Евразия24Басты бетПентагонның сарқылған қару-жарақ қоры және геосаясат

Пентагонның сарқылған қару-жарақ қоры және геосаясат

|

|

АҚШ-қа Patriot әуе қорғанысы жүйесіне арналған зымыран қорын қалпына келтіру үшін кемінде бес жыл қажет. Ал өзге дереккөздер мен сарапшылардың бағалауынша, бұл мерзім әлдеқайда ұзақ болуы мүмкін. Tomahawk қанатты зымырандарының қорын толықтыруға кемінде жеті жыл керек. Кейбір болжамда бұл мерзім 8,5–9 жыл деп көрсетілген. Пентагон қоймаларындағы қару-жарақ тапшылығы Вашингтонның сыртқы саясатына да ықпал етіп отыр. Ақ үй енді бұрынғыдай әскери күшпен сес көрсете алмайды. Өйткені оның қолындағы әскери қысым жасау мүмкіндігі едәуір шектелген.

Тарихшылардың айтуынша, 1938 жылғы Мюнхен келісімі кезінде Иосиф Сталин Чехословакияға әскери көмек ұсынғанда, шын мәнінде өз мүмкіндігін асыра көрсеткен. Өйткені дәл сол уақытта оның қолына кеңестік өнеркәсіптің артиллериялық оқ-дәріге қажетті дәріні жоспарланған көлемде өндіре алмағаны туралы баяндамалар түсіп жатқан еді. Өндіріс технологиясы белгіленген мерзімде игерілмеген болатын.

Екінші дүниежүзілік соғыс көрсеткендей, авиация мен броньды танк әскерлері қарқынды дамығанына қарамастан, артиллерия ұрыс даласындағы шешуші күш болып қала берді. Демек, осындай өндірістік қиындықтар жағдайында ауқымды соғысқа араласу үлкен тәуекелге барумен тең еді. Алайда Сталин күрделі саяси ойындарды шебер жүргізіп, мұндай қадамдарға бара алатын.

1938 жылы бейбіт жағдайда өмір сүріп жатқан КСРО-дан айырмашылығы, АҚШ 2026 жылғы 28 ақпанда Иранмен ашық әскери қақтығысқа түсті. Бұл соғыс қанатты зымырандар мен әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымыран қорының әскери стратегия мен жоспарлау тұрғысынан ең төменгі қажетті деңгейден де азайып кеткенін көрсетті.

Соғыс жүргізуге қажетті қару-жарақтың тапшылығы мемлекеттің алдағы әрекетіне қалай болғанда да әсер етеді. Президент Трамптың Еуропа қанша қаржы төлеуге дайын болса, Украинаға сонша қару-жарақ сатамыз деген уәдесі құр сөз болып шықты. Пентагон өзіне аса қажет қару-жарақ қорын да толықтыра алмай отыр. Өйткені әскери тапсырыстарды орындайтын компаниялар өндірісті ұлғайту үшін жеткілікті жұмыс күшін тарта алмайтын болып шықты.

Өндірістегі ең осал тұс білікті мамандардың тапшылығы екені анықталды. Одан кейінгі мәселе – сирек кездесетін жер элементтерінің жетіспеуі. Егер Қытаймен арадағы 2027 жылы 10 қаңтарға дейін ұзартылған сауда бітімі аяқталса, АҚШ-тың әскери-өнеркәсіп кешені жоғары дәлдіктегі қару-жарақ өндіруге қажетті шикізатсыз қалуы мүмкін.

Бұл тек зымырандарға ғана қатысты емес. Мұндай шикізат Таяу Шығыста Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) жойған радарларды қалпына келтіруге, бесінші буындағы жойғыш-бомбалаушы ұшақтарды және басқа да көптеген әскери техниканы жасауға қажет.

Қазіргі заманғы жоғары технологиялы қару-жарақты өндіруге ұзақ уақыт кететінін естен шығармаған жөн. Тоғыз әйел бір айда бір баланы дүниеге әкеле алмайтыны сияқты, Patriot жүйесіне арналған зымыранды да бір жылда жасап шығару мүмкін емес. Өйткені оның түріне қарай өндіріс мерзімі 23–25 айға созылады. Соғыс жүргізуге қажетті өзге қару-жарақ түрлерінің өндірісінде де жағдай осындай.

