Лондон. 17 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Англия банкі базалық пайыздық мөлшерлемені жылдық 3,75% деңгейінде өзгертпеді. Бұл туралы Ұлыбританияның орталық банкі мәлімдеді.
Мұндай шешімді экономистер мен сарапшылардың басым бөлігі күткен болатын.
Ақша-кредит саясаты комитетінің (MPC) тоғыз мүшесінің алтауы мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдыруды қолдады. Ал Хью Пилл, Меган Грин және Кэтрин Манн шілдедегі отырыстағыдай оны 25 базистік тармаққа көтеруді ұсынды.
Осылайша Англия банкі жетінші отырыс қатарынан мөлшерлемеге өзгеріс енгізген жоқ. Соңғы рет ол 2025 жылғы желтоқсанда қайта қаралып, 25 базистік тармаққа төмендетілген еді. Сол кезде мөлшерлеме 2023 жылғы ақпаннан бергі ең төменгі деңгейге түсті.
Англия банкінің мәліметінше, Таяу Шығыстағы қақтығыстың созылуы мұнай мен одан өндірілетін энергия өнімдерінің қымбаттауына әкелді. Олардың бағасы қақтығыс басталғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда әлі де жоғары әрі құбылмалы.
«Ұлыбританияда инфляция тамызда 3,1%-ға дейін жеделдеді. Алдағы бірнеше тоқсанда оның одан әрі өсуі ықтимал», – делінген банк мәлімдемесінде.
Реттеуші инфляцияны 2%-дық межеге қайтарып, сол деңгейде тұрақтандыруды көздеп отыр. Бұл ретте экономика энергия бағасының күрт өсуіне бейімделуге тиіс.
«Осы мақсатқа жету үшін қандай ақша-кредит саясаты қажет болатыны энергетикалық күйзелістің қаншалықты ауқымды әрі ұзаққа созылатынына және оның экономикаға қалай әсер ететініне байланысты», – делінген құжатта.
Әзірге энергия бағасының өсуі тауарлар мен қызметтердің бағасына немесе жалақыға айтарлықтай қосымша қысым түсіріп отырғаны байқалмайды. Алайда энергия ресурстары ұзақ уақыт қымбат әрі құбылмалы болып қалса, мұндай қауіп те арта түседі.
Ұлыбритания экономикасындағы іскерлік белсенділік болжанғаннан сәл жоғары. Дегенмен еңбек нарығындағы сұраныстың әлсіреуі және қақтығыс басталғалы бизнес пен халық үшін қарыздың қымбаттауы инфляцияның біртіндеп баяулауына ықпал етуі тиіс.
Комитеттің бағалауынша, қазір инфляцияның болжамнан жоғары болуы ықтималдығы шілдедегі есеп жарияланған кездегіден артқан. Алайда Таяу Шығыстағы жағдайдың қалай өрбитініне қарай бұл болжам едәуір өзгеруі мүмкін.
Англия банкі орта мерзімде инфляцияны 2%-дық межеге жеткізу үшін қажет болған жағдайда қосымша шара қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Банк басшысы Эндрю Бейлидің айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс ұзаққа созылып, энергия бағасының өсуі экономиканың басқа салаларына да әсер ете бастаса, ақша-кредит саясатын қатаңдату қажеттігі туындауы мүмкін.
Англия банкі енді 2026 жылдың төртінші тоқсанында инфляция 3,75%-ға дейін өседі деп болжап отыр. Шілдеде бұл көрсеткіш 3,2% болады деп күтілген еді. 2027 жылдың бірінші тоқсанында инфляция 4%-дан сәл жоғары болуы мүмкін.
Сонымен қатар комитет мүшелері ақша-кредит саясаты аясында сатып алынған мемлекеттік облигациялар қорын біртіндеп толық қысқарту жөнінде ортақ шешімге келді. Ол үшін Англия банкі жыл сайын 20 млрд фунт стерлингтің ($26,7 млрд) мемлекеттік облигациясын нарыққа шығарады. Қалған бағалы қағаздардың бір бөлігі өтеу мерзімі аяқталғанға дейін банктің иелігінде қалады.
Қазір Англия банкінің портфелінде 368 млрд фунттың мемлекеттік облигациялары бар. Оларды қысқарту бағдарламасы 2034 жылғы қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған. Осы есеппен портфель жылына орта есеппен 46 млрд фунтқа азаяды.
Өтеу мерзімі ертерек аяқталатын 222 млрд фунттың облигацияларын банк нарыққа сатпайды. Ал қалған 146 млрд фунттың бағалы қағаздары кезең-кезеңімен сатылады.
Англия банкі шешімін жариялағаннан кейін FTSE 100 индексі 0,53%-ға көтерілді. Фунт стерлинг долларға шаққанда 0,04%-ға арзандап, $1,3374 болды. Ұлыбританияның 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 7,9 базистік тармаққа төмендеп, 5,219%-ға түсті.




