Фабрицио Вильмини – 08.03.2026
Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы шабуылдарының алғашқы аптасы Еуропаның жетекші елдерінің саясаты қандай күйде екенін тағы да айқын көрсетті: үнсіздік, орынсыз әрекеттер, екіжүзділік және тәуелділік.
Арандатусыз басталған бұл шабуыл келіссөздер жүріп жатқан сәтте жасалып, бейбіт тұрғындарды да қамтыды. Нәтижесінде халықаралық құқықтың негізгі нормалары бұзылып, Еуропа басшылары Ресейге қатысты жиі айтқан «қағидаттардың» өзі мәнін жоғалтты. Алайда осы қақтығыс кезінде еуропалық дипломатиялық өкілдер агрессорларды айыптаған бірде-бір сөз айтпады. Тіпті олардың атын атаудан да тартынды. Оның орнына кейін агрессорлардың риторикасын қайталап, Иран «өркениетті әлемге экзистенциалдық қауіп төндіріп отыр» деген пікірді алға шығарды. Бұл моральдық қайшылықты түсіндіру үшін ең әлсіз тұжырымдардың бірі ұсынылды: «Егер халықаралық құқық бұзылып жатса, оған 2022 жылы Украинаға басып кіру арқылы жаман үлгі көрсеткен Ресей кінәлі». Алайда дәл сондай заңсыз әрекеттердің бұған дейін де болғаны ұмыт қалғандай: НАТО мен оның одақтастарының 1999 жылы Югославияға, 2001 жылы Ауғанстанға, 2003 жылы Иракқа, 2011 жылы Ливияға жасаған әскери операциялары секілді мысалдар жеткілікті. Еуропада тарихи жады бүгінде саясаткерлер көтере алмайтын салмаққа айналғандай. Ал еуропа халқының шынайы мүдделері неде екені және оларды қамтамасыз ететін геосаяси қадамдар қандай болуы тиіс деген мәселеге келгенде, олардың ой-өрісі барған сайын тарылып бара жатқандай әсер қалдырады.
Осы моральдық бос кеңістікте тек Испания ғана көзге көрінді. Газадағы геноцидтің ең ауыр кезеңінде-ақ құрлықтың абыройын сақтап қалған Испания үкіметі бұл жолы да жалғасып жатқан агрессияны ашық айыптап, екіжүзділікке құрылған үнсіздікті бұзды. Ал Еуропаның қалған бөлігін үнсіздік пен бейқамдықтың қою қараңғылығы басып тұрғандай.
Бұл қорқынышты бос кеңістікті бүркемелеу үшін либералды саяси технологтар үгіт-насихаттың жаңа толқынын іске қосты. Ақпараттық кеңістікте азаматтардың санасына шындық пен қисынға сыймайтын мәліметтер араласқан дезинформация ағылып жатыр. 2000-жылдардың басындағы «ислам қаупі» туралы ескі риторика қайта жанданды, бірақ бұл жолы ол жаңа әрі айлалы тәсілдермен толықтырылды. Кез келген әлеуметтік желіні ашсаңыз мұқият дайындалған қысқа видеолар бірден көзге түседі. Кейбірінде тартымды, кәсіби келбеттегі әйелдер байыпты үнмен Ирандағы билік әйелдерге қаншалықты «қатал» әрі «қысым көрсетуші» екенін түсіндіруге тырысады. Мұндай материалдар ең алдымен эмоцияға әсер етуге бағытталған: алдымен көзге әсер етеді, содан кейін ғана санаға жетеді. Әйел бейнесі «гуманитарлық мәселе» деген атпен әскери риториканы насихаттаудың құралына айналған. Бұл ақпараттық толқын кейбір жаңа әшкерелеулерден кейін қоғам назарын басқа жаққа бұру үшін қажет сияқты ой қалыптасады. Соның ішінде қазіргі Батыс әлемінің көлеңкелі қырларын көрсеткен «Эпштейн ісі» туралы мәліметтер де бар. Мұндай дезинформация дәл қазір ерекше белсенді таралуда, өйткені ешкім мынадай ыңғайсыз сұрақ қоймасын дегендей: ықпалды элиталар әйелдерді әлі де қанау нысанына айналдыра алатын әлемде Ирандағы әйелдердің жағдайы шынымен соншалықты артта қалған ба?
