Астана. 19 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде мүгедектігі бар азаматтар санының өсуіне назар аударып, әлеуметтік салада жеңілдіктерді негізсіз пайдалану жағдайлары бар екенін айтты.
«Дәрігерлердің мәліметінше, өткен ғасырдағы апаттар, соғыстар мен қақтығыстардың ардагерлері атанған азаматтар түрлі жеңілдіктерді белсенді пайдаланып жүр. Ол оқиғалардың өткеніне көп уақыт болды, алайда ардагерлердің жасы, керісінше, жасарып барады. Бұл әлеуметтік салада, әсіресе әртүрлі дәрежедегі мүгедектікті белгілеу кезінде заңсыздықтарға жол беріліп отырғанын анық көрсетеді», – деді Тоқаев сенбі күні «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде.
Президенттің айтуынша, бір кезеңде Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтар саны 800 мыңнан асқан. Бұл – 20 миллион халқы бар ел үшін айтарлықтай көрсеткіш.
«Бейбіт жағдайда мұндай көрсеткішке сену қиын. Классик Чеховтың сөзімен айтсақ: «Бұлай болуы мүмкін емес, өйткені бұлай ешқашан болуы мүмкін емес», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бірқатар медициналық қызмет бюджет есебінен көрсетілетінін еске салды.
Мемлекет басшысының айтуынша, тегін медициналық қызмет алатын азаматтар саны аз емес. Оның сөзінше, жазғы демалыстан кейін, күз бен қыс айларында және көктемге қарай олардың саны айтарлықтай көбейеді.
Тоқаев мемлекеттік қолдау ең алдымен оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуге тиіс екенін атап өтті.




