Лондон. 6 маусым. ИНТЕРФАКС – АҚШ-тың барлау ұшақтары мен ұшқышсыз ұшу аппараттары Ресей шекарасына жақын Қара теңіз акваториясындағы ұшуларын толық тоқтатты. Бұл туралы Itamilradar порталы хабарлады.
Портал мәліметінше, Иранмен қақтығыс басталғанға дейін америкалық барлау авиациясының өңірдегі тұрақты қатысуы НАТО-ның Қырымдағы ресейлік әскери белсенділікті, Қара теңіз флотын және Украинадағы жағдайды бақылауға арналған негізгі құралдарының бірі болған.
Хабарламада НАТО-ның шығыс қанатында қалыпты құбылысқа айналған бұл қатысудың қазір мүлдем байқалмайтыны атап өтіледі.
Әсіресе АҚШ-тың негізгі радиоэлектрондық барлау платформаларының ұшулары тоқтағаны назар аудартады. Олардың қатарында Ұлыбританиядан ұшатын RC-135W Rivet Joint ұшақтары, Сицилия аралында орналасқан RQ-4 Global Hawk дрондары және P-8A Poseidon ұшақтары бар.
Сонымен қатар, АҚШ қалдырған олқылықтың бір бөлігін еуропалық одақтастары толтырып отырғаны айтылады. Соңғы апталарда Ұлыбритания Корольдік әскери-әуе күштерінің RC-135W Rivet Joint ұшақтары, француз барлау авиациясы және Италия әскери-әуе күштерінің G550 CAEW радиоэлектрондық барлау ұшақтары бірқатар миссиялар орындаған.
Алайда порталдың бағалауынша, бұл ұшулардың жиілігі мен ауқымы бұрын АҚШ қамтамасыз еткен деңгеймен салыстыруға келмейді.
Itamilradar мұның бір себебі АҚШ-тың Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысты қашық ұстанымға көшуімен байланысты болуы мүмкін деп санайды. Сонымен қатар бұл қадамдар АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет мәлімдеген Еуропа қауіпсіздігі мәселелеріне тікелей қатысуды қысқарту саясатына да сәйкес келеді.




