Астана. 5 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Иордания королі Абдалла II-мен келіссөз жүргізді, деп хабарлады қазақстандық көшбасшының баспасөз қызметі.
Тоқаев Қазақстан Иорданиямен қол жеткізілген келісімдердің өзара мүдделі барлық салада іс жүзінде орындалуына зор мән беретінін атап өтті.
«Соңғы жылдары біздің ынтымақтастығымыз жаңа серпін алды. Арамыздағы әртүрлі деңгейде жалғасып келе жатқан берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз», – деп Тоқаевтың сөзін баспасөз қызметінің хабарламасы келтіреді.
Оның айтуынша, экономикалық өзара іс-қимыл қазақстан-иордан қатынастарының негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді.
Тоқаев екі елдің халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін шешудегі ұстанымдарының ұқсастығына жеке тоқталып, Иордания корольінің достық байланыстарды нығайтуға және екі мемлекет халықтарының жақындасуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
«Қазақстан Сіз он жылдан астам бұрын бастаған Ақаба үдерісін жоғары бағалайды. Орталық Азияда алғаш рет осындай форматта өтетін кездесуді бірлесіп ұйымдастыру біз үшін үлкен мәртебе. Сессияның takырыбы – жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік – бүгінде аса өзекті. Саммит Орталық Азия өңірінің көзқарасын таныстыруға мүмкіндік беріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жолындағы бірлескен күш-жігерімізге жаңа серпін береді деп сенемін», – деді президент.
Король Абдалла II өз кезегінде Иордания қол жеткізілген келісімдерді іске асыруды жалғастырып, сауда, инвестиция, туризм, технология сияқты негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отырғанын атап өтті.
Ол сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес салаларында Қазақстанмен өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Хабарланғандай, 6 қарашада Астанада бірқатар мемлекет басшыларының қатысуымен Ақаба үдерісінің саммиті өтеді. Ақаба үдерісі – 2015 жылы Иордания королі Абдалла II ұсынған, терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірлескен күш-жігерді үйлестіруге бағытталған халықаралық бастама.
Тоқаев пен Абдалла II Қазақстан мен Иорданияның саяси және экономикалық байланыстарын дамыту мәселелерін талқылады
|
|
Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media
Бөлісу:




