Брюссель. 17 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Канада мен Еуропа стратегиялық маңызы бар салаларда күш біріктіру арқылы өз дербестігін нығайта алады. Бұл туралы Канада премьер-министрі Марк Карни бейсенбі күні мәлімдеді.
Еуропарламент сессиясында ол Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен ұсынған «Болашақ үшін альянс» бастамасына және Канаданың ЕО-ның алғашқы қауымдастырылған мүшесі атану мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
«Канада мен Еуропа стратегиялық дербестігін нығайтуы керек. Ол үшін аса маңызды шикізат, қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект пен есептеу қуаты, энергетикалық қауіпсіздік, ғарыш саласы және төлем жүйелері бойынша ынтымақтастықты күшейту қажет», – деді Карни.
Канада премьерінің пікірінше, тараптар өнеркәсіп тауарлары мен көптеген қызмет түрі бойынша цифрлық саудаға қойылған кедергілерді азайтуға тиіс. Сондай-ақ Атлант мұхитының екі жағындағы жастардың білім алып, жұмыс істеп, еркін өмір сүруіне мүмкіндік беретін байланысты кеңейту қажет.
Оның айтуынша, Канада мен Еуропа арасындағы байланыстың нығаюы екі тараптың да дербестігін арттырып, азаматтарға жаңа мүмкіндік береді әрі олардың қауіпсіздігін күшейтеді. Сонымен қатар канадалықтар мен еуропалықтардың өз өмір салтын еркін таңдау құқығын қорғауға септігін тигізеді.
Карни мұндағы мақсат әлемдегі алпауыт күштермен бәсекелесетін тағы бір саяси блок құру емес екенін атап өтті.
«Біз өзгелерге үстемдік жүргізу үшін күш жинауды көздемейміз. Керісінше, ашық нарықтарымызды ешкім өз бақылауына ала алмайтын, егемендігімізге нұқсан келтіре алмайтын, аумақтық тұтастығымызға қауіп төндірмейтін және еркіндігімізге, демократиялық қағидаларымыз бен заң үстемдігіне қол сұға алмайтын дәрежеде берік болғымыз келеді. Осы мақсаттар мен қолда бар әлеуетіміз әділетті, тұрақты әрі өркендеген жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыруға үлес қосуға мүмкіндік береді», – деді премьер-министр.
Оның пікірінше, Канада мен ЕО арасындағы мұндай одақ өзге демократиялық мемлекеттерге де үлгі бола алады.
«Бұл одақ кімге қарсы құрылғанымен емес, қандай құндылықтарды қорғайтынымен ерекшеленуге тиіс. Олар – еркіндік, ынтымақтастық, өркендеу және тұрақты даму. Бізге ешкім өз жолын таңуға шамасы келмейтіндей қуатты, сонымен бірге оған өзге елдер де қосыла алатындай ашық одақ қажет», – деді Карни.




