Қазақстанда дәрі-дәрмек жалпы инфляциядан әлдеқайда жылдам қымбаттап жатыр. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі әрбір төртінші препараттың бағасы төмендегенін мәлімдейді. Бұл қайшылық 3 қарашада халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралған үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында байқалды. Дегенмен шенеуніктер тек баға жайын сөз еткен жоқ. Олар мемлекеттік сатып алуда миллиардтаған теңге үнемделгенін айтып, жаңа фармацевтикалық өндірістер ашылатынын, тегін дәрі-дәрмекпен қамту аясы кеңейіп, цифрлық бақылау күшейетінін хабарлады. Мұның бәрі, сөзсіз, маңызды. Бірақ қазақстандықтар осы қамқорлықтың игілігін көре ме? Мәселенің мәніне үңіліп көрейік.
Баспасөз конференциясында журналистер Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап, дәрі-дәрмектің бір жылда 21,6%-ға қымбаттағаны туралы деректерді келтірді. Ал жалпы инфляция 9,8%-ды құрап отыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сұрақ қойған БАҚ өкілдері халық жиі қолданатын кейбір дәрілердің бағасы өзгелерге қарағанда көбірек өскенін мысалға келтірді. Атап айтқанда, парацетамол 50%-ға, «Но-шпа» 57%-ға, аспирин 65%-ға жуық қымбаттаған. Тамыз айындағы статистикаға негізделген бұл көрсеткіштер алғаш рет қыркүйекте жарияланған еді.
Алайда үкімет отырысының өзінде денсаулық сақтау министрі мүлде басқа мәліметтерді баяндады.
«Қазақстанда 3 мыңнан астам дәрі-дәрмек атауының 799-ы арзандаған. Бұл жалпы санының 26%-ын құрайды. Демек, препараттардың төрттен бірінен астамының бағасы төмендеді», – делінген үкіметтің Telegram арнасындағы жарияланымда.
Ал Ақмарал Әлназарова министрліктің басты міндеті «әрбір қазақстандық үшін сапалы әрі қауіпсіз дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыру» екенін атап өтті. Адамдар өзіне қажетті дәрілерді қолайлы бағамен сатып ала алуы керек. Бұған біз де толықтай келісеміз.
Оның үстіне, министрдің мәлімдеуінше, бағасы мемлекеттік реттеуден босатылған препараттардың 90%-ы арзандаған. Бұл санатқа рецептсіз берілетін барлық дәрі-дәрмек пен құны 1 АЕК-тен төмен рецептілік препараттар жатады.
Сонда қисынға келмейтін жағдай туындап отыр: статистика дәрі-дәрмектің қымбаттағанын көрсетсе, салалық министрлік бағаның тұрақты екенін немесе төмендегенін айтады.
Үкімет отырысынан кейін журналистер Әлназаровадан осы алшақтықтың себебін түсіндіруді сұрады. Министр мұны есептеу әдістемелерінің айырмашылығымен байланыстырды. Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросы бағаны іріктеп бақылау әдісін қолданады. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің цифрлық таңбалау жүйесі әр өңірдегі және нарықтың түрлі қатысушыларындағы дәрі бағасын қадағалауға мүмкіндік береді.
«Екі мекеменің есептеу әдістемесі әртүрлі. Дегенмен халыққа бір дереккөзден объективті ақпарат берілуі керек», – деп түсіндірді министр. Сондай-ақ ол бірнеше кеңестен кейін ведомстволар статистиканы цифрлық деректер негізінде қалыптастыру үшін Ұлттық статистика бюросына таңбалау жүйесіне қолжетімділік беруге келіскенін айтты.
Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының көрсеткіштері бір-бірінен түбегейлі ерекшеленеді. Статистика бюросы тұтыну бағасының өзгерісін бақыласа, министрлік бағасы төмендеген дәрі атауларының санын есепке алады. Демек, 799 препараттың арзандауы халықтың дәрі-дәрмекке жұмсайтын орташа шығыны азайды дегенді білдірмейді. Өйткені бәрі нақты қай дәрінің қаншалықты арзандағанына және оны халықтың қаншалықты жиі сатып алатынына байланысты.