Одақтасыңа қару-жарақпен көмектесе алмасаң, жылы сөзбен қолдау білдіруден басқа амал қалмайды. Дональд Трамптың Киевке Мәскеумен тезірек келісімге келуді ұсынып отырғаны да содан болса керек. Оның үстіне, Украинадағы зениттік зымыран кешендерінің көбі іс жүзінде пайдасыз тұр. Өйткені оларға қажетті зымырандар жоқ.

Санкт-Петербургке жасалған соңғы ауқымды дрон шабуылы кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары Латвия мен Эстонияның әуе кеңістігі арқылы өткен. Егер Кремль бұрыннан ұстанып келе жатқан «ұстамдылығынан» бас тартып, Балтық елдеріне қарсы әскери күш қолдануға бел буса, Вашингтонның НАТО-дағы еуропалық одақтастарына көмектесетін кәдімгі қару-жарағы жеткіліксіз болуы мүмкін.

Шын мәнінде, АҚШ-тың 47-президенті біраз уақыттан бері НАТО-дағы одақтастарын айыптап, оларға өкпе-ренішін білдірумен келеді. Оның сөзінше, еуропалық серіктестері Парсы шығанағында АҚШ-ты қолдаусыз қалдырған. Оның үстіне, америкалық қару-жарақ сатып алуға қажетті қаражатты жұмсағысы келмейді. Еуропа елдері қорғаныс шығындарын ұлғайтқанымен, бұл қаржы негізінен өздерінің әскери кәсіпорындарына бағытталып отыр. Трамптың айтуынша, еуропалықтар АҚШ-тың мүддесіне талай рет нұқсан келтірген. Сондықтан Вашингтон олардың әрекетіне мұқият қарауы керек.

Осылайша, Трамптың еуропалық одақтастарына таққан айыптары Вашингтонның алдағы әрекетін ақтауға негіз болып отыр. Егер Латвия мен Эстонияға әскери көмек қажет болса, АҚШ осы айыптарды алға тартып, оларға қолдау көрсетуден бас тартуы мүмкін.

Ал АҚШ-тағы қару-жарақ өндірушілердің жағдайы өте жақсы. Тапсырыс мол, бөлінетін қаржы қомақты, ал келісімшарттар бірнеше жылға жасалған. Алайда Пентагонның жағдайы мүлде басқаша. Қару-жарақ қоймаларындағы қор азайып, әсіресе жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілердің тапшылығы әскери стратегияны жоспарлау мүмкіндігін шектеп отыр. Соның салдарынан Ақ үйдің де әскери күшпен қоқан-лоқы жасауға және сыртқы саясатта күш көрсету арқылы ықпалын жүргізуге мүмкіндігі тарылған.

Дональд Трамп бұл жолы да Нобельдің бейбітшілік сыйлығын ала алмады. Дегенмен көпшілік алдында ара-тұра бейбітшілік туралы айтуына тура келеді. Өйткені зымыран тапшылығы Вашингтонның қандай саясат ұстанатынына тікелей әсер етіп отыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Жапония мен Оңтүстік Кореяның қор нарықтары өсті, Қытайда акциялар арзандады

Сәрсенбі күні Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі қор нарықтарында сауда әркелкі нәтижемен аяқталды.

Трамп Ресей америкалық Хаббардты босату үшін ешқандай шарт қоймағанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні Ресей билігі америкалық Стивен Хаббардты түрмеден босату үшін Вашингтоннан ештеңе талап етпегенін мәлімдеді. Қазір Хаббард еліне қайтып бара жатыр.

Протекционизм Еуроодақта автокөлік өндірісінің қымбаттауына әкеледі

Еуропалық одақтың отандық автомобиль өнеркәсібін қорғауға бағытталған шаралары көлік өндірісінің өзіндік құнын арттырып, әлемдік жеткізу тізбектерінің қалыптасқан жүйесіне кері әсер етуі мүмкін.

Макрон Франциядағы наразылықтарға шетелдік күштердің араласқанын растайтын белгілер жоқ екенін мәлімдеді

Франция президенті Эмманюэль Макрон өткен демалыс күндері ел аумағында болған наразылық акцияларына шетелдік күштер тікелей араласпаған деп есептейді.