Евразия24Басты бетӨзін-өзі күйреткен Еуропаның шежіресі  

Өзін-өзі күйреткен Еуропаның шежіресі  

|

|

Фабрицио Виельмини

Жарылғыш заттар туралы жалған хабарламалар, мектептердегі эвакуация және әскери қауіп жөніндегі мәлімдемелер: Италиядан Польшаға дейін үрейді саяси мақсатта пайдалану, Ресейдің «ізін» іздеу және геноцидке қатысты қосарлы ұстаным.

Соңғы күндері Еуропаның бірқатар елінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламалар тұрғындарды дүрліктіріп, адамдарды эвакуациялауға және мекемелердің уақытша жабылуына себеп болды. Бұл мақалада аталған оқиғалардың қоғамдағы тұрақсыздықтың күшеюімен қалай байланысатынын қарастыруға тырысамын. Оның алғашқы айқын белгілерінің бірі қазан айында өткен студенттер наразылығы еді.

Ең алдымен, Еуразия24 басылымындағы осы айдарға арналған мақалаларда үнемі айтылып жүрген мәселеге тоқталайық. Еуропа елдеріндегі билеуші топтарға деген қоғамдық сенім мен қолдау тарихи тұрғыдан ең төменгі деңгейге түскен. Қалыптасқан жүйедегі терең дағдарысты көрсететін наразылықтарға тап болған еуропалық билік өкілдері барған сайын абдырап, халықтың наразылығын туғызған негізгі себептерді мойындамауға тырысып отыр.

11–12 қараша күндері Тайвань университеттерінің біріне қатысы бар бұзылған электрондық пошта аккаунтынан Италия, Ирландия, Венгрия, Сербия және Ұлыбританиядағы, атап айтқанда Шотландия мен Солтүстік Ирландиядағы мыңдаған мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламалар жіберілді. Соның салдарынан алаңдаушылық күшейіп, адамдар эвакуацияланып, бірқатар мектептің жұмысы уақытша тоқтатылды. Хабарламалардың жалған екені айқын байқалғанына және олардың «Михаил Андропов» деген атпен жіберілгеніне қарамастан, бұл жағдай жұртты дүрліктірді. Аталған есім кездейсоқ таңдалмаған. Ол Кеңес Одағының басшысы Юрий Андроповты еске түсіру арқылы жалған қауіптің артында «Ресейдің қолы» тұрғандай әсер қалыптастыруға бағытталған.

Италиядағы оқиғалар Еуропалық Одақ елдерінде әлеуметтік ахуалдың нашарлап бара жатқанын айқын көрсетеді. 11 қарашада елдегі 7 476 мемлекеттік мектептің шамамен 6 000-ына электрондық пошта арқылы жалған хабарлама жіберілген. Келесі күні де жекелеген өңірлердегі жүздеген мектепке ғимараттарға жарылғыш зат қойылғаны туралы хаттар түскен. Италияда бұл жағдай үлкен дүрбелең туғызды. Жүздеген білім беру мекемесінен оқушылар мен қызметкерлер эвакуацияланып, көптеген мектепте дабыл қағылды. Оқиғалар елдегі ахуалды шиеленістіріп, тұрғындардың алаңдаушылығын арттырды.

Хабарламаларға қойылған қолтаңба да күмәнді еді. Италияға жолданған хаттарда өзін «Мизогинистан уәлаятының» басшысы деп таныстырған «Михаил Андропов» есімі көрсетілген. Осылайша, хабарлама авторлары Ресейге қатысты тұспалды «Ислам мемлекеті» ұйымымен байланыстыруға тырысқан. Аталған ұйым өз бақылауындағы аумақтарды «уәлаят» деп атайтыны белгілі. Арандатушылық сипаттағы хаттарда «итальяндықтарға қарсы геноцид» жасалатыны да айтылған.

Осы оқиғалар Италия мектептеріндегі қауіпсіздік шараларының өзара үйлестірілмегенін көрсетті. Құқық қорғау органдары хабарламалардың жалған екенін анықтағанша, мектеп әкімшіліктері өз бетінше әрекет етуге мәжбүр болды. Өйткені электрондық пошта арқылы жаппай қауіп төндірілген жағдайда басшылыққа алатын ортақ тәртіп болмаған. Әр мектеп директоры жағдайға қарай жеке шешім қабылдаған. Бұл білім беру мекемелерінің мұндай қатерлерге дайындық деңгейі жеткіліксіз екенін аңғартады.

