LSM ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Саткалиев мәлімдемесіне сілтеме жасайды: «…бірінші станция бойынша жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Балқаш маңындағы, Үлкен кентіне жақын орналасқан алаңда жобалық-іздестіру жұмыстары аяқталды. Қаржыландыруға қатысты қиындықтар күтілмейді: атом электр станциясын салу үшін Ресей Қазақстанға мемлекетаралық кредит ұсынатын қаржыландыру тетігі айқындалды. Қазіргі уақытта екі үкіметаралық келісім әзірленуде: бірі – АЭС құрылысына қатысты, екіншісі – Ресей тарапынан қаржыландыру ұсыну туралы. Жоба құнының 85%-ы кредит есебінен, ал 15%-ы Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан қаржыландырылады. Аталған келісімдер жоғары дайындық деңгейінде», – деді Саткалиев. Жобаның нақты құны жобалау жұмыстары толық аяқталғаннан кейін белгілі болады. Қазіргі бағалау бойынша, әрқайсысының қуаты 1,2 мың МВт болатын екі энергоблоктың жалпы құны шамамен 15 млрд АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ «Қазақстандық атом электр станциялары» базасында барлық АЭС-тің иесі болатын және оларға қызмет көрсетумен айналысатын ұлттық холдинг құру жоспарлануда.
Еуразия24 пікірі:
«Росатомға» салынған санкцияларға байланысты туындаған кедергілерді ескерсек, қазақстандықтардың алғашқы АЭС-ке қатысты жаңалықтарды күткеніне біраз болды. Жобаның жай ғана талқылау деңгейінен нақты жұмыс кезеңіне өтуі өте маңызды. Өйткені бұл геологиялық, инфрақұрылымдық және экологиялық сияқты негізгі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Көптеген елдер дәл осы кезеңде жылдап қалып қойып жатады. Бұдан бөлек, қаржыландыру түрі де айқындалды. Ресейден мемлекетаралық несие алу және Қазақстанның 15%-дық үлеспен қатысуы — бюджет тапшылығы жағдайында қазынаға түсетін біржылдық салмақты жеңілдетеді. Бұл шығындарды ұзақ мерзімге бөліп, стратегиялық нысанды өз бақылауымызда сақтауға жол ашады. Сонымен қатар, жобаның қуаттылығы (әрқайсысы 1,2 ГВт болатын екі блок) еліміздің энергия теңгеріміне қосылатын қомақты үлес болмақ. Қазақстан үшін өзекті болып отырған энергия тапшылығы мәселесін шешуге Ресейдің атсалысуы — екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті, мүдделер ортақтығын және экономикалық байланыстардың одан ары нығая түсетінін тағы бір мәрте айқындап берді.




