түседі.
Сондықтан түсірілімді Беларусьте өткізуге шешім қабылдадық. Қазақстанмен салыстырғанда онда фильм аз түсірілгенімен, кино өндірісіне қажетті база жақсы жолға қойылған: түсірілімге керектің бәрі дайын. Оның үстіне қазақстандық кинематографистердің Беларусьте Ұлы Отан соғысы тақырыбында фильм түсірген тәжірибесі бар. Мәселен, Бекболат Шекеров «1941 жылдың жазы» әскери фильмін сонда түсірген. Сондықтан жергілікті мамандармен бұрыннан байланыс орнаған еді.
Демек, Беларусьте түсіру туралы шешімге ең алдымен қаржы жағы әсер етті ғой? Әлде кезінде соғыс жүріп, шайқастар өткен жерлерде түсірудің де өзіндік маңызы болды ма?
Иә, әуелде Беларусьті таңдауға қаржы мәселесі себеп болды. Бірақ барғаннан кейін бұл шешімнің тағы бір ұтымды тұсын байқадық. Ондағы табиғаттың өзі соғыс жылдарын еске салады. Орман ішінде жүргенде сол бір ауыр кезеңнің табы әлі өшпегендей күй кешесің. Сондықтан таңдауымыз екі жағынан да тиімді болды: түсірілім шығынын азайттық әрі актерлер мен бүкіл шығармашылық топқа фильмдегі оқиғаны шынайырақ сезінуге мүмкіндік туды.



«Жеңіс баласы» фильмінен кадрлар
– Нағыз батпақтың ортасында түсірілім жүргізу қаншалықты қиын болды?
– Актерлер гидрокостюммен жұмыс істеді. Түсірілім алаңында дәрігерлер кезекшілік етіп, қауіпсіздік шараларын барынша қадағаладық. Оның үстіне қараша айындағы Беларусь батпағында ұзақ жүрудің өзі оңай емес. Күні бойы су кешіп жүресің, оның суы да таза емес. Сол себепті осы көріністерді түсіру бәрінен де қиынға соқты. Бірақ киноның табиғаты сондай: кейде жақсы кадр үшін қауіпті жерлерде де жұмыс істеуге тура келеді.
– Фильмді түсіру кезінде тағы қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?
– Басты қиындық – қаржы тапшылығы. Кино өндірісінде көп мәселенің шешімі қаражатқа келіп тіреледі. Мәселен, қаржының жетіспеуінен фильмді 9 мамырға дейін дайындап, прокатқа шығара алмадық. Сондықтан 3 қыркүйекті таңдадық. Бұл – Ресейде милитаристік Жапонияны жеңу және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына орай аталып өтетін Әскери даңқ күні.
Қаражат аз болғандықтан, сценарийдегі кейбір көріністерден де бас тартуға тура келді. Мысалы, фильмнің басында ұшақта түсірілетін эпизод болуы керек еді. Бірақ оған кететін шығынды есептеп, бұл ойымыздан бас тарттық. Шынымды айтсам, тарихи кино түсіру мұншалықты қымбат болады деп күтпедім. Бізге түсірілімнің дені табиғат аясында өткені жақсы болды. Қалада түсіргенде шығын әлдеқайда көбейер еді.
– Қандай шығындар сіздер ойлағаннан қымбатқа түсті?
– Ресейлік актерлердің қаламақысы және жұмыс уақыты созылған кезде төленетін үстеме ақы. Беларусьте кино саласы қызметкерлерінің құқығын қорғайтын кәсіподақтар белсенді жұмыс істейді. Қазақстанда мұндай жүйе әзірге толық қалыптасқан жоқ. Беларусьте әр маманның жұмыс уақыты мұқият есептеледі. Белгіленген мерзімнен артық жұмыс істесе, соған сай қосымша ақы төленуін кәсіподақ қадағалайды. Фильмді түсіріп болғаннан кейінгі өңдеу жұмыстары да едәуір қаражатты қажет етті. Кадрлардың түсін түзету мен компьютерлік графикаға бастапқыда ойлағанымыздан көп ақша жұмсалды. Жарнама шығыны да есептегенімізден асып кетті. Өйткені фильм бірнеше елде көрсетілетін болған соң, әр елде оны әртүрлі арна арқылы таныстыру қажет болды. Ақырында жалпы шығын жоспарланған бюджеттен 30 пайызға асып кетті.


