Үкімет пен бақылаушы органдар биылғы 24 қарашада Мемлекет басшысына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын күрт азайту, квазимемлекеттік сектор компанияларының қызметін және олардың басқару аппараты қызметкерлерінің жұмыс сапасын түбегейлі жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуі тиіс.
Президенттің осы тапсырмасын мұқият зерделесек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын біржола тарату қажеттігі айқын аңғарылады. Мемлекет басшысының өзі бес жылға жуық уақыт бұрын қордың «келмеске кетуі» мүмкін екенін айтқан болатын.
Жалпы, терезеден чемодандар лақтырылған оқиғаға дейінгі күндер мен айларда Ұлттық әл-ауқат қоры мен оның басшылығына қатысты айтылған мәлімдемелер мен қабылданған шешімдерді сараласақ, «Семь-рук-у-Казана» деп әжуаланған тұтас жүйені таратуға дайындық жүріп жатқандай әсер қалдырады.
Әйтпесе, сыбайлас жемқорлықты қалайша «күрт азайтпақ»?
Алайда Үкіметтің Мемлекет басшысына дәл осындай ұсыныс енгізетініне кепіл жоқ. Яғни «Самұрық-Қазына» қоры таратылып, оның салалық еншілес компаниялары мен оларға қарасты басқа да кәсіпорындар тиісті бейінді министрліктердің басқаруына беріле ме, жоқ па – әзірге белгісіз.
Бір жағынан, қазіргі басқару жүйесінің қисынсыз тұстары анық байқалады. Салалық министрліктерден тұратын Үкіметтің тікелей қарамағында бірде-бір салалық ұлттық компания жоқ. Яғни елдің бүкіл инфрақұрылымы үшін жауапкершілік Үкіметке жүктелгенімен, оның негізгі нысандарын басқару құзыреті өзіне берілмеген. Ал онымен қатар ұлттық инфрақұрылымның барлығын иелігіне шоғырландырған, бірақ оның жұмысына іс жүзінде толық жауап бермейтін алып мемлекеттік холдинг қызмет атқарып отыр.
Ойлап қараңызшы, ұлттық экономиканың негізгі тірегі саналатын инфрақұрылымды – электр энергетикасын, теміржол саласын және мемлекет меншігінде қалған мұнай-газ өндіру активтерін басқарып отырған «Самұрық-Қазына» қоры өзінің ресми миссиясын «…әртараптандырылған активтер портфелін тиімді басқару арқылы ұзақ мерзімді құн қалыптастыру…» деп белгілеген. Мұндай тұжырымды инженерден гөрі қор нарығының қағидаларымен ғана ойлайтын қаржы менеджментінің өкілі ұсынғанға ұқсайды.
Бұл ретте Ұлттық банкке де қояр сұрақ бар. Ұлттық валютаның кредит беру және инвестиция тарту мүмкіндіктері мақсатты түрде шектеліп, сырттан қарыз алып, оны қайтаруға негізделген қаржыландыруға басымдық берілген жағдайда ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту мен дамыту туралы айту – саланы тарифтік дағдарысқа, ал бүкіл экономика мен әлеуметтік саланы тұрақсыздыққа алып келетін жол.
Ал Ұлттық банктің қаншалықты ұлттық мүддеге қызмет етіп отырғаны – бөлек әңгіме!
Үкімет пен «Самұрық-Қазына» арасындағы басқару өкілеттіктері мен жауапкершіліктің жасанды түрде бөлінуінің тағы бір қыры бар. Мұндай жүйе әкімшілік билік пен қаржы ағындарын өзара бөлісіп, нақты нәтижеге ешкім жауап бермейтін қолайлы жағдай қалыптастырған.
Мәселен, Энергетика министрлігінің жағдайын алайық (Еуразия24 редакциясының осы тақырыптағы қатар жарияланған мақаласын қараңыз). Мұнай-газ өндірумен және тасымалдаумен айналысатын ұлттық компаниялар, KEGOC ұлттық электр желісі компаниясы мен «Самұрық-Энерго» министрліктің қарамағында емес. Тарифтерді Ұлттық экономика министрлігі реттейді, ал инвестиция мәселелері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құзыретінде. Демек, министрліктің тікелей басқаруында негізгі активтер жоқ. Ал басқару тетіктері болмаса, нақты жауапкершілік те талап етілмейді.
Бір жағынан, «Самұрық-Қазына» мәселесін шешетін болса, дәл 24 қарашаға дейін шешкен жөн. Өйткені әңгіме жоғары лауазымды «менеджерлердің» ұсталуымен ғана шектелмейді. Астана аспанында шашылған долларлар туралы бейнежазбалар да әлемдік ақпарат құралдарына тарады. Бұл оқиға қоғамда өткір сын тудырғандықтан, мәселені түбегейлі шешетін шараларсыз қалдыру қиын.
Иә, бұл оқиға ащы мысқылға да, әжуаға да, жай әзілге де арқау бола алады. Алайда оның астарында әлдеқайда күрделі мәселе жатыр. Бұл – ұлттық намысқа тиетін жағдай, ашық сын-қатер әрі ұлттық санамызға қойылған сауал. Егер мемлекет тарапынан зор сенім артылған жоғары лауазымды шенеуніктер өздерінің шынайы болмысы мен пиғылын осылай көрсетсе, біз кімбіз және мемлекеттілігіміздің мәні неде?
