Сайлау науқаны қызған шағына жеткенімен, қоғамда ерекше белсенділік байқалмайды. Көшеде, автобустарда немесе аялдамаларда халық партиялардың пікірсайыстары мен бағдарламаларын қызу талқылап жатқан жоқ. БАҚ пен әлеуметтік желілерде де саяси тартысқа қатысты пікірталас аса қарқынды емес. Жарияланып жатқан материалдардың өзінен қоғамдық үміт пен қызу талқылаудан гөрі, науқан талабын орындау сипаты көбірек байқалады.
Бұған таңғалудың да қажеті шамалы. Партиялардың бағдарламалары бір-бірімен бәсекеге түсетін тұс болса, ол – қордаланған мәселелердің бәрін шешіп, барлық саланы жақсартамыз деген уәделер. Халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту, жалпы елдегі жағдайды жақсарту – бәрі бар. Бұл тұрғыда «Әділет» партиясы көш бастап тұр. Дегенмен басқа үміткерлер де одан көп қалыса қойған жоқ.
Сонымен қатар партиялардың ешқайсысы өздері ұсынып отырған бастамалардың жүзеге асатынына күмән келтірмейді. Олардың пайымдауынша, бұған дейін мұндай шешімдер ешкімнің ойына келмеген немесе ойлаған күннің өзінде оны қалай іске асыру керектігін білмеген. Ал Құрылтайдағы мандатқа таласып жатқан қазіргі үміткерлер оның жолын біледі-мыс.
Осы тұста Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет құрамы жаңаруы мүмкін екенін ескерсек, министрлер арасында да пікірсайыс өткізудің реті келіп тұрғандай. Әрқайсысы экономика мен елде қордаланған мәселелерді қалай бағалайтынын және оларды шешудің қандай жолдарын ұсынатынын ортаға салса, артық болмас еді. Бәлкім, мұндай пікірталас партия идеологтарына да жаңа серпін берер еді.
Ал біз өз тарапымыздан ең басты мәселенің шешімін қай бағыттан іздеу керектігін ұсынар едік. Оның үстіне, бұл – негізгі ғана емес, өзге түйткілдердің бәріне бастау болып отырған мәселе. Оның екі қыры бар.
Біріншіден, шетелдік инвестициялар мен қарыздарға негізделген, табыстың елеулі бөлігі сыртқа кететін экономикалық модель Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде-ақ қалыптасты. Алайда мұндай жүйе халықтың әл-ауқатын қажетті деңгейге жеткізуге де, экономиканың сапалы дамуын қамтамасыз етуге де қауқарсыз.
Екіншіден, кезінде экономикалық өсім жоғары болған жылдары өз мүмкіндігін пайдаланған бұл модель бүгінде әбден ескірді. Оның ресурсы да сарқылып, қазіргі экономикалық талаптарға сай келмейтін тұстары көбейді. Ұзақ уақыт қолданылған кез келген жүйе секілді, оның да қордаланған мәселелері мен шектеулері аз емес.
Осы екі тұжырымның біріншісін, яғни шетелдік инвестициялар мен инвесторлардың үлесі жоғары болғанына қарамастан, қазақстандықтардың әл-ауқатының төмен деңгейде қалып отырғанын ресми статистика да көрсетеді. Биылғы қаңтар-наурыз айларындағы ЖІӨ құрылымында еңбекақы төлеуге 27,6%, таза салықтарға 9,8%, ал жалпы пайдаға 62,6% тиесілі болды.
Енді осы құрғақ сандардың астарында не жатқанын партиялық насихат тілімен түсіндіріп көрейік. Барлық жалдамалы қызметкерлер, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да өз табысына Қазақстанда өндірілетін өнім мен қызметтің 28 пайызына да жетпейтін бөлігін ғана сатып ала алады. Ал пайданы иеленетін жұмыс берушілердің үлесіне 63 пайызға жуық қаражат тиеді. Бұл – аса үлкен әрі әділетсіз алшақтық. Оның үстіне, мұндай мол пайда барлық жұмыс берушіге бірдей бұйырып отырған жоқ. Негізгі үлес сол шетелдік инвесторлардың еншісінде.
Қарапайым тілмен айтқанда, тікелей инвестициялар – кен орындарына, өндіруші және металлургиялық кешендерге салынатын, негізгі капиталды қалыптастыратын қаражат. Демек, мұндай шетелдік инвестиция көлемі артқан сайын ұлттық экономикадағы шетелдік капиталдың ықпалы да күшейе түседі. Соның нәтижесінде пайданың басым бөлігі солардың үлесіне тиіп, еңбекке төленетін қаражаттың үлесі төмен деңгейде қалып отыр.
Лавуазье – Ломоносов заңына сүйенсек, бір жерде бір нәрсе көбейсе, екінші жерде сонша мөлшерде азаяды. Сондықтан партиялық бағдарламалардағы халықтың әл-ауқатын арттыру, жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі көптеген уәделерге тағы бір маңызды мәселені қосқан жөн: оған қажетті қаражат кімнің есебінен және қандай жолмен қайта бөлінеді?
Енді ұлттық валютаның инвестициялық және несиелік мүмкіндіктері әдейі шектелген осы «сыртқа бағытталған» экономикалық модельдің ескіруіне келейік. Шетелден тартылған қарыз көлемі бүгінде шамадан тыс көбейіп кетті.