«Жеңіс баласы» фильмінен кадрлар
– Фильмге актерлерді қалай таңдадыңыздар? Басты рөлге Әлихан Нұржауовтың бекітілуіне не себеп болды? Меніңше, Әлихан Қазақстан көрерменіне әлі кеңінен таныла қоймаған актер.
– Расында, «Жеңіс баласы» – Әлиханның үлкен кинодағы алғашқы елеулі жұмысы. Бұған дейін ол небәрі екі-үш телехикаяға түскен. Соның бірі – «140 балл». Ол телехикаяда бес жас актер ойнаған екен. Бесеуінің де жұмысын қарап шықтық, бәрі де көңілімізден шықты. Кейін «Жеңіс баласының» режиссері Айнұр Асқаровпен ақылдасқанда, ол Әлиханға бірден назар аударды. Артынша тәуелсіз кастинг-директорлардан актерлердің портфолиолары келе бастады. Бір қызығы, солардың бәрінде Әлихан бар. Осылайша таңдауымыз оған түсті. Меніңше, ол өзіне артылған міндетті өте жақсы алып шықты.
– Қалған актерлерді қалай таңдадыңыздар?
– Вася Копейкинді шақыруды өзім ұсындым. Меніңше, болашақта ол Ресейдің ең танымал актерлерінің біріне айналады. Оның болмысынан Василий Шукшинді еске салатын бір қасиет байқалады. Нағыз Сібірдің жігіті дерсің. Ол бір ғана амплуамен шектелетін актер емес. Қарақшыны да, полицейді де, партия қызметкерін де, металлург пен офицерді де шынайы сомдай алады. Жақында Вася басты рөлде ойнаған «Марик» телехикаясы жарық көрді. Онда да шеберлігін жақсы көрсетті. Юлия Лазовская – беларусь актрисасы, өте талантты. Кинода да, театрда да ойнайды. Беларусь киносында болашағы зор актрисалардың бірі деуге болады. Оның тағы бір ерекшелігі – жасын бірден шамалау қиын: он алтыда да, жиырма алтыда да, отыз алтыда да деуге болады. Актриса үшін мұндай ерекшелік сирек кездеседі. Юлияның табиғи келбеті де біз іздеген образға дәл келді. Оны алғаш көргенде-ақ «Батыл жүрек» мультфильміндегі басты кейіпкер – мінезді жирен шашты қыз көз алдымызға келді. Тарихи фильмде актердің табиғи келбеті ерекше маңызды. Джолидікіндей айқын бет сүйегі немесе ерінге жасалған гиалурон секілді қазіргі сұлулық үрдістері белгілі бір дәуірдің кейіпкерін сомдауға келе бермейді. Мұндай өзгерістерге жүгінетін адамдарды сынаудан аулақпын, әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ тарихи кезеңді бейнелейтін рөлге актер таңдағанда мұны ескеруге тура келеді. Ал Юлия біз іздеген образға барлық жағынан сай келді. Сондықтан оны рөлге бірден дерлік бекіттік.



«Жеңіс баласы» фильмінен кадрлар
– Көрермен фильмнен Қазақстан, Ресей және Беларусь актерлерінің басын қосқан ортақ жұмысты көреді. Ал үш елдің мамандары фильм өндірісінің тағы қандай жұмыстарына қатысты?
– Дыбыс Мәскеудегі «Мосфильмде», «Атмосфера» студиясында толық өңделді. Ондағы мамандар Ресейдің ғана емес, халықаралық ірі кинокомпаниялармен де жұмыс істейді. Фильмдегі дыбыстың сапалы шығуына олардың тәжірибесі көп көмектесті. Музыкасын ресейлік композитор Денис Суров жазды.
Режиссеріміз Айнұр Асқаров пен сценарий авторларының бірі Айдар Ақманов – Ресейдің Башқұртстан өңірінен. Қоюшы оператор Вадим Потеев пен қоюшы суретші Надежда Нечаева – Беларусь мамандары. Ал фильмді монтаждау және кадрлардың түсін өңдеу жұмыстары Қазақстанда атқарылды. Мәскеуде қала әкімдігі де бізге үлкен қолдау көрсетіп, сыртқы жарнама орналастыруға арнайы орындар бөлді.
– Бұл бірлескен жобадан продюсер ретінде қандай тәжірибе алдыңыз?
– Біріншіден, Ресейде фильмді прокатқа дайындау мен шығарудың барлық кезеңін іс жүзінде көріп, көп нәрсені үйрендім. Прокатқа рұқсат алу, фильмге ұлттық мәртебе беру секілді рәсімдердің өзіндік қиындығы бар екен. Бұл жағынан Ресейдің Мәдениет министрлігі бізге көп көмектесті. Әрине, бұрын істеп көрмеген дүниелер болған соң, бірден бәрін дұрыс атқара алмадық. Кей тұста қателестік, кейбір рәсімдерге ойлағаннан көп уақыт кетті. Есесіне осы жобадан мол тәжірибе жинадық. Енді Ресейде фильмді прокатқа шығару үшін қайда жүгіну керек, қандай құжат әзірленеді, қандай кезеңдерден өту қажет – соның бәрін жақсы білемін.
– Қазақстанда фильмді прокатқа шығару оңайырақ па?
– Біріншіден, Ресейде мұндай құжаттарды рәсімдеу кезінде фильм міндетті түрде қаралады. Яғни бұл жай ғана қағаз жүзіндегі рәсім емес, Ресейдің Мәдениет министрлігі әр туындымен нақты жұмыс істейді. Қазақстанда бұған дейін бұл мәселе көбіне назардан тыс қалып келді. Дегенмен қазір өзгеріс бар. Прокатқа шығатын фильмдерді алдын ала қарайтын комиссия құрылды. Әсіресе шетелден келетін туындыларға бақылау күшейген. Екінші бір ерекшелік – Ресейде кино мамандарының билікпен тікелей сөйлесіп, саладағы мәселелерді бірге талқылауына мүмкіндік бар. Премьер-министр Үкімет мүшелері мен кино мамандарының басын қосып, саланың жай-күйін бірнеше сағат бойы талқылай алады. Президент те Кинематографистер одағының төрағасы және мәдениет министрімен кездесіп, кино саласындағы мәселелерді сөз етеді. Қазақстанда мұндай деңгейдегі байланыс әзірге жолға қойылған жоқ. Соған қарамастан, елімізде ұлттық киноны мемлекет тарапынан қолдау аясы біртіндеп кеңейіп келеді. Қоғамдық маңызы бар тақырыптарға арналған фильмдер мен ұлттық кино жобаларына бюджеттен қаржы қарастырылады. Әзірге бөлінетін қаражат көп емес. Дегенмен оның есебінен деректі және анимациялық фильмдер, сондай-ақ жас режиссерлердің алғашқы қысқаметражды туындылары түсіріліп жүр.
– Қазір Қазақстанда рибейт жүйесін де іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Бұл тетікті алғаш рет Джеки Чан түскен «Құдайдың сауыты 4: Ультиматум» фильмі арқылы сынап көру жоспарланған. Түсірілім тобына Қазақстанда жұмыс істегені үшін жұмсаған қаражатының бір бөлігі қайтарылады деп үміттенеміз. Егер бұл жүзеге асса, рибейтті беру тәртібі іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні айқындалып, кейінгі жобаларда жүйені жетілдіруге мүмкіндік туады. Әзірге «Құдайдың сауыты 4» осы бағытқа алғаш жол ашатын жоба болып тұр.
– Басқа елдермен бірлескен жобаларды жалғастыру ойда бар ма? Қазір сондай фильмдер әзірленіп жатыр ма?
– Қазір бірнеше жаңа жобаны ойластырып жүрміз. Бірақ олар жайлы айтуға әлі ерте. Бір айтарым, қазір жаңа фильмнің идеясын таңдағаннан-ақ оның тек Қазақстан көрерменіне емес, Еуразия елдеріне де қызықты болуын ойластырамыз. Шымкенттегі көрерменге де, Мурманск пен Гроднодағы көрерменге де бірдей өтетін кино жасау, әрине, оңай емес. Бірақ соған ұмтылуымыз керек. Ол үшін кино саласының өкілдері өзара байланыс орнатып, ортақ жобаларды көбейтудің жолдарын бірге қарастырғаны жөн. Меніңше, қазақ киносының шетелдік көрерменге танылуына Еуразия елдерімен бірлескен жобалар жол ашады. Сондықтан мұндай фильмдерді жүйелі түрде қолдайтын тетік керек. Еуразиялық экономикалық одақ аясында арнайы қор құрылса, ол ортақ жобалардың жүзеге асуына қаржылай қолдау көрсетер еді.


