Астана. 11 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақын уақытта жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Конституциялық комиссия мүшелеріне атқарған жұмысы мен кәсіби ұстанымы үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, комиссия мүшелерінің жаңа Конституция жобасын тікелей эфирде талқылауы елдегі қоғамдық диалогтың жоғары деңгейін көрсетті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жобаны әзірлеу мен талқылауға мыңдаған белсенді азаматтың қатысқанын атап өтті. Бұл «Еститін мемлекет» қағидатына сәйкес келеді және жаңа Конституцияның шынайы халықтық сипатын айқындайды.
Президенттің сөзінше, жаңа Негізгі заң жобасы қоғамның қазіргі құндылықтары мен мемлекеттік саясаттың басты қағидаттарын бейнелеп қана қоймай, Қазақстанның алдағы кезеңдегі орнықты әрі үдемелі дамуына берік негіз қалайды.
Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімова Мемлекет басшысына комиссияның он екі отырысының қорытындысы бойынша жаңа Негізгі заңның түпкілікті жобасы әзірленгенін баяндады. Құжат өткен жылдың қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдары арқылы азаматтар мен сарапшылар ұсынған бастамалар негізінде дайындалған. Сондай-ақ жобаға қазан–қаңтар айларында парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қалыптастырған тәсілдер енгізілген.
Талқылау қорытындысы бойынша Конституциялық комиссия жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық референдумға шығаруды ұсынды.




