Қорғаныс министрлігінің сегіз лауазымды қызметкері қамауда отыр.«Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ІІМ-нің әскери-тергеу органдары қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр. Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізілді. Бүгінге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді. Еске сала кетейік, тергеу аясында қызметіне салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен сот санкциясы негізінде сегіз лауазымды тұлға қамауға алынды. Олардың қатарында Қарулы күштер Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскерлері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар», – деп хабарлады Бас прокуратура (https://t.me/GenPr/15953 ).
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу құпиясына байланысты қамауға алынғандардың әрқайсысына қандай жауапкершілік жүктелетіні әзірге жария етілмейді. Дегенмен тергеушілер қайғылы оқиғаға тікелей қатысы бар адамдардың әрекеттерімен ғана шектелмей, әскери оқу-жаттығуды ұйымдастыру, жеке құрамды даярлау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін тұтастай тексеріп жатқан болуы мүмкін. Алайда қызметтік жауапкершілік пен қылмыстық жауапкершілік екі бөлек ұғым. Сондықтан тергеу барысында әр күдіктінің нақты қандай заңбұзушылыққа жол бергенін және оның әскери қызметшілердің қаза табуына қаншалықты себеп болғанын дәлелдейтін айғақтар жиналып жатқаны анық.
Катер капитаны кеме жүргізу ережелерінің сақталуына, қозғалыстың қауіпсіз жылдамдығын таңдауға, маневр жасауға, ауа райын ескеруге және судағы қауіпсіздік талаптарын орындауға жауапты болуы мүмкін. Ал рота, батальон және әскери бөлім командирлерінің міндетіне әскери қызметшілерді берілген тапсырмаларды орындауға даярлау, нұсқаулық өткізу, құтқару құралдарымен қамтамасыз ету, өзара іс-қимылды ұйымдастыру және бағынысындағы әскери қызметшілердің әрекеттерін қадағалау кіруі ықтимал. Біздің болжамымызша, аталған міндеттер осы лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатуы мүмкін. Демек, белгіленген талаптарды бұзған жағдайда олар жауапқа тартылуы тиіс.
Әскери-теңіз күштері жоғары қолбасшылығының жауапкершілігі – өз алдына бөлек мәселе. Бас қолбасшы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары катерді тікелей басқаруға немесе оқу-жаттығу кезінде әрбір әскери қызметшінің әрекетін жеке бақылауға міндетті емес шығар. Алайда оқу-жаттығуға жалпы дайындықты қамтамасыз ету, оны жоспарлау және ықтимал қауіп-қатерлерді бағалау солардың жауапкершілігіне жататыны анық.
Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға 24 қыркүйекте ауа райының күрт бұзылуы салдарынан болғаны белгілі. Оның үстіне «Қазгидромет» бір күн бұрын дауылды ескерту жариялаған. Осыған қарағанда, тергеу анықтауға тиіс негізгі мәселелердің бірі – қолайсыз ауа райы туралы алдын ала хабарланғанына қарамастан, оқу-жаттығудың қауіпті кезеңі неге тоқтатылмады немесе кейінге қалдырылмады және мұндай шешімді кім қабылдауға тиіс еді деген сауал.