«Жеңіс баласы» фильмінен кадрлар
– Енді Қазақстан киносының бүгінгі жағдайына тоқталсақ. Қазіргі қазақ киносына қандай сипаттама берер едіңіз?
– Қазір кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің шамамен 40 пайызы – отандық туындылар. Ал Ресей фильмдері жоқтың қасы. Бұған ел ішіндегі де, сыртқы да түрлі жағдайлар әсер етті. Голливуд фильмдерінің де бұрынғыдай үстемдігі байқалмайды, олардың орнын отандық кино біртіндеп басып келеді. Әрине, «Одиссея», «Өрмекші адам: Жаңа күн» секілді ірі жобалар көрермен жинап, жақсы табыс табады. Бірақ шетелдік фильмдер саны азайғаннан кейін бес жыл бұрынғыдай сапасы сын көтермейтін дүниелер де кинотеатрларымызға көптеп келе бермейтін болды. Оның орнына сапасы көңілден шықпайтын өз фильмдеріміз көбейген шығар. Бірақ әйтеуір өзіміздікі ғой, оған соншалықты қынжылмайсың. Қазақстанда әлі де ең көп көрілетін жанр – комедия. Дегенмен соңғы уақытта көрерменнің талғамы кеңейіп келеді. Қорқынышты фильмдер де, драмалар да өз аудиториясын тауып жатыр. Меніңше, көптеп кино түсіре бергеннің нәтижесі біртіндеп көріне бастады: санмен бірге сапа да өсіп келеді. Қазір Қазақстанда жақсы түсірілген, сапалы фильмдер аз емес. Оған біздің туындылардың Ресейдің стриминг платформаларына шыға бастағаны да дәлел. Мәселен, «Кинопоиск» қазақ тіліндегі фильмдерге арнайы бөлім ашты. Okko, Иви және «Кинопоиск» біздің фильмдерді көрсетумен ғана шектелмей, Қазақстандағы жаңа жобаларды түсіруге де қаржы сала бастады. Бұл, әрине, қуантады.
– Қазақстандағы кинофестивальдер мен питчингтердің бүгінгі деңгейі қандай? Жас авторларға өз жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік бере ме?
– Кинофестивальдер жағы әзірге көңіл көншітпейді. Олардың басым бөлігі мемлекет қаржысына өткізіледі, ал жеке қаражат есебінен ұйымдастырылатын фестивальдер бізде жоқтың қасы. Питчингтерге келсек, кино жобаларын қаржыландыратын Tolqyn Film Fund атты ірі венчурлік қор бар. Қор жаңа жобаларды тұрақты түрде іріктеп, авторларға өз идеясын таныстыруға мүмкіндік береді. Мемлекет те шамамен бір жарым жылда бір рет осындай байқау өткізеді. Бірақ мұның бәрі жаңа автордың киноға келуіне бірден жол ашатын жүйеге айналды деп айта алмаймын. Тағы бір қиындық – қаржының тым кеш бөлінуі. Қаражат қолыңа қажет кезінде тимесе, түсірілім кестесі де бұзылады. Мемлекеттік қаржыландырумен жұмыс істейтін топтардың кейде несие алуға мәжбүр болатыны да содан. Айталық, маған қысқы табиғат аясындағы көріністерді түсіру керек делік. Ал оған арналған қаражат мамырда түседі. Мамырға дейін күтсең, қыс өтіп кетеді. Сондықтан түсірілімді уақытында бастау үшін ақшаны басқа жерден іздеуге тура келеді. Негізі, қаржы түсірілімнің қажетіне қарай берілуі керек. Бізде керісінше, түсірілім кестесін ақшаның қашан түсетініне қарай құруға тура келеді.
– Фестивальдер мен питчингтер жас режиссерлерге мүмкіндік бермесе, олар киноға қалай келеді? Кәсіби білімді қайдан алады, алғашқы фильмін түсіруге қаржыны қайдан табады?
