Евразия24Не болдыӨзгенің баласын өз атына жаздырған ер адам енді одан бас тарту үшін...

Өзгенің баласын өз атына жаздырған ер адам енді одан бас тарту үшін Конституциялық сотқа жүгінді

|

|

Астанадағы Конституциялық сотта судья-баяндамашы Айжан Жатқанбаеваның төрағалығымен баланың анасымен ажырасқаннан кейін өзінің әкелігін даулап отырған ер адамның өтініші қаралып жатыр. Ол баланың биологиялық әкесі емес.

«Өтініш материалдарына сәйкес, өтініш беруші баламен биологиялық туыстығы жоқ екенін біле тұра, оның әкесі ретінде жазылуға өз еркімен келіскен. Неке бұзылғаннан кейін ол баланың туу туралы акт жазбасынан өзі туралы әкесі ретінде көрсетілген мәліметтерді алып тастау жөнінде сотқа талап қойған. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар дауланып отырған заңнама нормаларын басшылыққа алып, талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Соттар оның әкелікті өз еркімен мойындағанын және бұл шешімді еркін қабылдау құқығы бұзылғанын растайтын дәлелдер жоқ екенін негізге алған», – деп хабарлады Конституциялық сот.

Бұл істе әкелікті даулау тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 51-бабы 2-тармағының бірінші бөлігі мен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 15-тармағының бірінші абзацы Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеріліп жатыр.

«Дауланып отырған ережелерге сәйкес, егер адам баланың тууын тіркеу кезінде оның биологиялық әкесі емес екенін білген болса, оның өз әкелігін даулау туралы талабы қанағаттандырылмайды», – делінген хабарламада.

Ал өтініш берушінің пікірінше, заңнама нормалары баланың анасымен ажырасқаннан кейін де оған «баланы асырау мен тәрбиелеу жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттер жүктеп, өзге де заңдық салдар туындатады».

Бұл іс бірнеше сұрақ туғызады. Ер адам баланың өзінен тумағанын біле тұра, оның әкесі ретінде жазылуға келіскенде, қандай жауапкершілік алғанын түсінді ме? Әлде баланың анасымен некеде тұрған кезде ғана әке болып, ажырасқан соң бұл міндеттен бас тарта аламын деп ойлады ма? Сонда отбасы болып тұрғанда «өзінікі» саналған бала ажырасқаннан кейін «бөтен» болып қалғаны ма?

Қазақстан заңнамасы бұл жағдайда баланың құқығын қорғайды. Өйткені ересектердің өз шешімін өзгертуінің зардабын бала тартпауы керек. Ер адамның баланың анасымен ажырасуы баланы заң жүзінде әкесі болып танылған адамнан айыруға негіз болмауға тиіс. Әйтпесе әкелікті мойындау ересек адам өз қалауынша кез келген уақытта бас тарта салатын міндетке айналар еді. Бала – ажырасқанда бөліске түсетін немесе одан бас тартуға болатын ортақ мүлік емес.

Басқа елдерде де осыған ұқсас ұстаным қалыптасқан. Дегенмен әкелікті даулау тәртібінде бірқатар айырмашылық бар.

Мәселен, АҚШ-та жалпы федералдық талапқа сәйкес, әкелікті ерікті түрде мойындаудан 60 күн ішінде бас тартуға болады. Осы мерзім өткеннен кейін әкелікті мойындау кезінде алдау, мәжбүрлеу немесе істің мән-жайына қатысты елеулі қателесу болған жағдайда ғана оны сотта даулауға мүмкіндік беріледі. Оның өзінде баламен биологиялық туыстықтың болмауы әкелік міндеттерден міндетті түрде босатады деген сөз емес. Бұған Нью-Йорк сотының 2020 жылғы 20 мамырдағы шешімі мысал бола алады. Ер адам баланың биологиялық әкесі басқа адам болуы мүмкін екенін біле тұра, оны өз баласы ретінде ерікті түрде мойындаған. Сот оның әкелігін жою туралы талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

Дегенмен заң шығарушыға қояр сұрақ бар: баланың мүддесін қорғау үшін болса да, ересек адамның құқығын ешбір ерекшелікке жол берместен шектеу орынды ма? Осы құқықтық қайшылыққа Конституциялық сот баға беруге тиіс.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Еңбек министрлігі: сынақ мерзімі жалақы төлемеуге негіз емес

Жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдағанда оның кәсіби дағдыларын және тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Алайда сынақ мерзімі азаматтардың еңбек құқықтарын шектемейді.

Британдық сарапшылар қазақстандық ЖИ жобаларының келешегін бағалады

Қазақстан өнеркәсіпке арналған жасанды интеллект әзірлеуге қатыса алады – британдық басылым. Жасанды интеллект Қазақстанның ақпараттық технологиялар саласын ғана емес, экономиканың негізгі салаларын да өзгерте алады.

Еуропаның қор индекстері төмендеп жатыр

АҚШ-тың Ирандағы Кешм аралына шабуыл жасағаны туралы хабарлардан кейін мұнай бағасы көтеріліп, сейсенбі күні Батыс Еуропаның ірі елдеріндегі акциялар нарығы төмендеді.

Еурокомиссия басшысы экологиялық таза экономикаға көшуді Еуропа тәуелсіздігінің кепілі деп санайды

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың экологиялық таза экономикаға көшу бағытынан айнымайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл – Еуропа тәуелсіздігінің кепілі.