КазТАГ мәліметінше, Қазақстанда шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктерін аккредиттеу тәртібіне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Сыртқы істер министрлігі әзірлеген жоба халықаралық тәжірибені ескере отырып, шетелдік БАҚ өкілдерін аккредиттеу тәртібін жетілдіруді көздейді. Ұсынылған өзгерістер қолданыстағы рәсімдерді ретке келтіріп, аккредиттеуден өту талаптарын барынша түсінікті әрі ашық етуге бағытталған. Сонымен қатар БАҚ өкілдерінің кәсіби дербестігі сақталады. Сыртқы істер министрлігі құжаттың қабылдануы құқықтық, әлеуметтік немесе экономикалық тұрғыдан кері салдарға әкелмейтінін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге теріс әсер етпейтінін мәлімдеді.
Еуразия24 пікірі:
Ақпаратты оқып шыққанымызбен, нақты не өзгеретінін түсіну қиын. Хабарламада оның егжей-тегжейі айтылмаған. Қолданыстағы ереженің қай талаптары қайта қаралады? Шетелдік БАҚ редакцияларына қандай жаңа талаптар қойылады? Аккредиттеуден бас тартуға немесе оны тоқтатуға қандай жағдайлар негіз болады? Әзірге бұл сұрақтарға жауап жоқ. Мұндай сауалдардың туындауы орынды. Қазіргі тәртіп бойынша шетелдік БАҚ өкілдіктеріне аккредитация бес жылға беріледі, ал журналистер тұрақты немесе уақытша аккредитациядан өте алады. Жалған немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет ұсыну, Қазақстан заңнамасын бұзу аккредитациядан бас тартуға немесе оны тоқтатуға негіз болуы мүмкін. Кейбір жағдайда сот шешімі де ескеріледі. Енді Қазақстан бұл тәртіпті қалай өзгертпек? Егер жаңа ережеде БАҚ-тың қайдан қаржыландырылатыны, немен айналысатыны немесе шетелдік құрылымдармен байланысы Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат беру кезінде маңызды өлшемге айналса, мұны басқа елдерде қолданылатын «шетелдік агенттер» туралы заңнамамен салыстыруға негіз пайда болуы мүмкін. Қазақстанда мұндай заң қабылданған жоқ. Сондықтан нақты қандай өзгеріс болатынын жаңа ереже жарияланғаннан кейін ғана бағалауға болады.




