Мәскеу. 27 мамыр. ИНТЕРФАКС – Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейсенбі күні екі ел арасындағы бірқатар бірлескен жобаларды талқылайды. Бұл туралы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекет басшылары арасындағы ерекше жеке қарым-қатынас өзекті мәселелерді ашық әрі нәтижелі талқылауға мүмкіндік береді.
«Олардың арасында екіжақты қатынастар мен халықаралық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерді өте сындарлы, тиімді және ашық талқылауға мүмкіндік беретін ерекше жеке қарым-қатынас қалыптасқан», – деді Песков журналистерге.
Ол ертең Ресей президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарының негізгі күні өтетінін айтты. Бағдарламада ресми қарсы алу рәсімдері, тар және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер, сондай-ақ күн тәртібіндегі барлық жобаларды талқылау қарастырылған.
Песковтың сөзінше, негізгі серпінді жобалар бойынша бірқатар бейнепрезентациялар ұсынылады.
«Бұл – өзіндік жаңашылдық деуге болады», – деді ол.
Сонымен қатар Песков Ресей президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында «Казахстанская правда» газетінде жарияланған авторлық мақаласында Ресей-Қазақстан қатынастарына қатысты ұстанымын баяндағанын еске салды.
«Біздің білуімізше, Астанада бұл мақалаға назар аударылды», – деді Песков.
Путин Қазақстанға 27–29 мамыр аралығында мемлекеттік сапармен келеді.
ЕАЭО саммиті аясындағы іс-шаралармен байланысты ұйымдастырылған мемлекеттік сапардың ресми бағдарламасы бейсенбіге жоспарланған. Алайда сәрсенбі кешінде Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жабық форматтағы бейресми жеке кездесуі өтеді.




