Дамаск Эр-Риядқа әскери кеңесшілерін жіберіп, «Мекке пактісіне» қосылу мүмкіндігін талқылап жатыр. Сонымен қатар хуситтерге қарсы коалицияның бір бөлігіне айналуда. Бұл өзгерістер аймақтық қауіпсіздік жүйесіне және тұтастай алғанда, жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасуына қалай әсер етуі мүмкін?
2026 жылы 4 қарашада Сирия мен Сауд Арабиясының басшылары Эр-Риядта қорғаныс саласындағы келісімге қол қойды. Келісімнің мәтіні жарияланған жоқ. Алайда Дамаск құжатта «консультациялық қолдау көрсету, әскери дайындық жүргізу және тәжірибе алмасу» мәселелері қамтылғанын растады. 6 қарашада Reuters агенттігі ондаған сириялық әскери қызметшінің Сауд Арабиясына келгенін хабарлады. Сирияның әскери ведомствосындағы дереккөздер мен АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі олардың міндеті тек әскери дайындықпен шектелмеуі мүмкін екенін мәлімдеді. 7 қарашада AFP агенттігі Йемендегі үш әскери дереккөзге сүйеніп, Сауд Арабиясы мен Йемен шекарасының екі жағында жүздеген сириялық әскери қызметші орналастырылғанын хабарлады. Алдағы уақытта олардың қатарына тағы бірнеше мың сарбаз қосылуы мүмкін. Йеменнің Президенттік басшылық кеңесіндегі (Адендегі үкімет) дереккөз алғашқы кезеңде 3 мың әскери қызметші жіберілетінін айтса, елдің Қорғаныс министрлігіндегі дереккөз болашақта олардың саны 10 мыңға дейін жетуі мүмкін екенін жеткізді. Сонымен қатар AFP мәліметінше, Йемен аумағында жүрген сириялық әскери қызметшілер хуситтерге қарсы ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жүргізілетін операцияларды басқарып отыр.
Алайда сол күні, 7 қарашада Дамаск мемлекеттік SANA ақпарат агенттігі арқылы AFP таратқан мәліметті жоққа шығарды. Сирия билігі Йеменге әскер жіберу жоспары жоқ екенін мәлімдеп, елдің басты басымдықтары ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары және экономиканы дамыту екенін атап өтті. Reuters пен AFP таратқан ақпараттың SANA мәлімдемесіне қайшы келуі кездейсоқ емес. Мұны саяси ұстанымды әдейі екіұшты етіп көрсету тәсілімен түсіндіруге болады. Яғни Дамаск әскери қимылдарға қатысу жөнінде ресми міндеттеме алмай, Иранның, АҚШ-тың және өз еліндегі жұртшылықтың ықтимал әрекетке қалай қарайтынын байқап отыр.
Эр-Рияд Дамаскінің қолдауына неге мұқтаж?
Шілде айынан бері Сауд Арабиясы Таяу Шығыстағы ауқымды қақтығыс аясында хуситтермен арадағы шиеленістің күшеюіне тап болды. Хуситтер корольдіктің әуежайлары мен мұнай нысандарына зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы қайтадан соққы жасай бастады. Бұған жауап ретінде Эр-Рияд қорғаныс пен шабуыл операцияларында қолдау көрсетуге дайын одақтастар іздестіріп жатыр. Осы тұста Сауд Арабиясы армиясында қомақты әскери бюджетіне қарамастан жетіспейтін бір артықшылық Сирия әскерінде бар. Ол – нақты ұрыс жағдайында жинақталған тәжірибе. Сирияның жаңа армиясының құрамына жылдар бойы Асадтың үкіметтік күштерімен және оларды қолдаған Иранға тәуелді қарулы топтармен соғысқан заңсыз қарулы құрылымдардың бұрынғы мүшелері кірген. Сондай-ақ оның қатарында Пентагон тыйым салынған ИГИЛ ұйымына қарсы күресу үшін қаржыландырып, қару-жарақпен қамтамасыз етіп, әскери дайындықтан өткізген күрд жасақтары да бар. Сауд Арабиясының жоғары лауазымды өкілі Reuters агенттігіне берген мәлімдемесінде бұл ынтымақтастықтың мәнін былай түсіндірді: «Тәжірибе алмасу негізінен Сирияның қарулы күштерін қайта құруға бағытталған. Алайда бұл сириялық серіктестеріміз қарулы жасақтарға қарсы күресте өздерінің жауынгерлік тәжірибесімен бізге көмектеспейді деген сөз емес».
