Байқаушылар Конгреске өткен аралық сайлаудан кейін АҚШ Иран мен Йемендегі хуситтерге қарсы әскери қимылдарын қайта бастайды деп болжайды. Пентагон мен Израильдің Қорғаныс армиясы бәрін келісіп қойған, енді Ақ үйдің саяси шешімін күтіп отыр. Ормуз бен Баб-эль-Мандеб бұғаздарын АҚШ бақылауына алу үшін Дональд Трамп қандай да бір тың тәсіл ұсына ала ма? Екіталай. Әлем үшін айрықша маңызды осы екі теңіз жолы соңғы бірнеше ғасырда не көрмеді дейсіз.
1414 жылы Мин империясының флот қолбасшысы әрі дипломаты Чжэн Хэ алыстағы державаның теңіздегі әскери қуатын Ормузда қалай таныта алатынын көрсетті. Оның қол астында 300-ге жуық (үш жүзге жуық!) кеме болған. Кейін ол Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы Қызыл теңізге өтті.
Чжэн Хэ бұғаздарды өз бақылауына алмағанымен, Қытайдың өңірдегі саудадағы орнын нығайтты. Бұған флоттың айбынын таныту да, екі жаққа да тиімді сый-сияпат алмасу да ықпал етті. Қытайдан әкелінген алуан түрлі тауарға жергілікті жұрт қызығушылық танытты, әсіресе жібек пен фарфор сұранысқа ие болды.
Қытай теңізшілері бұл сапарларында Ормузда да, Арабия түбегінің жағалауында да отар құрған жоқ. Чжэн Хэ осы өңірде араб, парсы, үнді және Шығыс Африка көпестері бұрыннан қалыптастырған сауда жүйесіне қосылды. Бұл ауқымды жорықтар алып флотты алыс сапарға аттандыра беруге империяның да шамасы шектеулі екенін көрсетті. 1430-жылдары Мин империясы флотқа бұрынғыдай қаржы бөлуді тоқтатты.
Португалдар теңіздегі ұрыста жаңа тәсіл қолданып, ауыр зеңбіректермен қаруланған кемелерінің күшімен әлдеқайда қатал әрекет етті. 1513 жылы Афонсу де Албукерки Қызыл теңізге кіретін жолды бақылауға алу үшін Аденге шабуыл жасады.
Алайда құрлықта орналасқан, айналасын тік таулар қоршаған бекіністі қаланы ол ала алмады. Сөйтіп, португал теңізшісінің осы жорығы 2026 жылдан бірнеше ғасыр бұрын-ақ теңізде үстем болудың өзі құрлықта бірден жеңіске жеткізе бермейтінін көрсетті.
1515 жылы Албукерки Ормуз қаласын басып алып, «картас» деп аталатын ақылы рұқсат қағазын енгізді. Онсыз бірде-бір кеме бұғазда сауда жасай алмайтын. Бұл тәртіпке бағынбағандарды тұтқындап, құлдыққа сататын. Демек, Тегеран 2026 жылы бір кездері қолданылған осы тәсілді жаңа тарихи жағдайда қайталады.
1622 жылы Ирандағы Сефевилер әулетінің әскері ағылшын Ост-Үнді компаниясының кемелерімен бірлесіп, португалдарды Ормуздан ығыстырып, еркін саудаға жол ашты. Бұғазды өз бақылауына алу үшін Оман, Осман империясы мен Нидерланд та күресті. Өңірдегі жағдай күрделі еді. Порттарды жергілікті билеушілер басқарғанымен, теңіз жолдарында Еуропадан келген кемелер де маңызды рөл атқарды.
Нидерландтар Йемендегі Мокка қаласын басып алған соң, кофе ағаштарын жасырын түрде Индонезияның Ява аралына алып кетті. Осылайша Йемен кофе саудасындағы монополиясынан айырылды. Бұл оқиға саудадағы басымдықтың кімге өтетінін тек зеңбірек пен күш қолдану ғана шешпейтінін көрсетті. Егіншілік тәсілін меңгеріп, дақылды басқа жерде өсіру де сауданың бағытын өзгерте алады.
1839 жылы ағылшындар Аденді басып алып, Баб-эль-Мандеб бұғазында үстемдікке ие болды. Кейін Аденде бу кемелеріне көмір тиейтін бекет ашылып, Үндістанмен байланыс орнату үшін теңіз түбімен кабельдер тартылды. 1869 жылы Суэц каналы ашылған соң, Ұлыбританияның өңірдегі ықпалы одан әрі күшейді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбританияның орнын АҚШ басты. Америкалықтар өңірде әскери базалар құрып, авианосец бастаған кеме топтарын орналастырды. Парсы шығанағындағы елдерге мұнайға айырбас ретінде қару-жарақ сатты.
Трамптың 2026 жылы ақпанда бастаған соғысы АҚШ-тың аса маңызды екі теңіз жолындағы – Ормуз бен Баб-эль-Мандеб бұғаздарындағы үстемдігіне іс жүзінде нүкте қойды.
Тарих көрсеткендей, сырттан келген мемлекет теңіз жолдарын өз бақылауына алғанымен, ондағы үстемдігін ұзақ сақтай алмайды. Мәселен, Мин әулеті билеген тұста Қытай өз флотынан бас тартты. Португалия әскери қысымға төтеп бере алмай, Ормуздан айырылды. Нидерландтарды да өңірден ығыстырды. Ал геосаяси күштердің арақатынасы өзгерген соң, Ұлыбритания Аденнен кетті.
Үстем державалар өз шамасынан артық күш жұмсап, технология жаңарып, өңірдегі одақтардың құрамы өзгергенде, басымдық та бір елден екіншісіне ауысады.
Иранға да, хуситтерге де авианосецтерден құралған флоттың қажеті жоқ. Ал АҚШ пен Израильдің тарихтың осы беталысын өзгерте алатындай амалы бар деу қиын.




