Астана. 30 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлерінің қатысуымен Бішкекте өткен екінші өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі ел бірқатар құжат пен келісімге, соның ішінде сауда-экономикалық саладағы келісімдерге қол қойды, деп хабарлады Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Алматы мен Бішкек арасындағы бауырлас қалалар байланысын 2026–2030 жылдары дамыту, Түркістан мен Манас қалалары, сондай-ақ Щучинск-Бурабай курорттық аймағы мен Ыстықкөл курорттық аймағы арасында бауырластық қатынастар орнату жөніндегі құжаттарға қол қойылды.
Бірқатар келісім Қырғызстанның Ыстықкөл, Жалал-Абад және Нарын облыстарымен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Сонымен қатар сауда, экспорт және қазақстандық өнімдерді Қырғызстан нарығында ілгерілету салалары бойынша бірнеше коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 33%-ға өсіп, 2,4 млрд долларға жетті. Биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 20%-ға артқан.
Бұған дейін екі ел басшылары өзара тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу міндетін қойған болатын.
Экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуда шекаралас өңірлерге маңызды рөл беріліп отырғаны атап өтілді. Қазақстанның Алматы және Жамбыл облыстары Қырғызстанның Ыстықкөл, Талас және Шу облыстарымен шектеседі. Екі ел арасындағы мемлекеттік шекараның ұзындығы шамамен 1,2 мың шақырымды құрайды. Шекара маңындағы сауда мен логистиканың негізгі орталықтарының бірі ретінде Жамбыл облысын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы сегіз өткізу пунктінің жетеуі осы облыста орналасқан. Сондай-ақ өңірде қырғыз капиталының қатысуымен құрылған мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан индустриялық сауда-логистикалық кешен екі елдің болашағы зор бірлескен жобаларының бірі саналады.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы теміржол тасымалына қатысты деректер де келтірілді. 2025 жылы теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 10%-ға өсіп, 6,8 млн тоннаға жетті. Ал 2026 жылдың тоғыз айында 5,1 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 8,3%-ға жоғары.
Автомобиль тасымалында да өсім сақталып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен тасымалданған жүк көлемі 37%-ға артып, 3,7 млн тоннаны құрады. Тасымалдау рәсімдерін жеңілдетудегі маңызды қадамдардың бірі рұқсат құжаттарын электронды түрде алмасу жүйесіне көшу болды.
Тараптар туризм саласындағы зор әлеуетті де атап өтті. Қазақстан мен Қырғызстанның тау, экологиялық, жағажай және іскерлік туризм бағыттары бойынша бірлескен туристік маршруттарды дамытуға мүмкіндігі мол. Биылғы тоғыз айда екі ел арасындағы туристердің өзара сапары 4 млн адамнан асты.
Тараптар өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды одан әрі кеңейтуге, бірлескен өндірістерді, сауданы, көлік инфрақұрылымын және туризмді дамытуға мүдделі екенін растады. Жоспарланған бастамаларды жүзеге асыру қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігін нығайтып, өңірдің тұрақты экономикалық дамуына ықпал етеді.