Еуропада осыған ұқсас оқиғалар бірнеше аптадан, тіпті бірнеше айдан бері тіркеліп келеді. Мәселен, 2 қарашада Италиядағы 279 білім беру мекемесіне «Ислам революциясының сақшылары» атынан хаттар жіберілген. Сол күні әуежайлар, супермаркеттер, ауруханалар, банктер, министрліктер мен су электр станцияларының ақпараттық жүйелері де хакерлік шабуылдарға ұшыраған. Бұған дейін Франциядағы ірі сауда желілерінің тоңазытқыш қондырғыларының жұмысында іркілістер болған. Кейін Франция үкіметі шабуылға Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының кибербөлімшесі қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұған парсы тіліндегі жазбалар мен Иранға тіркелген IP-мекенжайлар негіз болған.

Алайда аталған оқиғалардың бір уақытта болуы олардың бәрін бір топ ұйымдастырғанын дәлелдемейді. Еуропалық шенеуніктер мен сарапшылар «гибридті соғыс» ұғымын жиі қолданғанымен, шабуылдарға кімнің жауапты екенін анықтау жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Оларды біреулерге еліктеген адамдар, жеке әрекет етушілер немесе интернеттегі арандатушы топтар ұйымдастыруы да мүмкін.

Жалпы, бұл оқиғалар халық арасында үрей туғызып, қауіпсіздік саласына басымдық беру қажеттігіне қоғамды иландыруға бағытталған әрекеттердің белгілерін аңғартады. Жалған хабарламалар 10–11 қарашада Абу-Дабиде өткен Ресей мен Украина арасындағы келіссөздермен тұспа-тұс келді. Еуропаның билеуші топтары келіссөздер нәтижесінде «гибридті соғыс» пен Ресейдің Еуропаға басып кіру қаупі туралы мәлімдемелердің саяси өзектілігі төмендей ме деп алаңдайды. Өйткені мұндай жағдайда Еуропалық Одақтың ішкі мәселелері, әсіресе Украинаны қалпына келтіруге жұмсалатын қомақты қаржы мәселесі қайтадан күн тәртібіне шығуы мүмкін. Еуропа елдері бұл шығындарды өтеуге уәде бергенімен, қаражатты қайдан алатыны әлі де өзекті мәселе. Оның үстіне Брюссельдегі көптеген саясаткерлер үміт артып отырған Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалану мүмкіндігі де шешілген жоқ.

Бұл тұрғыда Джорджа Мелони үкіметінің әрекеті ерекше мәнге ие. Жалған хабарламаларға белгілі бір дәрежеде сенім білдірген премьер-министр алдымен Министрлер кеңесін шақырып, кейін «қауіпсіздік мәселесін бірлесіп талқылау» үшін оппозиция өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Мұндағы негізгі ұстаным айқын еді: жағдай күрделі, сырттан қауіп төніп тұр, сондықтан елдің қауіпсіздігі үшін саяси келіспеушіліктерді уақытша шетке ысыру қажет. Мелонидің өзі «Италия азаматтарының қауіпсіздігі мәселесінде билік пен оппозиция болып бөлінбейміз, бәріміз бір Италиямыз» деп мәлімдеді.

Сонымен қатар жалған хабарламаларға байланысты елде қалыптасқан дүрбелең кезінде Мелони үкіметі Киевке арналған он үшінші көмек пакетін бекітуге мүмкіндік алды. Оның көлемі шамамен 1 млрд еуроны құрап, бұған дейінгі пакеттердің орташа мөлшерінен үш еседен астам жоғары болды. Қомақты қару-жарақ жеткізуді көздейтін бұл шешім бұған дейін саяси келіспеушіліктерге байланысты қабылданбай келген еді. Өйткені Мелони үкіметін қолдайтын партиялардың бірі – Маттео Сальвини басқаратын «Лига» Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастыруға ашық қарсы шығып, бұл мәселеде италиялықтардың едәуір бөлігінің қолдауына ие болған. Алайда 12 қарашада қоғам назары мектептердегі эвакуация мен ұлттық бірлікке шақырған үндеулерге ауған кезде, үкімет ішкі саяси қарсылықтың күшеюіне қарамастан, аталған шешімді қабылдады.

