Мәскеу. 21 қазан. ИНТЕРФАКС – Еуропалық одақтың отандық автомобиль өнеркәсібін қорғауға бағытталған шаралары көлік өндірісінің өзіндік құнын арттырып, әлемдік жеткізу тізбектерінің қалыптасқан жүйесіне кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Еуропалық автомобиль өндірушілер қауымдастығының (ACEA) президенті әрі Mercedes-Benz компаниясының бас атқарушы директоры Ола Каллениус ескертті.
Оның айтуынша, қазіргі автокөліктер әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізілетін мыңдаған бөлшектен құралады. Сондықтан саудаға шектеу қою өндіріс шығындарын көбейтеді.
«Сіздер жеткізу жүйесінің тұрақтылығын арттырасыздар. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ сонымен бірге шығындардың өсуіне жол ашасыздар. Сондықтан екі мүдденің арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет», – деді ол Berlin Global Dialogue конференциясында.
Каллениус Еуропаның оқшауланып, АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Үндістан сияқты ірі серіктестермен іскерлік байланыстарын тоқтата алмайтынын атап өтті.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Mercedes-Benz басшысы Еуроодақты жаңа сауда келісімдерін жасауға шақырған. Ол Оңтүстік Америка елдерімен ұзақ уақыт бойы кейінге шегеріліп келген келісімді бекітуге бағытталған жұмыстарды, сондай-ақ Үндістан және өзге де серіктестермен келіссөздердің ілгерілеуін құптайтынын жеткізді.
Сонымен қатар Каллениус ұзақ жылдарға созылған жаһандану кезеңінен кейін протекционизмнің қайта күшеюіне Еуропа бейжай қарамауы керектігін ескертті.
Бұған дейін, қазан айының басында, Еуроодақ пен Қытай гибридті автокөліктер саудасына қатысты өзара түсіністікке келген болатын. Атап айтқанда, Қытай Еуроодаққа дәстүрлі және электр желісінен қуатталатын гибридті көліктер экспортын шектеуге келісті.
«Бұл Қытайдан жеткізілетін автокөліктер көлемін екі еседен астам қысқартуға мүмкіндік береді», – деді Еуроодақтың сауда жөніндегі комиссары Марош Шефчович. Оның айтуынша, келісім алдағы төрт жылға есептелген.
Брюссель Қытайдан импортталатын автокөліктермен бәсеке күшейген жағдайда еуропалық өндірушілерді қолдаудың қосымша шараларын да қарастырып жатыр. Алайда мұндай қадамдар Еуроодақтың өзге сауда серіктестеріне, соның ішінде Жапония мен Оңтүстік Кореяға да кері әсер етуі мүмкін.