Мәселенің түпкі мәніне үңілсек, «Самұрық-Қазына» қоры мен Үкімет басшылығы деңгейінде тек экономикалық сипаттағы шешімдер болмайды. Олардың әрқайсысында міндетті түрде саяси, тіпті геосаяси мүдделер тоғысады. Лауазымынан босатудың орнына қамауға алу туралы шешімнің өзі де бір мезгілде құқықтық әрі саяси сипатқа ие.
Мұндай деңгейде мемлекеттік мүдде жеке мүддемен, ішкі мүдде сыртқы мүддемен сөзсіз астасады. Шешім қабылдаушы түрлі тараптардың арасынан таңдау жасап, мүдделер қақтығысын еңсеруге мәжбүр болады. Ал қолма-қол ақша толтырылған чемодандармен мұндай қайшылықтардан сүрінбей өту қиын.
Мысалы, «Самұрық-Қазынаның» бірінші басшысы мен оның ҚТЖ басшылығына өзі тағайындаған адамның арасындағы байланысты алайық. Теміржол саласының жұмысы тарифтік реттеуге тікелей тәуелді. Бұл өкілеттік ресми түрде Үкіметтің құзыретінде шоғырланған. Алайда Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитеті кадрлық мүмкіндіктері мен мәртебесі жағынан ҚТЖ немесе KEGOC компанияларынан төмен тұр. Соның салдарынан бұл компаниялар іс жүзінде тарифтерді өздері белгілейтін жағдай қалыптасқан.
Бұл ретте Үкіметтің өзіне де ойланатын мәселе бар.
Екінші жағынан, «Самұрық-Қазына» қорын тарату ұлттық экономика мен мемлекеттік басқару жүйесі үшін елеулі сілкініс болары анық. Сыртқы қарыздарды қайта бөлуге, шетелдік кредиторлар мен инвесторларға түсініктеме беруге тура келеді. Мұндай өзгерістерден өту оңай болмайды. Сондықтан мәселенің түп-төркініне үңіліп, біз қандай мемлекетпіз деген сауалға жауап іздеудің маңызы арта түседі.
Тарихқа көз жүгіртейік. Бір ғасырдан сәл астам уақыт бұрын, Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында әлемде небәрі елуге жуық мемлекет болған. Бұлар – алдыңғы ғасырларда елдер мен халықтар арасындағы аяусыз күрестен аман шығып, билеуші топтары қалыптасып, өз үстемдігін орнықтыра алған мемлекеттер еді. Ол кезеңде олардың билеуші элиталары үшін жеке бастың, әулеттің немесе белгілі бір топтың байлығын арттыру басты мақсат болудан қалған. Қол жеткізген жетістіктерін ұлттық мемлекеттілік аясында сақтап, оны кеңейту және нығайту – сол дәуірдегі геосаясаттың негізгі қозғаушы күшіне айналды.
Қазір әлемде екі жүзге жуық мемлекет бар. Олардың басым бөлігі ірі отарлық және империялық құрылымдардың ыдырауы нәтижесінде пайда болған. Егемендік алған көптеген елдердің ұлттық элиталары бірнеше ұрпақ бойы өздерінің материалдық негізін қалыптастырып, жеке басының, отбасы мен белгілі бір топтың мүддесінен жоғары тұратын жауапкершілікті толық сезінуге әлі тарихи мүмкіндік алған жоқ. Яғни өз билігін сақтап қалу үшін болса да, мемлекеттің болашағы мен онда өмір сүретін халықтың әл-ауқатына жауапты екенін түсінуге жеткілікті уақыт өткен жоқ.
Енді ондай тарихи уақыттың болмайтыны да анық. Қазақстан мен бүкіл әлем ауқымды өзгерістер мен сын-қатерлердің, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктердің табалдырығында тұр.
Ашығын айтар болсақ, шетелде жинақталған байлыққа немесе ұлттық ресурстарды сыртқа шығаруға негізделген экономикаға емес, ұлттық мемлекеттілік пен халық мүддесіне сүйенуге объективті түрде мүдделі жалғыз тұлға – Президент.
Әрине, мемлекеттік қызметке тағайындалған өзге де басшылар ел мүддесіне қызмет етуден бас тартпайды. Мемлекеттік басқару жүйесінде мемлекет игілігі үшін еңбек ететін азаматтар да бар. Тіпті олардың көпшілік болуы да мүмкін.
Алайда қызметтен босатылғанға дейін мемлекеттік лауазымын пайдаланып, жеке мәселелерін шешіп қалуға деген ұмтылысты да жоққа шығаруға болмайды. Бұл – адамның биологиялық әрі әлеуметтік болмысына тән құбылыс. Сондықтан билік өкілеттіктерін теңгеріп, өзара бақылау тетіктерін қалыптастыру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын таратып, басқару өкілеттіктері мен жауапкершілікті Үкіметтің қолына шоғырландыру – қажетті қадам.
