Брюссель. 3 қараша. ИНТЕРФАКС – Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың экологиялық таза экономикаға көшу бағытынан айнымайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл – Еуропа тәуелсіздігінің кепілі.
«Мұнай мен газды сырттан сатып алу арқылы біз өзімізді күйзелістер мен дағдарыстарға да тәуелді етуіміз мүмкін. Сондықтан «таза» экономикаға көшу климатты қорғаумен ғана шектелмейді. Бұл – Еуропаның бәсекеге қабілеттілігі мен тәуелсіздігіне қатысты мәселе», – деді Еурокомиссия басшысы сейсенбі күні Брюссельде өткен WinWin Brussels Summit жиынында.
Жыл сайын өтетін бұл беделді іс-шара озық технологияларды дамыту және Еуропаның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ортақ стратегиясын қалыптастыру мәселелерін талқылауға арналған. Оған стартап негізін қалаушылар, инвесторлар мен саяси көшбасшылар қатысады.
«Биыл біз климат өзгерісінің жойқын зардаптарына тағы да куә болдық: құрғақшылық, орман өрттері мен су тасқындары болды. Сонымен бірге сырттан жеткізілетін қазба отынға тәуелділіктің қаншалықты қымбатқа түсетінін көрдік. Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайға байланысты Еуропа қазба отын импортына қосымша 127 млрд еуро жұмсады. Бірақ осы шығынға қарамастан, алған энергия көлемі титтей де артқан жоқ», – деді фон дер Ляйен.
Ол Еурокомиссияның Еуропаны 2050 жылға қарай «климаттық бейтараптыққа қол жеткізген алғашқы құрлыққа» айналдыру жөніндегі ұстанымын қайталады. Еурокомиссия басшысы ЕО осы мерзімге дейін Еуропадағы шығарындыларды 90%-ға қысқартуға міндеттеме алғанын атап өтті.
«2021 жылдан бері Еуроодақ аумағындағы тұрақты даму жобаларына 1,2 трлн еуродан астам инвестиция салынды. Мұндай инвестициялар үшін ұзақ мерзімді саясаттың айқын әрі тұрақты болуы қажет. Сондықтан анық айтамын: Еуропа таңдаған бағытынан айнымайды. Біз алға қойған мақсаттарымызды ұстанып, экологиялық таза өндіріс салаларына қолдау көрсетеміз», – деді Еурокомиссия төрағасы.