Бұған қоса, біздің пайымдауымызша, цифрлық таңбалаудың өзі инфляцияны дәлірек бағалауға кепіл бола алмайды. Әрине, ол дәрі-дәрмектің айналымы мен бағасы туралы көбірек мәлімет береді. Бірақ тұтыну инфляциясын есептегенде халықтың қандай дәрілерді қандай үлеспен сатып алатынын, сату көлемін және салыстырылатын препараттардың өзара сәйкестігін ескеру маңызды. Ақпараттық жүйелерді біріктіру ведомстволардың есебіндегі қолайсыз алшақтықты жай ғана жоюға емес, статистиканың шынайылығын арттыруға сеп болса игі.
Түптеп келгенде, халық үшін мемлекеттің парацетамол бағасын қандай әдіспен есептегенінен гөрі, дәріханада оған қанша ақша төлейтіні маңызды.
ТЕГІН БЕРІЛЕТІН ДӘРІЛЕР ТІЗІМІ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ
Созылмалы ауруы бар науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – Қазақстанда көптен бері шешімін таппай келе жатқан түйткіл. Әйтпесе премьер-министр осы саладағы мәселелер үшін Денсаулық сақтау министрлігіне сын айтпас еді.
«Әрбір пациент қандай дәрілердің тегін берілетінін, оларды қай жерден, қашан алуға болатынын және қиындық туындаса, қайда жүгіну керегін білуге тиіс. Сондай-ақ бұрын қабылдап жүрген дәрісі басқа өндірушінің препаратымен ауыстырылса, оның себебі мен жаңа дәріні қолдану тәртібі түсінікті тілмен түсіндірілуі қажет. Бұл әсіресе ұзақ уақыт немесе тұрақты емделуге мұқтаж балалардың ата-аналары үшін маңызды. Ақпараттың жеткіліксіздігі мен әкімшілік рәсімдер ауыр дертке шалдыққан науқасқа қосымша қиындық туғызбауы керек. Денсаулық сақтау министрлігі осы қағиданы басшылыққа алуға тиіс», – деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Ақмарал Әлназарова амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесіне 14 ауруды емдеуге арналған 22 жаңа препарат енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар қолданыстағы тізбеден 26 ауру бойынша 52 препарат алынып тасталған. Министрлік мұны кейбір дәрілерге сұраныстың аздығымен және тиімділігінің жеткіліксіздігімен түсіндірді. Алайда бұл препараттардың толық тізімі әзірге бөлек жарияланған жоқ. Ал 2026 жылғы мамырда бекітілген, 2027 жылға арналған толық тізбемен осы жерден танысуға болады.
Мемлекет тегін дәрі-дәрмек беру жүйесін цифрландыруда едәуір ілгеріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы электрондық рецептпен берілетін дәрілердің үлесі 82%-ға жеткен. Бұл көрсеткішті тексеруге мүмкіндігіміз жоқ, дегенмен статистикаға күмән келтіруге де негіз жоқ. Ал халық үшін аса маңызды осы салада ашықтықтың арта түскені қуантады. Қыркүйекте ғана біз дәріханалар мен емханалардың тегін берілетін дәрілерді сатқаны әшкереленіп, оларға қомақты айыппұл салынғаны туралы жазған едік.
Ал 30 қазанда Денсаулық сақтау министрлігі Алматыда Фармация комитеті прокуратурамен бірлесіп, тегін препараттардың бөлшек саудада сатылу фактілерін тексеріп жатқанын хабарлады.
«…дәрі-дәрмек тапшылығын алдын ала анықтап, препараттарды медициналық ұйымдар арасында жедел қайта бөлу және емнің үзілуіне жол бермеу қажет. Сатып алынған дәрілер бола тұра, пациенттердің оларды уақтылы ала алмауына немесе өз қаражатына сатып алуына жол беруге болмайды», – деп премьер-министр үкімет отырысында атап өтті.
