ҚР Ұлттық ұланының хабарлауынша: «ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағына тұңғыш рет әйел әскери қызметші қабылданды. «Китана» лақап атымен танылған Қымбат бұған дейін халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап келсе, енді еліміздегі ең таңдаулы арнайы жасақтардың бірінің жауынгері атанды. Қымбаттың спорттағы жетістіктері аз емес. Ол қоян-қолтық ұрыстан Қазақстанның алты дүркін чемпионы, әлем чемпионаттарының күміс және екі дүркін қола жүлдегері. Сондай-ақ Әлем кубогының, Еуропа және Азия чемпионаттарының күміс жүлдесін иеленген. Джиу-джитсудан әлем және Азия чемпионаттарында үш реттен топ жарып, Еуропаның екі дүркін чемпионы атанған. Аралас жекпе-жектен (ММА) Қазақстан мен Азия чемпионы, ал жауынгерлік самбодан ел чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік полиция ойындарында дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль жеңіп алған. Қымбат қоян-қолтық ұрыс пен джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо мен ММА-дан спорт шебері атағына ие. Қазір Қымбаттың басты мақсаты – күрең берет алу үшін белгіленген сынақтан сүрінбей өту. Егер ол осы мақсатына жетсе, Ұлттық ұлан тарихында күрең берет кию құқығына ие болған алғашқы әйел әскери қызметші атанады».
Еуразия24 пікірі:
Қымбаттың спорттағы жетістіктері қаншалықты жоғары болса да, жекпе-жек түрлерінен чемпион атану мен арнайы жасақта қызмет етудің екі бөлек нәрсе екенін түсінеміз. Спортта белгіленген ереже, төреші және медициналық көмек бар. Ал шынайы арнайы операция кезінде мұндай ережелер жүрмейді, жіберілген қателіктің құны адам өмірімен өлшенуі мүмкін. Адамның дене дайындығы қаншалықты мықты болса да, әсіресе әйел адам үшін қарулы қылмыскерлермен бетпе-бет келу, жарылғыш заттармен жұмыс істеу және аса ауыр жағдайда бірнеше сағат бойы міндет атқару үлкен қауіп төндіреді.
Қайсар мінезі мен темірдей ерік-жігері бар Қымбаттың арнайы жасақтағы қызметтің қаншалықты қауіпті екенін жақсы түсінетініне күмәніміз жоқ. Дегенмен, біздің ойымызша, қолбасшылық та оның қауіпсіздігін мүмкіндігінше қамтамасыз етуге тиіс. Күрең берет киген әйел міндетті түрде шабуылдау тобының алдыңғы шебінде жүруге тиіс емес. Ол арнайы операцияларға мерген ретінде қатыса алады. Сондай-ақ қарулы қылмыс жасаған әйелдерді ұстау, әйелдерді тінту, кепілге алынған адамдарды босату, барлау және бақылау жұмыстарын жүргізу, әскери қызметшілерге қоян-қолтық ұрыс пен атыс даярлығын үйрету міндеттерін де атқара алады.
Әрине, біз Ұлттық ұланды Қымбаттың күрең берет кию арманына жету жолында жауынгерлік тапсырмаларды орындауына шектеу қоюға шақырып отырған жоқпыз. Тек «Бүркіт» арнайы жасағындағы жалғыз әйел жауынгерге ер азаматтардан құралған ұжым ерекше ілтипатпен, қамқорлықпен қарауы мүмкін екенін меңзеп отырмыз.
«Еуразия24» редакциясы Қымбатты жаңа мәртебесімен құттықтап, спортта да, әскери қызметте де толағай табыс тілейді!