– Меніңше, биылдан бастап Қазақстандағы жас режиссерлердің көбі Higgsfield-ке бет бұруы мүмкін. Бұл – нарықтық құны 1 млрд доллардан асқан еліміздегі алғашқы «бірмүйізді» стартап. Компания жасанды интеллект көмегімен қысқа видеолар мен кескіндер жасауға арналған технологиялар әзірлейді. Ал бұл бағытты таңдамаған режиссерлер көбіне жарнама саласына кетеді немесе өз жобасына мемлекеттен не жеке инвесторлардан қаржы іздейді. Бірақ жасанды интеллект кино саласына мүлде жаңа мүмкіндіктер әкеліп жатыр. Меніңше, көп ұзамай жас режиссерлер алғашқы жобасын бастау үшін тек мемлекеттік қаржыға қарап отырмайтын болады. Қазірдің өзінде жасанды интеллектінің көмегімен болашақ фильмнің қандай болатынын көрсететін сапалы аниматикті көп шығынсыз жасауға болады. Ал қолыңда идеяңды сөзбен ғана емес, көрнекі түрде таныстыратын жақсы материал болса, инвестор табу да әлдеқайда оңай. Әрине, жасанды интеллект кәдімгі киноның орнын басады деп отырған жоқпын. Бірақ кино жасаудың мүмкіндігін кеңейтетін қуатты құралға айнала алады.
– Қаржы тапшылығынан бөлек, Қазақстан киносының дамуына тағы қандай мәселелер кедергі болып отыр?
– Біріншіден, түсірілім алаңында негізгі шығармашылық топтың жұмысын қамтамасыз ететін білікті мамандар тапшы. Фокус-пуллер, екінші режиссер, қоюшы суретші, сценарист, атқарушы продюсер секілді мамандар жетіспейді. Мұның бір себебі – елімізде кино мамандарын арнайы даярлайтын дербес жоғары оқу орнының болмауы. Қазір жекелеген университеттерде киноға қатысты білім беру бағдарламалары бар, бірақ бұл саланың сұранысын өтеуге жеткіліксіз. Сондықтан қазір кино мамандарын кәсіби даярлайтын ұлттық жоғары оқу орнын ашу жөніндегі бастаманы әзірлеп жатырмыз. Ол салаға қажетті мамандарды жүйелі түрде даярлайтын орталық болуы керек. Екінші мәселе – кино нарығындағы ашықтықтың жеткіліксіздігі. Бізде ЕАИС әлі енгізілген жоқ. Соның салдарынан кинотеатрларда нақты қанша билет сатылғанын, фильмнің кассадан қанша табыс тапқанын дәлелдейтін бірыңғай дерек жоқ. Мұндай жағдайда инвестор да қаржы салуға асықпайды.


«Жеңіс баласы» фильмінен кадрлар
– Егер дәл қазір, 2026 жылы продюсерлікке жаңадан келсеңіз, неден бастар едіңіз?
– Ең алдымен, көзқарасы мен мақсаты үндес адамдарды іздер едім. Кино да кәсіптің бір түрі, сондықтан істі бастау үшін бастапқы қаражат қажет. Киім дүкенін немесе азық-түлік дүкенін ашу тәуекелі азырақ шығар. Бірақ кинодан көбірек табыс табуға болады. Оның үстіне бұл істің берер әсері де бөлек. Жалпы, киноға келген адамның бұл саладан оңай кете қоймайды. Біз, киногерлер, бір жағынан «жынды» халықпыз ғой. Өзім бұл салада 15 жылдан астам уақыттан бері жүрмін. Бәрі London Film Academy-ді бітірген кезімнен басталды. Сол жерде білім алу бақыты бұйырғанына қуанамын. Өйткені киноны ескі мектептің нағыз шеберлерінен үйрендік. 16 миллиметрлік пленкаға түсіріп, оны өзіміз өңдейтінбіз. Сол ұстаздардан естіген ақыл-кеңестердің кейбірін әлі күнге дейін ұстанамын. Соның бірі – бірнеше міндетті бір адамға жүктемеу. Әр маман өз жұмысымен айналысуы керек. Бізге сабақ берген ұстаздардың бірі кезінде Стэнли Кубрикпен «Ғарыш одиссеясында» бірге жұмыс істеген еді. Ол үнемі: «Түсірілім алаңында ешкімді аямаңдар!» – дейтін. Оның айтпағы – топ шаршады деп тағы бір дубльден бас тартсаң, кейін монтажға отырғанда сол шешіміңе өкінуің мүмкін. Сондықтан түсірілім кезінде қажет кадрдың бәрін алып қалу керек. Сол сәтте үнемдеген күш пен уақыт кейін әлдеқайда көп шығынға ұрындыруы мүмкін.
