Астана. 6 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Үкіметі коммерциялық жүк көліктерінің автомобиль жолдарымен жүру ақысын төлеу тәртібін өзгертуді қарастырып жатыр. Жаңа ұсыныстардың қатарында жылдық абонемент енгізу және тарифтерді саралау бар. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, аталған ұсыныстар жұма күні Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен автомобиль жолдарының ақылы жүйесіне қатысты жұмыс тобының алғашқы отырысында талқыланды.
Атап айтқанда, Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифтерін көрші елдердегі бағаларға жақындату, отандық тасымалдаушылар үшін бөлек шарттар белгілеу, сондай-ақ көлік компанияларына алдын ала жоспарланған жүріс қашықтығының ақысын төлеу арқылы жылдық абонемент алу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Сонымен қатар тарифтерді көлік құралдарының экологиялық санатына, ауаға шығаратын зиянды заттардың мөлшеріне және жол жабынына түсіретін салмағына қарай саралау мәселесі қаралып жатыр.
Бұдан бөлек, жүк көліктерінің қозғалысын цифрлық құралдар арқылы бақылап, жол ақысын төлеу тәртібін қадағалауды жетілдіру көзделген. Сондай-ақ шетелдік жүк көліктері мемлекеттік шекарадан өткен кезде оларды сақтандыру тетіктерін әзірлеу ұсынылды.
Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың жеке жеңіл автокөліктерімен жол жүру шарттарына әсер етпейді.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне қараша айының соңына дейін негізгі ұсыныстарды әзірлеп, жұмыс тобының келесі отырысында қарауға ұсыну тапсырылды.




