Вице-президенттің, Құрылтай депутаттары мен Халық кеңесі мүшелерінің есімдері белгілі болды. Енді жаңа Конституция қабылданғаннан кейін де Қазақстандағы билік пен қоғам арасындағы кері байланыс мәселесі шешілмеді деуге негіз бар. Бір палаталы парламент депутаттарының қызметі партиялық шектеулермен шектелсе, Халық кеңесінің мүшелерін Президенттің өзі бекітеді. Журналистер мен блогерлерді жазалауға қатысты бірнеше резонансты жағдайдан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өткір мәселелерді көтеруден тартынып жүр. Алайда қордаланған проблемалар бұдан жойылып кеткен жоқ. Билік көздегеніне қол жеткізді. Бірақ өзі қалыптастырған осындай қолайлы жағдай мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығына қаншалықты тиімді?
Жаңадан құрылған өкілді және консультативтік-кеңесші органдардың құрамына қарап, олардың қатарында мемлекет пен қоғамның жұмыс істеуіне қатысты түбегейлі мәселелерді көтеріп жүрген тұлғалардың жоқ екенін байқауға болады. Ал өткір мәселелер көтерілген күннің өзінде, олар көбіне жекелеген кәсіби немесе әлеуметтік топтардың мүддесімен шектелген.
Қазақстандағы петиция жүйесі іс жүзінде жұмыс істемейді. Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты жағдай мұны анық көрсетті. Сондықтан бір жағынан атқарушы биліктің орталықтандырылған жүйесі, екінші жағында Құрылтай мен Халық кеңесінен тұратын қос құрылымды жүйе қалыптасқан жағдайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика мен тарифтер, салық салу, халық үшін аса маңызды инфрақұрылымды дамыту, құқық қорғау органдары тарапынан болатын заң бұзушылықтар сияқты мәселелердің қалай шешілетіні түсініксіз. Инфляцияны қалай тежеу керек? Халықтың нақты табысын арттыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мәселелерді кім және қалай шешеді?
Ресми тұрғыдан алғанда, мұнымен, мәселен, жаңа бір палаталы парламенттің депутаттары айналысуға тиіс. Алайда сайлау науқанының таңғаларлықтай солғын өтуі көп нәрсені аңғартады. Сайлау аяқталғаннан кейін есте қаларлық бірде-бір бастаманы немесе сайлаушылардың назарын аударған тың қадамды атау қиын. Мұның өзі азаматтарды шынымен алаңдататын маңызды мәселелерді көтеруге құлықтың немесе мүмкіндіктің жоқтығын көрсетеді.
Халық кеңесі сессияға жылына бір рет жиналады. Әрине, оның тұрақты жұмыс істейтін органы бар. Алайда оның қоғамдағы күрделі мәселелер мен билікке ұнамайтын жайттарды Президентке тікелей жеткізуге өкілеттігі бар деу қиын. Әйтпесе Мемлекет басшысы тұрғындардың бір-бірімен амандасу әдебі немесе қабырғадағы граффитиді жою сияқты мәселелерге назар аудармас еді. Әдетте мұндай мәселелер негізгі түйткілдер белгілі бір деңгейде шешілгеннен кейін ғана күн тәртібіне шығады.
Құрылтай мен Халық кеңесінің қазіргі құрамы мен жұмыс тәртібі жоғары биліктің бастамаларын қолдауға қолайлы. Бірақ бұл жерде әңгіме билік пен қоғам арасындағы кері байланыс тетігі туралы болып отыр. Ал оның міндеті мүлде басқа. «Ескі Қазақстан» кезеңінде мұндай жағдайды бастан өткердік. Мәжіліс, кәсіподақтар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамдағы ахуалды билікке жеткізетін арналардың әлсіреуі министрліктер мен әкімдіктерді әлеуметтік желілерді бақылап, блогерлермен жеке-жеке жұмыс істеуге мәжбүр етті. Алайда бұл тәсіл де ақырында мәселені шеше алмады.
Институционалдық тетіктер қажет. Ақпаратты нақты бір адам жеткізген күннің өзінде, ол белгілі бір қоғамдық топтың немесе ортаның пікірін білдіретін жүйенің бір бөлігі болуы керек. Мәселен, мұнда – қала тұрғындарының үні, мұнда – журналистер жинаған ақпарат, енді бір жерде – бизнестің ұстанымы, оқушылардың ата-аналарын толғандырған мәселелер, салық төлеушілерден түскен мәліметтер, әлеуметтанушылар жүргізген зерттеулер бар. Осындай әртүрлі арналардан жиналған деректер жоғары билікке қоғамдағы жағдай туралы біршама толық әрі шынайы көрініс береді. Ал билік қолда бар ақпарат пен сараптамалық құрылымдардың қорытындыларына сүйене отырып, басқарушылық шешімдер қабылдайды. Ақпарат нақты жағдайды неғұрлым дәл көрсетсе, дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі де соғұрлым жоғары.
Әрине, бұл – мінсіз үлгі. Ал қазіргі жағдайда билікті, әсіресе оның ең жоғары деңгейін елдегі нақты ахуалдан алшақтататын түрлі кедергілер мен тетіктер қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Нақты жағдайды ашық жеткізуге тырысқан адамдар әртүрлі қысымға ұшырайды. Мұндағы ең маңызды мәселе де осы: мемлекеттік аппараттың күші проблеманың өзін шешуге емес, оны айтып жүрген адамдарға қарсы жұмсалады. Мұндай жағдай белгілі бір уақытқа дейін билікке қолайлы болуы мүмкін. Бірақ күрделі мәселелерді үнемі бүркемелеп, елеусіз қалдыра беру мүмкін емес.