Бірақ бұл жеткіліксіз.
Мемлекет басшысы лауазымды тұлғаны тағайындау туралы Жарлықта оның алдағы үш жылда атқаруға тиіс міндеттерін де неге бекітпеске? Сонда басшының өзі де, қарамағындағы қызметкерлер де белгіленген мерзімде қандай нәтиже талап етілетінін және тапсырмалар орындалған немесе орындалмаған жағдайда не күтіп тұрғанын анық білер еді.
Сондай-ақ қызметке тағайындалған басшының өз іс-қимыл бағдарламасын бірден жариялап, оның орындалу барысы туралы тұрақты есеп беріп отыруы да артық болмас еді.
Ал енді ең басты мәселеге келейік: елімізде экономиканың өзін ұлттық мүддеге қызмет ететіндей етіп өзгертуді кім қолға алады?
Осы орайда Ұлттық банк жақында жариялаған тоғыз айдағы төлем балансының бағалауы біздің ойымызды нақты деректермен көрсетуге мүмкіндік береді.
Қараңызшы, тоғыз айдың өзінде экспорт көлемі 83,9 млрд долларды құраған. Бұл – елге түскен орасан зор валюталық түсім! Оның үстіне шетелдік концессионерлер мұнай шикізатын аралық трансферттік бағалармен экспорттайтынын, ал түсімнің бір бөлігі шетелде қалатынын да ескеру керек.
Осы тоғыз айда Қазақстанның импортқа жұмсаған қаржысы тура 61 млрд доллар болған. Бұл да орасан зор әрі экспорт көлемімен салыстырғанда тым жоғары сома. Себебі импорттың үштен екісі қазақстандық тұтыну нарығына емес, шикізат экспорттаушы компанияларды шетелдік жабдықтармен, бөлшектермен және материалдармен қамтамасыз етуге жұмсалады. Оның бәрі сол компаниялардың өндірістік базасы орналасқан елдерден жеткізіледі. Ал отандық өнімдер мен қызметтердің үлесі тек қосалқы сипатта қалып отыр.
Келесі көрсеткішке назар аударайық. Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялар мен қарыздардан түсетін кірістер және Қазақстанның шетелге салған инвестицияларынан алынатын табыстар арасындағы сальдо тоғыз айдың өзінде минус 19,8 млрд долларды құраған.
Енді ойлап көріңізші, 19,8 млрд долларды бума-бума ақшамен сөмкелерге толтыру үшін қанша сөмке қажет болар еді? Оларды терезеден лақтырып бітіруге қанша уақыт кетер еді?
Бірақ дүрлігудің қажеті жоқ. Бұл ешқандай сыбайлас жемқорлық емес, валютаны елден әкетудің толықтай заңды жолы. Оның үстіне бұл қаражат Қазақстаннан тұрғын үй кешенінің терезелері арқылы емес, бейнелеп айтқанда, Ұлттық банктің айқара ашық қақпасынан емін-еркін шығып жатыр.
«Әртараптандырылған активтер портфелін тиімді басқарудың» нәтижесі қандай? Тоғыз айдағы төлем балансының сальдосы 3,2 млрд долларды құрады. Әйтеуір, бұл жолы мұнайдың әлемдік бағасы жоғары болғанының арқасында көрсеткіш оң мәнге шықты. Әйтпесе, Қазақстан экспорттан орасан зор валюталық түсім алып отырғанына қарамастан, сыртқы төлем балансының ағымдағы шоты жыл сайын қомақты тапшылықпен аяқталады.
Шикізатты өндіріп, шетелге шығарғанымыздан өзіміз шығынға батып отырмыз.
Кезінде феодализмнен капитализмге өтудің алғашқы кезеңдерінде «капиталдың бастапқы қорлануы» деп аталатын үдеріс жүрді. Тарихтағы алғашқы миллиардер Джон Рокфеллерге телінетін бір сөз бар: ол алғашқы миллион долларынан басқа әрбір долларының қайдан келгені туралы есеп бере алатынын айтқан деседі.
Мәселенің мәні мынада: Қазақстанда «мемлекеттілікті бастапқы қалыптастыру» кезеңі әлі аяқталған жоқ. Бәлкім, қолма-қол ақша толтырылған алғашқы жүз сөмкеден кейін, мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларға қазіргі шенеуніктердің немере-шөберелері келе бастағанда, олар да есеп беруге дайын болар еді. Алайда уақыт барған сайын қысқарып барады. Сондықтан ел мен халық алдындағы жауапкершілікті қалыптастыру ісін жеделдетуге тура келеді.
Президент мәлімдемесінде тарихи оқиғалармен астасатын қызықты тұспал бар:
«Осылайша, біз түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, Заң, Әділдік және Тәртіп сияқты конституциялық қағидаттарға сай елдің тұрмысын жақсарту болып табылатын ұлы жорықты бастаймыз».
Үкіметтің осы Ұлы жорыққа шығуға батылы жете ме, оны уақыт көрсетеді. Ал біз Мемлекет басшысының бұл сөздерін толық қолдаймыз.