Өкінішке қарай, Италия қырғи-қабақ соғыс жылдарында осындай жағдайларды бастан өткерген. Сол кезеңде халық арасында үрей туғызуға бағытталған күрделі әрекеттер жасалып, олар тарихта «шиеленіс стратегиясы» деген атаумен қалды. Бұл тақырып посткеңестік кеңістіктегі оқырмандарға көп таныс емес, сондықтан оған кеңірек тоқталған жөн. 1945–1991 жылдары Италия стратегиялық маңызына және Батыс елдеріндегі ең ықпалды коммунистік партияның осы елде орналасуына байланысты түрлі мемлекеттердің арнаулы қызметтері әрекет еткен аймаққа айналды. Сол кезеңде НАТО-ның жетекші елдері 1990 жылы премьер-министр Джулио Андреотти әшкерелеген «Гладио» ұйымы сияқты жасырын құрылымдарды қолдап, әсіре оңшыл және солшыл оппозициялық күштерді өз мақсаттарына пайдаланған. Қарсылас саяси топтар арасындағы және мемлекетке қарсы күрестің мақсаты қоғамды үрейде ұстап, Италияның атлантикалық бағыттағы саясатын қолдайтын билеуші партиялардың ауысуына жол бермеу еді.

Италия үкіметінің бақылауынан ішінара тыс жүргізілген бұл әрекеттерде елдің арнаулы қызметтері британдық әріптестері мен АҚШ Орталық барлау басқармасының мүддесіне қызмет етті.

1969–1987 жылдары демократиялық үдерістерге ықпал етуді көздеген осы стратегия аясында көптеген террористік шабуыл мен саяси зорлық-зомбылық оқиғалары тіркелді. Италия Сыртқы істер министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, олардың саны кемінде 14 591-ге жеткен. Швейцариялық тарихшы Даниэль Ганзердің NATO’s Secret Armies кітабында келтірілген мәлімет бойынша, Италия тарихында «қорғасын жылдары» деген атпен қалған осы кезеңде 491 адам қаза тауып, 1 181 адам жараланған.

Қазіргі шиеленіс стратегиясы Маркстің тарихтағы ірі қайғылы оқиғалар кейін фарс түрінде қайталанады деген тұжырымын еске салады. Әзірге бүгінгі жағдай сол кезеңдегідей адам шығынына әкелген жоқ. Алайда саяси мақсаттарында айтарлықтай ұқсастық байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдарының әрекеті де сол кездегі жағдайды еске түсіреді, тіпті кей тұста одан да күрделі сипат алған. БАҚ ішкі тұрақтылықты бұзуға бағытталған әрекеттердің артында Ресей немесе исламшыл күштер тұр деген болжамдарды нақты әрі тексерілген дәлелдерсіз қайта-қайта таратып, олардың қоғамда орнығуына ықпал етіп отыр.

Мұндағы мақсат – Ресеймен текетірестің ел экономикасына тигізген зардабын және сыртқы күштердің мемлекеттік егемендікке ықпалы артып келе жатқанын қоғам назарынан тыс қалдыру. Осылайша, елді өз мүддесіне қайшы келетін саясатты ұстануға мәжбүр ететін тәуелділікті сақтап қалу көзделеді.

Соңғы күндері бұл әрекеттерге биліктің милитаристік саясатқа қарсы студенттер наразылығын әлсіретуге ұмтылысы да қосылғандай. Италияның түрлі қалаларында студенттер оқу орындарын басып алып, шерулер мен жаппай пикеттер өткізіп жатыр. Білім беру саласындағы мәселелер мен қайта қарулану саясатына қарсы жастар мен еңбек адамдарының наразылығы Италия қоғамының ЕО мен НАТО еуропалық елдерге таңуға тырысып отырған саясатқа қарсылығын айқын көрсетті. Эвакуация наразылық акцияларына қатысқан оқу орындарын да қамтыды. Соның салдарынан студенттер, оқытушылар мен әкімшілік қызметкерлер арасында үрей мен алаңдаушылық күшейіп, наразылық шараларының жалғасуына кедергі келді. Мұндағы басты мақсат – қарулану жарысының қауіпті салдарын ашық әшкерелей алатын саяси күштің қалыптасуына жол бермеу. Дегенмен мұндай жалған ақпаратқа сенбейтін адамдардың көбейіп келе жатқаны көңілге медеу.