Тағы да құрғақ статистикаға жүгінейік. 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 182,8 млрд долларға жеткен. Оның 16,5 млрд доллары мемлекеттік органдарға, 20,1 млрд доллары банктерге тиесілі. Ал ең үлкен үлес – 85,5 млрд доллар – фирмааралық берешекке тиесілі.
Бұл деректер де партиялық бағдарламаларды әзірлеушілерге ой салуға тиіс. Бәлкім, сайлаудан кейін қайта тағайындауды күтіп отырған Ұлттық банк, Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің басшылығына да назар аударатын мәселе бар. Фирмааралық берешек дегеніміз – шетелдік компаниялардың Қазақстандағы еншілес құрылымдарының өздерінің бас компанияларынан алатын қаражаты. Бұл да сырттан инвестиция мен несие тартудың қолайлы тетігі екені сөзсіз. Оның үстіне, қаражат бір компаниялар тобының ішінде беріледі. Мұндай тәсіл салықтық төлемдерді азайтып, Қазақстаннан көбірек қаражат шығаруға да мүмкіндік береді.
Осы орайда Ұлттық банктің сыртқы қарызға есептелетін пайыздық төлемдер жөніндегі деректері назар аудартады. Жалпы көлемі 182,8 млрд доллар сыртқы қарыздың 61,6 млрд долларына қосымша 34%, 22,6 млрд долларына 12%, ал 89,7 млрд долларына 49% көлемінде төлем есептеледі. Қалған 8,9 млрд доллар қарыз бойынша, Ұлттық банктің мәліметінше, ақпарат жоқ.
Дегенмен қолда бар деректердің өзі есеп жасауға жеткілікті: Қазақстан экономикасы тартылған сыртқы қарыздың үстінен тағы 67,5 млрд доллар, яғни оның 37%-ына тең қаражат төлеуге тиіс.
Бұл қаражат елден тиісті көлемдегі валютаның шығарылуы арқылы өтеледі. Бұл ретте қарызды мемлекеттің өзі өтей ме, әлде шетелдік компаниялардың Қазақстандағы еншілес құрылымдары қаражатты бас компанияларына аудара ма – түпкі нәтиже тұрғысынан айтарлықтай айырмашылық жоқ.
Ұлттық банктің тағы бір статистикасына назар аударайық. Бұл жолы – бірінші жартыжылдықтағы төлем балансының көрсеткіштері. Каспий құбыр консорциумының жұмысына қатысты түрлі қиындықтарға қарамастан, экспорт көлемі 53,3 млрд долларға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 43,8 млрд доллар болған. Мұнай жөнелтудегі іркілістер Қазақстан бюджеті мен Ұлттық қордың түсіміне кері әсер етіп отырғанымен, экспорттаушылар үшін бұл шығынның орнын әлемдік нарықтағы бағаның өсуі толтырып отыр.
Алайда экспорттан осындай қомақты кіріс түскеніне қарамастан, бірінші жартыжылдықта Қазақстанның төлем балансының оң сальдосы небәрі 0,99 млрд доллар болды. Дегенмен көрсеткіштің оң мәнде қалғанының өзі көңілге медеу. Өткен жылдың осы кезеңінде сальдо 3,5 млрд доллар көлемінде теріс болған еді. Сонда Қазақстан экономикасына аса қажет валюта қайда кетіп жатыр?
Оның басым бөлігі импортты қаржыландыруға жұмсалады. Бұл ретте әңгіме негізінен тұтыну тауарлары туралы емес. Шикізат экспорттаушы компаниялардың өздері өндірістік қажеттіліктері үшін шетелден жабдықтар, қосалқы бөлшектер мен материалдар әкеледі. Олардың едәуір бөлігі осы компаниялардың негізгі өндірістік базалары орналасқан елдерден жеткізіледі.
Үгіт-насихат жүргізіп жүргендер, бұл деректер сіздерге де ой салмай ма?
Ал төлем балансының қомақты профицитін нөлге дейін төмендетіп, тіпті теріс көрсеткішке түсіретін басқа факторлардың қатарында шетелдік инвесторлар мен кредиторлар бар. Мәселен, бірінші жартыжылдықта қазақстандық инвесторлар мен кредиторлардың шетелден алған кірістері мен шетелдік инвесторлар мен қарыз алушылардың Қазақстаннан әкеткен кірістері арасындағы айырма 13,6 млрд долларды құрады. Әрине, көрсеткіш теріс мәнде, өйткені бұл қаражат елден шығарылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде де инвестициялық кірістер балансы 10,5 млрд доллар көлемінде теріс нәтиже көрсеткен.
Ұлттық қордың қаражатын сақтауды маңызды санайтындар үшін тағы бір көрсеткішке назар аударған жөн. Қазақстанның шетелдегі активтерінен биылғы бірінші жартыжылдықта түскен инвестициялық кіріс 1,16 млрд долларды құрады. 2025 жылдың алғашқы алты айында да дәл осындай көлемде – 1,16 млрд доллар кіріс алынған. Оның жартысы балалардың есепшоттарына аударылады.
Бір қарағанда, жаман көрсеткіш емес. Алайда шетелдік инвесторлардың Қазақстаннан алып шығатын кірісі бұдан бірнеше есе көп екенін ескерсек, бұл сома айтарлықтай жоғары көрінбейді. Ал осы қаражаттың жартысы кәмелетке толған азаматтардың барлығына бөлінсе ше? Болашақ депутаттар мен министрлер үшін ойланатын мәселе бар…