– Ұстаздарымыз бізді жаңа есімдерден қорықпауға баулыды. Актер көпшілікке таныс болмаса да, бойынан кейіпкерге қажет қасиетті көрсең, оған мүмкіндік беру керек. Мәселен, біздің деканымыз бір кездері қысқаметражды фильміне әлі ешкім танымаған Роберт Паттинсонды түсірген. Кейін ол «Ымырт» арқылы әлемге әйгілі болды. Осылайша оның фильмографиясында болашақ жұлдыздың алғашқы жұмыстарының бірі қалды. Дев Пательдің де шығармашылық жолында осындай оқиға болған. Студенттердің бірі оны қысқаметражды фильмге шақырады. Бір жылдан соң Патель Дэнни Бойлдың «Оскар» иеленген «Миллионер из трущоб» картинасында басты рөлді сомдады. Бізге айтылатын басты кеңестің бірі осы еді: «Режиссерлік түйсігіңе сен. Актердің рөлге дәл келетінін көрсең, оны таңдаудан тайынба».
Продюсер ретінде қаншалықты талапшылсыз? Режиссермен келіспей, өз ұстанымыңыздан қайтпайтын кездер бола ма?
– «Жеңіс баласын» түсіргенде режиссер Айнұр Асқаров екеуміз бір-бірімізге толық сенсек те, кей мәселеде пікіріміз қабыспай қалатын. Бірақ продюсер режиссерге өз дегенін күштеп таңбауы керек деп есептеймін. «Жеңіс баласы» продюсердің бастамасымен жасалған жоба болғанымен, режиссердің де шығармашылық еркіндігін сақтағым келді. Сондықтан келіспей қалған тұстарда ортақ шешім табуға тырыстық.
Жалпы, режиссерлер продюсермен тіл табысып жұмыс істеуді де үйренуі керек. Продюсер не айтса, соған көне беру дұрыс емес, бірақ өз дегенінен мүлде қайтпай қою да жөн емес. Өйткені продюсер фильмнің алғашқы идеясынан бастап, көрерменге жеткенге дейінгі барлық жұмысқа жауап береді. Ал режиссер жобаға түсірілімнің белгілі бір кезеңінде қосылып, өз міндетін аяқтаған соң жұмыстан шығады. Кейде дайын фильмді содан кейін кинотеатрдан ғана көруі мүмкін. Сондықтан режиссер продюсердің пікіріне де құлақ асып, қажет жерде икем таныта білуі керек. Екеуінің көзқарасы үйлеспей қалған жағдайда, бір-біріне өз дегенін өткізуге емес, фильмге тиімді шешім табуға ұмтылғаны дұрыс.
– Қандай жағдайда режиссермен жұмысты біржола тоқтатар едіңіз?
– Айтылған орынды сын мен ұсыныстарға үнемі құлақ аспай, жұмысына жауапсыз қарайтын болса, сондай шешімге баруым мүмкін. Жалпы, кинода жүрген адамдарды екіге бөлемін: бірі – киноны шын беріліп жасайтындар, екіншісі – бұл салаға тек табыс көзі ретінде қарайтындар. Соңғылары кино саласында ұзақ жыл жүруі мүмкін, бірақ көп жағдайда соңында із қалдыратын дүние жасай алмайды. Ал бұл іске шын берілгендер кино үшін көп нәрсеге дайын. Түсірілімнің бар ауыртпалығын көтеріп, соңына дейін жанын салады. Есесіне олардың қолынан жай ғана кезекті фильм емес, көрерменнің есінде қалатын туынды шығады.

«Жеңіс баласы» фильмінің түсірілім тобы Мәскеудегі премьерада. РФото: Роман Лукьянов




