Мадрид. 17 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Аргентина президенті Хавьер Милей «Ұлттық егемендікті қорғау туралы» заң жобасын Конгресс қарауына ұсынды. Құжатта елдің табиғи ресурстарын Аргентина билігінің рұқсатынсыз пайдаланатын шетелдік құрылымдарға санкция енгізу қарастырылған. Бұл туралы бейсенбі күні президент кеңсесі мәлімдеді.
«Заң жобасы үш негізгі бағытты қамтиды: табиғи ресурстарымызды заңсыз пайдаланғандарға санкция қолдану, мұндай әрекетті тоқтатуға ықпал ету және мемлекетті сырттан төнетін қауіптен қорғауға қажетті тетіктермен қамтамасыз ету», – делінген хабарламада.
Сонымен бірге Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жанынан арнайы үйлестіру жүйесін құру ұсынылған. Ол аса маңызды инфрақұрылым мен ел егемендігін қорғауға қатысты дипломатиялық, экономикалық, қорғаныс және құқықтық шараларды бір арнаға тоғыстырады.
Аргентина президентінің кеңсесі бұл бастаманы Мальвин аралдары, Оңтүстік Георгия және Оңтүстік Сандвич аралдарына қатысты елдің талабын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам деп атады.
«Қазіргі қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін Аргентинаға ел егемендігін қорғауға және мемлекеттік институттардың мүмкіндігін күшейтуге бағытталған біртұтас әрі өзара үйлескен құқықтық жүйе қажет», – делінген хабарламада.
Қыркүйек айының басында Аргентина билігі Мальвин (Фолкленд) аралдары маңында жұмыс істейтін британиялық Rockhopper Exploration Hydrocarbons Limited, Rockhopper Exploration Oil Limited, Borders & Southern Falkland Islands Limited, Borders & Southern Petroleum PLC және Desire Petroleum Limited мұнай компанияларын сотқа берген болатын.
Сондай-ақ израильдік Navitas Petroleum Limited Partnership LP компаниясына, оның Ұлыбританиядағы Navitas Petroleum Development & Production Ltd (NPDP) және Navitas Petroleum Atlantic Limited (NAPL) еншілес кәсіпорындарына, сондай-ақ канадалық JHI Associates пен Eco (Atlantic) Oil & Gas Ltd компанияларына қатысты талап-арыз берілді. Бұл компаниялардың барлығы аралдардан шамамен 220 шақырым жерде орналасқан Sea Lion мұнай жобасына қатысады.
Аргентина үкіметінің ұстанымынша, елдің құрлықтық қайраңында мұндай жұмыстарды жүргізу үшін Буэнос-Айрестің рұқсаты қажет. Аргентина билігі рұқсатсыз жүргізілген мұнай барлау және өндіру жұмыстарын ұлттық заңнаманы бұзу деп есептейді.
Мальвин (Фолкленд) аралдарының мәртебесіне қатысты Аргентина мен Ұлыбритания арасындағы дау ондаған жылдан бері жалғасып келеді. 1982 жылы екі мемлекет Атлант мұхитындағы осы аумақ үшін соғысқан. Қақтығыста 649 аргентиналық және 255 британиялық әскери қызметші, сондай-ақ үш бейбіт тұрғын қаза тапты.
Қазір аралдар Ұлыбританияның теңіздің арғы жағындағы аумағы саналады. Аргентина болса Мальвин аралдарын өз аумағы деп есептейді.




