Ұлан-Батыр. 14 мамыр. ИНТЕРФАКС — Моңғолия билігі алдағы екі жыл ішінде жалпы сыйымдылығы шамамен 300 мың тонна болатын жаңа мұнай өнімдері қоймаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл елге импортталатын жанармай негізінде стратегиялық қор қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы моңғолиялық БАҚ өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Гонгорын Дамдиннямға сілтеме жасап хабарлады.
«Биыл сыйымдылығы 105 мың тонна болатын резервтік қойма пайдалануға беріледі. Келесі жылы тағы 190 мың тонналық резервуар іске қосылады. Соның арқасында 2027 жылы екі айлық тұтыну қорын жинақтай аламыз. Сонымен қатар болашақта кемінде 3–4 айға жететін стратегиялық қор қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз», — деді министр.
Моңғолияда мұнай өнімдеріне сұраныс артып келеді. 2025 жылдың екінші жартысында тұтыну көлемі екі есеге өссе, жылдық өсім шамамен 20%-ды құраған. Сондықтан жанармай тапшылығына жол бермеу үшін елге жаңа қоймалар салу қажет болып отыр.
Наурыз айының соңында Ұлан-Батыр Ресей үкіметіне әлемдік мұнай нарығындағы баға құбылмалылығына қарамастан, екіжақты сауда аясында мұнай бағасын көтермеу туралы өтініш жасағаны белгілі болды. Ресей Моңғолияға жеткізілетін мұнай өнімдерінің 98%-ын қамтамасыз етеді.
Моңғолия билігі әлемдік бағаның әрі қарай өсуі ішкі нарықтағы жанармай бағасының 40%-ға дейін қымбаттауына әкелуі мүмкін деп болжаған еді. Сәуір айының соңында тараптар Ресейдің Моңғолияға экспортталатын бензин мен дизель отынының бағасын көтермеуі туралы келісімге келді. Соның нәтижесінде ел шамамен 500 млн доллар үнемдеген.
Сонымен қатар Моңғолия Қазақстаннан мұнай импорттауға да мүдделі. Сәуір айында тараптар мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында Қазақстаннан Моңғолияға жылына кемінде 1 млн тонна мұнай жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.
Моңғолия билігі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары салдарынан елдің жанармай нарығы мен қаржылық тұрақтылығына нақты қауіп төніп отырғанын айтады. Мұнай өнімдерінің импортына тәуелді Моңғолия экономикасы әлемдік нарықтағы ықтимал күйзелістен зардап шегуі мүмкін. Билік мұның салдары бірнеше айға созылатын жанармай дағдарысына ұласуы ықтимал деп есептейді.




