24.kz ақпарат агенттігі Таяу Шығыс мәселелері жөніндегі қазақстандық сарапшы, журналист, деректі фильмдер авторы, гуманитарлық сала қызметкері және қоғам қайраткері Ақмарал Баталовамен көлемді сұхбат жариялады.
Сұхбат барысында қазіргі саясаттың жүргізілу тәсілдері мен халықаралық ақпараттық соғыстарға қатысты бірқатар маңызды мәселе көтерілді. Олардың кейбірі Қазақстанның ақпарат кеңістігінде алғаш рет ашық айтылып отыр. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.
«2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте болған, әлі күнге дейін түрлі пікір туғызатын лаңкестік әрекет көпшіліктің есінде. Осы оқиғадан кейін терроризмге қарсы толассыз соғыстар басталды. Алайда соның салдарынан терроризм азайған жоқ, керісінше, одан әрі өршіп, тіпті мемлекеттік деңгейге дейін жетті. Қазір мемлекет басшыларының көзін жоюға әрекет жасалып, оларды өлтіру мен ұрлау оқиғалары орын алып жатыр. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысының қолындағы ақ ұнтақ салынған сынауық соғыстың символына айналды. Дәл осы сынауық Иракқа АҚШ-тың халықаралық құқыққа қайшы әскери басып кіруіне негіз болды».
«Қазақстанға келетін болсақ, еліміздің көптеген азаматы, қарапайым тұрғындар да, мемлекеттік қызметкерлер де қазіргі жағдайдың мәнін толық түсініп отырған жоқ деп ойлаймын. Өйткені елімізде соғыс қазірдің өзінде жүріп жатқаны анық. Ол когнитивтік, ақпараттық, саяси, сауда және тарифтік текетірес түрінде, сондай-ақ кибершабуылдар мен телефон алаяқтығы арқылы көрініс табуда. Бұған сыбайлас жемқорлықты, есірткінің заңсыз айналымын, адам саудасын, педофилия деректерінің көбеюін, тіпті құмар ойындарға тәуелділікті де жатқызуға болады. Аталған құбылыстардың барлығы мемлекетті әлсірету құралы ретінде пайдаланылады. Қазіргі уақытта алпауыт державалар ықпал ету аймақтары мен ресурстар үшін жүргізіп жатқан гибридті күрес аясында мұндай әрекеттердің барлық түрі Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия республикаларының аумағында ашық немесе жасырын түрде жүзеге асырылып жатыр. Бақытымызға қарай, әзірге қарулы қақтығыстарға ұласқан жоқ. Алдағы уақытта да мұндай жағдайға жетпейтініне сенгім келеді. Өйткені еліміздің арнаулы қызметтері көзге көрінбейтін, аса күрделі әрі қауырт жұмыс жүргізіп жатқандықтан, халық күнделікті қалыпты тіршілігін жалғастырып отыр».
«Сонымен қатар батыстық демократия қағидаларын енгізу және USAID, Soros Foundation секілді ұйымдар мен өзге де халықаралық құрылымдар арқылы «жұмсақ күш» саясатын ілгерілету нәтижесінде әлеуметтік желілерде сөз және пікір білдіру еркіндігіне кең мүмкіндік берілді. Соның салдарынан кейбір пайдаланушылар өздерінің мәлімдемелері мен жарияланымдары үшін жауап беруге дағдыланбаған, тіпті мұндай жауапкершіліктің бар екенін де ойламайды. Алайда өз пікіріне қайшы келетін кез келген көзқарасты олар қатаң сынға алады. Кейде бұл өрескел қорлауға, қарғыс айтуға, өзге пікір иесін қоғамнан шеттетуге шақыруға, тіпті оның өміріне қауіп төндіретін қоқан-лоққыға дейін ұласады. Мұның бәрін олар ұлт мүддесін қорғау және мемлекетке төнген қауіптің алдын алу қажеттігімен түсіндіреді. Олар демократияны дамытуға бағытталған қорлар мен солардың қолдауына ие көптеген үкіметтік емес ұйымдардың негізгі мақсаты демократиялық даму ұранын алға тарта отырып, мемлекетті әлсірету және оның іргесін шайқалту екенін тіпті ойламайды. Ал мемлекеттілігі жоқ халықтың дербес өмір сүруі мүмкін емес.
Мұны Еуропа елдері мен АҚШ-тың өзінде де түсінгені бекер емес. Сондықтан АҚШ-тың қазіргі президентінің әкімшілігі USAID өкілдігін жауып қана қоймай, Орталық Азия елдеріндегі Сорос қоры кеңселерінің қызметкерлер санын қысқартуды да талап етті. Қазір бұл ұйым CAPS Unlock деп аталады және оның кеңсесі тек Бішкекте орналасқан».
Ақмарал Баталованың сұхбатын толық оқуға кеңес береміз.
«Еуразия24» сарапшының батыл мәлімдемелеріне қатысты өз тұжырымын ұсынады:
Қазақстанның мемлекеттік дербестігін сақтап қалуына сыртқы ықпалдан оқшаулану емес, өзара бәсекелес ірі державалармен қарым-қатынасты аса шебер жүргізуі мүмкіндік беріп отырғаны анық.
Ақмарал Баталова көтерген мәселелер қазіргі әлемде мемлекеттің егемендігін тек әскердің күшімен, шекараны қорғау және дипломатиялық келісімдер арқылы сақтап қалу барған сайын қиындап келе жатқанын көрсетеді. Мемлекеттерге ықпал ету жолындағы күрес әлдеқашан дәстүрлі әскери текетірестің шеңберінен шықты. Қазір ол ақпарат кеңістігінде, экономикада, қоғамдық санаға әсер ету арқылы, сондай-ақ ізгі мақсаттарды көздейтінін мәлімдейтін заңды ұйымдар мен құрылымдардың қызметі арқылы да жүргізіліп жатыр.
Әрине, халықаралық ұйымдардың барлығын мемлекеттің тұрақтылығына нұқсан келтіру құралы деп қарастыруға немесе билікке айтылған кез келген сынды шетелдік араласудың нәтижесі ретінде бағалауға болмайды. Алайда шетелден бөлінетін қаржы, саяси мүдделер мен ақпараттық технологиялар қоғамдық пікірді өз мақсатына қарай бұруға, ел ішіндегі мәселелерді әдейі ушықтыруға және азаматтардың мүддесіне қайшы шешімдерді мемлекетке таңуға пайдаланылса, бұл алаңдаушылық туғызуға тиіс.
Қазақстан – әлемнің жетекші державаларының мүдделері тоғысқан аймақта 30 жылдан астам уақыт бойы сыртқы саясаттағы дербестігін сақтап келе жатқан елдің айқын мысалы. Ресей және Қытаймен жан-жақты ынтымақтастық орнатып, АҚШ пен Еуропалық одақпен қарым-қатынасты дамыта отырып, өңірлік бірлестіктерге қатысып, шетелдік инвестицияларды тарта отырып, Қазақстан өз аумағының геосаяси текетірес алаңына айналуына жол берген жоқ.