Осы кезеңде аса ауыр зорлық-зомбылық оқиғасы да тіркелді. 7 қарашада Краков қаласында әсіре оңшыл экстремист алты адамды өлтіріп, он бес адамды жаралады. Сондай-ақ өз пәтерінде отбасының үш мүшесіне шабуыл жасады. Польша билігі шабуыл жасаған адамның неофашистік көзқарасын мойындағанымен, оқиғаға «Ресейдің қатысы» болуы мүмкін екенін де мәлімдеді. Мұндай мәлімдеме Польша билігінің үйреншікті ұстанымын көрсетумен қатар, қоғам назарын Украинадағы жағдайдан бұруды көздейтін сыңайлы. Өйткені Украина бірнеше жылдан бері Еуропаның түрлі елдерінен келген фашистік топтардың дайындық алаңына айналған. Мәселен, 6 қарашада Испания полициясы Núcleo Nacional неонацистік ұйымының 14 мүшесін ұстады. Олардың кейбірі жазда «Азов» бригадасының жақтастарынан дайындықтан өткен. Олар меңгерген дағдыларын Испаниядағы өзге де фашистік топтардың мүшелеріне үйретуді жоспарлаған. Осы жағдайларды ескерсек, алдағы апталарда мұндай зорлық-зомбылық оқиғаларының қайталану ықтималдығын және олардың Еуропалық Одақ елдеріндегі ішкі саяси ахуалға ықпал ету құралына айналу қаупін бақылау қажет. Өйткені ЕО-ның саяси бағыты барған сайын тұрақсыз сипат алып барады.

«Еуропалық жындыханадағы» оқиғаларға арналған бұл шолуды Брюссельдегі Еуропарламенттің тағы бір масқара шешімімен аяқтауға болады. Еуропарламент Украинадағы қақтығыс аймағынан кәмелетке толмаған балаларды Ресейге көшіруді «геноцид» деп бағалады. Қарарды 536 депутат қолдап, сегізі қарсы дауыс берді, ал 37 депутат қалыс қалды. Құжатта Украина тарапы ұсынған 20 651 жағдай туралы мәлімет келтірілген. Алайда бұл деректер тәуелсіз тексеруден өтпеген.

Бұл шешімнің ең сорақы тұсы басқа. Еуропарламент депутаттары Газа секторындағы жағдайды талқылағанда, «геноцид» деген ұғымды қолданудан тартынды. Ал БҰҰ-ның 2026 жылғы 26 қазандағы мәліметі бойынша, Израиль тарапы 21 500-ден астам палестиналық баланы қасақана өлтірген. Соған қарамастан, еуропалық депутаттар бұл жағдайға қатысты «геноцид» деген анықтаманы бірде-бір рет қолданбады.

Демек, Еуропарламент депутаттары үшін украиналық балаларды Ресейге күштеп көшіріп, оларға белгілі бір идеологияны сіңіру – геноцид, ал жиырма мыңнан астам палестиналық баланың өлтірілуі геноцид болып саналмайды. Еуропаның болашағына келтірілген зиян мен саяси біліксіздікті былай қойғанда, Брюссель институттарының мұндай әрекеттері әлі де өз бетінше ой қорыта алатын азаматтардың алдында олардың беделін одан әрі түсіріп отыр.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

«Самұрық-Қазына» қорының жаңа басшысы жақын арада тағайындалады – Қазақстан Премьер-министрі

Қазақстан Премьер-министрі, «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов қордың жаңа басшысы жақын арада тағайындалатынын хабарлады.

Еуропалық комиссия ЕО-ның санкциялар жөніндегі басқармасын құрып, олардың орындалуына жауапты жаңа арнайы өкілді тағайындады

Еуропалық комиссия (ЕК) сәрсенбі күні Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі басқармасы (EU Sanctions Office) құрылғанын және швед дипломаты Ларс Даниэльссонның ЕО санкцияларын іске асыру жөніндегі халықаралық арнайы өкіл болып тағайындалғанын хабарлады.

Сомали президенті БАӘ-ні ел аумағында рұқсатсыз әскери базалар салып, билікке қарсы күштерді қолдады деп айыптады

Сомали президенті Хасан Шейх Махмуд Біріккен Араб Әмірліктерін (БАӘ) елдің ішкі істеріне араласып, орталық биліктің рұқсатынсыз әскери нысандар орналастырды деп айыптады.

Ресеймен жан-жақты стратегиялық әріптестік

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Жоғарғы сотының төрағасы Игорь Красновты қабылдады, деп хабарлады сәрсенбі күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.