Қытайда жаңғырудың басты мақсаты – бүкіл халықтың тұрмысын жақсартып, ортақ игілікке қол жеткізу. «Қытай тәжірибесін сол күйінде қайталау міндет емес. Ең бастысы – оның тиімді тұстарын өз қажетімізге жарата білу», – деді саясаттанушы Юрий Булуктаев. «Әділетті Қазақстанды құру және Қытайдың жаңғыру тәжірибесі: жаңа «алтын отызжылдыққа» қадам» атты ғылыми конференцияға қатысқан сарапшылар Қытайда тиімділігі дәлелденген, Қазақстанда да қолдануға болатын көптеген тәсілді ортаға салды.
«Даму – барлық түйткілдің шешімін табуға жол ашатын алтын кілт», – деді Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Су Фанцю. Дипломат өз баяндамасында елді жаңғырту Қытай мен Қазақстан үшін бірдей маңызды міндет екенін атап өтті.
Қытайдың тәжірибесін зерттеуге себеп аз емес. Біріншіден, ол – Қазақстанның іргелес көршісі әрі ірі сауда серіктесі. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 43,3 млрд долларға жетіп, 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға артқан. Екіншіден, Қытайдың экономикалық әлеуеті орасан зор. 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 140 трлн юаньға жетті. Бүгінде Қытай әлемдегі ең ауқымды білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне ие.
Юрий Булуктаев өз баяндамасында Қытайдағы кедейлік деңгейін төмендету және халықтың әл-ауқатын арттыру тәжірибесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл жетістіктерге әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру де елеулі ықпал еткен.
Қытайда өңірлер арасындағы даму алшақтығын азайту үшін елдің батыс аймақтары мен ауылдық жерлерді өркендетуге арналған арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.
Экономикалық өсімнің игілігін халықтың барлық тобына теңдей жеткізуге де басымдық берілген. Соның бір жолы – еңбекақысы төмен қызметкерлердің табысын арттыру.
Ал білім алуға кеңірек мүмкіндік беру арқылы адами капиталды дамытуға және азаматтардың мүмкіндіктерін теңестіруге күш салынып отыр. Мұндағы басты ұстанымдардың бірі – тепе-теңдікті сақтау.
Экономист Вячеслав Додонов Қытайдың экономикалық жетістігін айқындайтын негізгі көрсеткіш мемлекеттік қаржыландыру көлемі емес, еңбек өнімділігінің артуы екенін атап өтті. Мәселен, Volkswagen компаниясының Германияның Эмден және Қытайдың Тяньцзинь қалаларында зауыттары бар. Жұмыс күшінің құны мен біліктілігі, энергия бағасы, логистика және өзге де өндірістік жағдайлар әртүрлі болғандықтан, бір үлгідегі автокөлікті Германияда шығару Қытайға қарағанда 4,5 есе қымбатқа түседі. Ал еңбек өнімділігінің жоғары қарқынмен артуы әлеуметтік дамуға да жол ашады.
Қытай Халық Республикасының мемлекеттік мүлік комитеті жалпы құны 15 трлн доллар болатын активтерді басқарады әрі ел экономикасын дамытуға қызмет етеді. Баяндамашы Қазақстанда да осы тәжірибені қолдануға болатынын айтты. Оның пікірінше, мұндай міндетті «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына жүктеуге болады. Алайда ол үшін стратегиялық жоспарлау ісін сапалы жолға қою қажет.
Шығыстанушы Еркін Байдаров Қытайдың жаңғыруындағы басты жетістіктер ретінде экономиканың сапалы өсуі мен инновацияларды дамытуға тоқталды. Дегенмен Қазақстанның Қытаймен ауқымы жағынан теңесе алмайтынын да атап өтті. Сарапшыға Қытайдың «өзеннен өтерде әр тасты басып көру» деген ұстанымы да ұнайды. Бұл – өзгерістерді асығыс жүргізбей, әр қадамның нәтижесін байқап барып алға жылжу тәсілі.
Қытайтанушы Татьяна Каукенова білім беру, ғылым мен технология және экономика салаларындағы саясаттың өзара тығыз байланысына тоқталды. Қытайда білім беру жүйесі мен өнеркәсіптің ықпалдастығы да адам капиталын дамытуға бағытталған біртұтас саясаттың аясында жүзеге асырылады.
Саясаттанушы Максим Казначеев Қытайдағы жаңғырту реформаларының ұзақ жылдар бойы сабақтастықпен жүргізілгеніне мән берді. «140 жыл бойы жол іздеп, ақырында өркениеттік серпіліс жасады», – деді ол.
Мұндай жүйеде Коммунистік партия мемлекеттік басқарудың барлық буынының жұмысын үйлестіретін жоғары орган қызметін атқарады. Басқарушы кадрлар ауысқанымен, елді жаңғырту бағыты өзгермейді. Мемлекеттік аппарат жұмысының сабақтастығы бұрынғы кезеңде атқарылған істерді қорытындылап, алдағы міндеттерді келесі басқарушы құрамға тапсыру арқылы сақталады. Сонымен қатар көзделген мақсаттарға жету үшін қолданылатын әдіс-тәсілдер жағдайға қарай өзгертіліп отырады. Мұның бәрі мемлекеттік статистиканың бірыңғай жүйесімен толықтырылған.
Саясаттанушы Руслан Изимов Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған шикізаттық экономикадан индустриялық-технологиялық даму үлгісіне көшу бағыты Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастығына да жаңа сипат беріп отырғанын атап өтті. «Технологиялар елдер арасындағы ынтымақтастықтың сипатын өзгертеді», – деді сарапшы. Оның айтуынша, Қытайға технология саласында бірлесе жұмыс істейтін серіктестер қажет. Ал мұндай әріптестік ортақ стандарттарды енгізуді, мамандар даярлауды және қосылған құнды бірлесіп қалыптастыруға мүмкіндік беретін өзге де шараларды талап етеді.
Журналист Серік Қоржымбаев Қытайдың жалпыұлттық даму стратегиясы мен өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың өзара үйлесіміне тоқталды. «Ұзақ мерзімді жоспарлау мен өңірлердің белгілі бір салаға мамандануы өзара ұштастырылған», – деп атап өтті ол.
Тарихшы, «Бір белдеу – бір жол» сарапшылар клубының басқарма төрағасы Болат Сұлтанов Қытай тәжірибесі мен білімін Қазақстанға жеткізудің нақты мысалы ретінде елімізде жұмыс істейтін бес Конфуций институты мен үш Лу Бань шеберханасын атады.
Ғылыми конференция барысында «Қазақстан мен Қытайдың тағдыры ортақ қоғамдастығын құру» зерттеу орталығы таныстырылды. Орталық Қытайдың бүгінгі тәжірибесін жан-жақты әрі терең зерделеу мақсатында құрылған.