Үкімет басшысының Денсаулық сақтау министрлігіне қойған талаптары миллиондаған қазақстандықтың мүддесіне тікелей қатысты.Ресми деректерге сәйкес, 2019–2025 жылдар аралығында тегін дәрі алатын пациенттер саны 2,5 миллионнан 3,4 миллион адамға дейін көбейген. Ал жыл сайын бөлінетін қаржы 83 млрд теңгеден 272,9 млрд теңгеге дейін өскен.
ДӘРІ ҚАПТАУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙ, ТОЛЫҚҚАНДЫ ӨНДІРІС ҚҰРУ
Үкімет отырысында отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселесі де талқыланды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі 37%-ға өскен. 2026 жылдың сегіз айында 157 млрд теңгенің фармацевтикалық өнімі шығарылған. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен шамамен 30%-ға артық. Соңғы екі жылда салаға салынған инвестиция 3,3 есе, ал экспорт 1,9 есе артқан.
Қазақстандық өнімді сатып алатын елдер қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Молдова бар. Жаңа нарықтарға шығудың бір мысалы – Шымкентте өндірілген, қант диабетін емдеуге арналған ситаглиптин препаратының алғашқы партиясының Болгарияға жеткізілуі.
Қазақстан алдағы уақытта отандық фармацевтикалық өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Денсаулық сақтау министрлігі жалпы құны 862 млн доллар болатын сегіз инвестициялық жоба бойынша келісімдер жасасты.
Олжас Бектенов отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту шетелден әкелінген өнімді өлшеп бөліп, қаптаумен шектелмеуге тиіс екенін атап өтті.
«Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды тек өлшеп бөліп, қаптаудан толық өндіріс цикліне көшу стратегиялық міндетке айналуға тиіс», – деді премьер-министр. Ол инвестициялық келісімдерге қол қоюмен шектелмей, жобаларды нақты іске асыруға, жаңа өндіріс орындарын салуға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтуге көшуді талап етті.
Үкімет басшылығының алаңдауы түсінікті: Қазақстан дәрі-дәрмекті өзінде неғұрлым көп өндірсе, шетелдік жеткізушілерге тәуелділігі соғұрлым азаяды. Жеткізілімнің іркілу қаупі төмендеп, ішкі нарықты дәрімен қамту тұрақтана түседі. Бірақ мұның бәрі – алдағы күннің еншісінде. Ал әзірге…
Дәрі-дәрмек бағасының өсуін тежеу әрекеттеріне қарамастан, инфляция әлі де дес бермей тұрғандай. Біздіңше, бағаны бақылаудың екі мемлекеттік әдістемесінің қайсысы тиімді екенін анықтаудан бұрын, созылмалы ауруы бар бір науқастың емделуіне бүгінде қанша қаражат жұмсалатынын және бұл соманың жылдан-жылға қалай өзгеретінін есептеген жөн. Науқасқа міндетті түрде қажет дәрілер жиынтығы үнемі қымбаттай берсе, ақысын мемлекет төлей ме, әлде пациент өзі өтей ме – бағаны тежеу шаралары әзірге нәтиже бермей отыр деген сөз.
Кеңес өткізіп, әдістемелерді жетілдіріп, өндірісті ұлғайтып, сатып алудан миллиардтаған теңге үнемдеп, цифрландыру жетістіктерін тізбектей беруге болады. Бірақ соның бәрін атқара жүріп, басты мақсатқа жақындай алмауымыз да мүмкін. Емнің шын мәнінде қолжетімді болуы нарықтағы дәрілердің санымен де, ведомстволық есептердегі жетістіктермен де өлшенбейді. Оның өлшемі – әрбір қазақстандықтың қажетті емді уақтылы әрі қолайлы бағамен алу мүмкіндігі.




