Евразия24Не болдыСұлулықтың соңы соқырлыққа ұласты: жалған дәрігер әйелдің көзін зақымдады

Сұлулықтың соңы соқырлыққа ұласты: жалған дәрігер әйелдің көзін зақымдады

|

|

Шымкентте сәтсіз жасалған блефаропластикадан кейін пациенттің бір көзі көрмей қалған. Ота жасаған «пластикалық хирург» 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Кейін оның медициналық процедураны жүргізген кезде маман сертификаты да, тиісті лицензиясы да болмағаны анықталды.

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, сот оны Қылмыстық кодекстің 322-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған.

«Сот оған 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, 3 жыл мерзімге медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан айырды. Абай ауданының прокуратурасы тиісті лицензиясы мен біліктілігі жоқ адамдарға жүгіну адамның өмірі мен денсаулығына ауыр зардап әкелуі мүмкін екенін ескертеді», – делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.

Өкінішке қарай, бұл оқиғаның салдары қайтымсыз болды. Сондықтан прокуратура медициналық қызмет алатын маманды таңдағанда азаматтарды мұқият болуға шақырып отыр.

Қазір әлеуметтік желіде өзін маман ретінде таныстыратын блогерлер, түрлі «сарапшылар» мен коучтар көбейді. Соның арасында сырт көзге кәсіби мамандай көрінгенімен, іс жүзінде тиісті білімі мен біліктілігі жоқ адамға тап болу да оңай. Жарнамасы тартымды, сөзі сенімді, ал қызметін «арзанырақ әрі әдемі жасап беремін» деп ұсынған адамға сеніп қалу қиын емес. Алайда дәл осындай уәделер кейде адамды қауіп-қатерді естен шығарып, денсаулығына қатысты маңызды шешімді асығыс қабылдауға итермелеуі мүмкін.

Мәселе тек косметологияда емес. Бұған дейін де медициналық білімі барын алға тартып, өзін «емші» ретінде таныстырған адамдарға денсаулығын сеніп тапсырған жағдайлар болған.

2025 жылы Маңғыстауда медбике болып жұмыс істеген, бірақ өз бетінше медициналық қызмет көрсетуге рұқсаты болмаған әйел үйінде «халықтық ем» жүргізген. Осындай емнің бірінен кейін пациент қайтыс болды. Сот жалған емшіге 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

2023 жылы Астанада тиісті рұқсат құжаттары жоқ азамат дәстүрлі емес шығыс медицинасымен айналысқан. Ол пациенттердің біріне лицензияланбаған препарат еккен. Соның салдарынан науқаста анафилаксиялық шок болып, ол көз жұмды. Кейін бұл іс бойынша сот үкімі шықты.

Демек, маман таңдағанда әдемі безендірілген кабинетке, желідегі мақтау пікірлер мен қызметтің қолжетімді бағасына ғана сену жеткіліксіз. Заңсыз медициналық қызметтің соңы әрдайым қайғылы аяқталмайтыны анық. Алайда тиісті құжатсыз ем жүргізетін жалған мамандарға жүгіну денсаулық пен өмірге төнетін қауіпті арттырады. Сондықтан өз денсаулығын біреуге сеніп тапсырмас бұрын оның білімі, біліктілігі және медициналық қызмет көрсетуге заңды құқығы бар-жоғын тексерген жөн.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Трамп жеңілісінен кейін АҚШ саясаты қалай өзгереді?

 АҚШ-та өткен аралық сайлау Республикалық партия кандидаттарының ойсырай жеңілуімен аяқталды. Демократиялық партия Сенат пен Өкілдер палатасының екеуінде де басымдыққа ие болды. Штат губернаторларын сайлау нәтижелері әзірге толық шығарылған жоқ. Дегенмен бұл сайлауда да демократтардың айтарлықтай басымдыққа қол жеткізетініне күмән жоқ. Енді Трамптың саяси қарсыластары оның ішкі және сыртқы саясаттағы бастамаларына заңнамалық деңгейде тосқауыл қоюға толық мүмкіндік алды. Республикашылардың жеңіліске ұшырауының себебі айқын: президенттік мерзімінің алғашқы екі жылында Трамп сайлаушылардың үмітін жүйелі түрде ақтамады. Ол 2024 жылғы президент сайлауына нақты міндеттерді жүзеге асыруға уәде беріп қатысқан еді. Атап айтқанда:

Қазақстан мұнай өндірісінің көлемін көбейтуді жоспарлап отыр

Қазақстан 2027 жылы мұнай өндіру көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. «Әзірге (2026 жылы – ҚазТАГ) жоспарға сай жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 96 млн тонна мұнай өндіру көзделген. Келесі жылдың көрсеткішін қазір нақтылап жатырмыз.

Каспийдегі әскери қызметшілердің өлімі: Бас прокуратура тергеу барысын жариялады

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ІІМ-нің әскери-тергеу органдары қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.

Жекпе-жек чемпионы Ұлттық ұланның арнайы жасағына қабылданды

Бүркіт» арнайы жасағына тұңғыш рет әйел әскери қызметші қабылданды. «Китана» лақап атымен танылған Қымбат бұған дейін халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап келсе, енді еліміздегі ең таңдаулы арнайы жасақтардың бірінің жауынгері атанды.