Бұл жағдайдың ең түсініксіз әрі оғаш көрінісі Италияның кейбір алаңдарында байқалды. Бірнеше ондаған студентті ақпарат құралдары «иран халқының өкілдері» ретінде көрсетіп, олардың Израиль мен англосаксон елдерінің жалаулары астында ән айтып, би билеп жүргенін жариялады. Ал сол сәтте ағылшын-сионистік авиацияның бомбаларынан екі жүзге жуық жазықсыз мектеп оқушысы қаза тапқан. Либералды Батыс жеткен моральдық құлдырауды бұдан артық көрсететін көріністі табу қиын. Шетелде өскен осы ауқатты эмиграция жастары соның айқын көрінісі іспетті. Кавказ бен Орталық Азия республикаларындағы жас либералдардың арасында да осындай адамдарды талай кездестірдім. Бір үлгімен тәрбиеленгендей, өз халқының тарихы мен мәдениетінен алшақ, тамырынан үзіліп қалған буын. Өз елінің тағдыры олар үшін басты мәселе емес. Олардың сенімі – сырттан келген «өркендеу» үлгісіне табыну. Барлық мәселені сол сыртқы модель шешеді деп ойлайды. Ал шын мәнінде мұндай «игілік» тек элитаға ғана арналған. Сол жалған бақуатты өмірдің елесі үшін олар тіпті өз елдерінің күйреуіне де көз жұмуға дайын.
Агрессия басталар алдында Италияда «НАТО: Не НАТО. Кризис инструмента колониального господства» атты еңбек жарық көрді. Бұл — профессор Франко Кардини сияқты Италияның көрнекті ойшылдарымен бірге мен де қол қойған ұжымдық эссе. Кітапта Италияның НАТО-дағы мүшелігі мәселесі қозғалады. Бүгінде бұл тақырып көпшілік алдында ашық талқыланбайтын, айтылуы қиын мәселелердің біріне айналған. Ең маңызды бөлімдердің бірі — елші Альберто Браданинидің мақаласы. Ол өз елінің мүддесі үшін үнсіздік қабырғасын бұзуға батылдық танытқан сирек жоғары дәрежелі дипломаттардың бірі. Браданини өте маңызды мәселені көтереді: қауіпсіздікке қатысты тәуекелдерден бөлек, атлантикалық жүйе қоғам санасына да терең әсер еткен. Оның пікірінше, бұл ықпал адамдардың ойлауына өзгеріс енгізіп, шындық пен жалғанды, жақсылық пен жамандықты ажырату қабілетін әлсіреткен. АҚШ бастаған кезекті мағынасыз соғысқа қатысты негізгі ақпарат құралдарының реакциясы — соның айқын дәлелі.
Толық күйреу жағдайына түскен осы жалған «өркениеттің» аясында Иранның ер-азаматтары мен әйелдері нағыз қайсарлықтың үлгісін көрсетіп отыр. Қасиетті Рамазан айында қаза тапқан аятолла Хаменейдің өлімі де иран халқы үшін күрес пен төзімділіктің символына айналды. Өз халқы үшін соңына дейін күресуге дайын болған оның тағдыры ұлтқа үлгі болды. Мұндай рухани биіктікті бүгінгі Еуропадағы рухани дағдарысқа түскен қоғам елестете де алмайтындай. Ал осы отты кезеңнің шынайы кейіпкері – иран халқының өзі. Бомбалар жауып жатқанына қарамастан, Иран қалаларының көшелеріне мыңдаған адамдар жиналып, агрессияға қарсы өз наразылығын білдіруде. Бұл Батыс ақпарат құралдары айтып жүргендей алдын ала ұйымдастырылған акциялар емес. Бұл – қанша қорлық көрседе, сағы сынбаған ұлттық намыстың табиғи көрінісі. Иран халқы қазіргі жағдайда елдің тәуелсіздігі мен егемендігі, барлық кемшілігі мен артықшылығына қарамастан, тек Ислам Республикасы аясында ғана сақталуы мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан олар оның төңірегіне топтасып, империализмнің әскери қуатына қарсы өз ерік-жігерін қоя отырып қарсы тұрып келеді.
Міне, агрессия қанша күш қолданса да жеңе алмайтын шынайы күш осы. Инфрақұрылымды қиратуға, мыңдаған адамды өлтіруге болады, бірақ мыңжылдық тарихы бар, ар-намысты өмірінің мәні еткен халықты ешкім тізе бүктіре алмайды. Осындай жағдайда Еуропаның алаңдарында билеп, ән айтып жүрген «диссиденттердің» көрінісі – өз халқының қасіреті үстінде қуаныш білдіргендей әсер қалдырады. Бұл тек Батыстың қандай терең рухани құлдырауға түскенін көрсетеді.
Бір жағында – бомбалардың астында тұрса да қарсыласуын тоқтатпаған халық. Екінші жағында – өз тамырынан ажырап, өзіне қарсы күштерге қол соғып тұрған аз ғана топ. Бүгінгі әлемді бөліп тұрған шынайы шекара – осы. Бұл шекара ар-намысын сақтап қалғандар мен оны қорқыныш пен ешқашан орындалмайтын жалған «өркендеу» уәдесіне айырбастағандар арасындағы айырмашылықты көрсетеді.