Сауд Арабиясы ондаған жыл бойы Йеменде дәстүрлі әскери тәсілдерді қолданғанымен, көздеген нәтижесіне жете алмады. Ал «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) содырлары дәстүрлі емес соғыс тәсілдерінің арқасында жеңіске жетті. Сонымен қатар аш-Шарааның Эр-Риядқа сапары Сирияға экономикалық тұрғыдан да тиімді болды. Сауд Арабиясының даму қоры жалпы сомасы 403 млн доллардан асатын жеңілдетілген несие беру жөнінде алты келісімге қол қойды.
«Мекке пактісі»: Таяу Шығыстағы НАТО ма?
Сирияға қатысты жағдайды «Мекке пактісінен» бөлек қарастыру мүмкін емес. 2026 жылғы 7 тамызда Меккеде Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан «Бірлескен қорғаныс келісіміне» қол қойды. Құжаттың негізіне НАТО-ның Вашингтон шартының 5-бабына ұқсас міндеттеме алынған. Яғни «бір елге жасалған шабуыл барлық қатысушы елдерге жасалған шабуыл болып есептеледі». 5 қарашада Түркия парламенті бұл пактіні ратификациялады. Депутаттардың 279-ы қолдап, 119-ы қарсы дауыс берді. Осылайша Түркияның Эр-Риядқа әскери қолдау көрсетуіне жол ашылды. Алайда Анкара мен Исламабад келісімнің тек қорғаныс мақсатында жасалғанын атап өтуде. Әзірге екі ел де Йемендегі хуситтерге қарсы соғысқа өз әскерін жіберуге асығар емес.
Сирияның сыртқы істер министрі Асаад аш-Шайбани Бахрейнде өткен конференцияда елінің «Мекке альянсына» қосылу мүмкіндігі талқыланып жатқанын мәлімдеді. Дамаскідегі дипломатиялық дереккөз де SANA агенттігіне Сирия мен аталған елдер арасындағы ынтымақтастық болашақта өзара қорғаныс туралы келісімге ұласуы немесе Сирияның «Мекке пактісіне» қосылуына негіз болуы мүмкін екенін растады.
Сирия пактіге қосылған жағдайда, мұның бірнеше маңызды саяси және стратегиялық салдары болуы мүмкін:
- Дамаскінің Иранмен байланысын үзгенін ашық көрсетуі.Бұл 2024 жылғы желтоқсаннан кейін Сирия мен Иран арасындағы қатынастардың түбегейлі өзгергенін ресми түрде айғақтай түседі.
- Израильге қарсы Сирияның стратегиялық мүмкіндіктерін кеңейту.Дамаск пактіге мүшелік Израильдің әскери соққыларына және Асад билігі құлағаннан кейін Сирияның оңтүстігіндегі аумақтарды басып алуына қарсы тұруға қосымша мүмкіндік береді деп үміттенеді.
- Сүннит елдерінің өңірлік әскери-саяси одағын тұрақты құрылымға айналдыру.Сауд Арабиясы, Түркия, Пәкістан және Сирия тұрақты қауіпсіздік жүйесін құруды көздеп отыр. Пәкістанның қатысуы бұл құрылымның ықпалын Таяу Шығыстан тыс аймақтарға да кеңейтеді. Вашингтонның өз қауіпсіздігіне толық кепіл бола алмайтынын түсінген үш мемлекет қысқа мерзім ішінде өзара жақындасып, бір одаққа бірікті. Дегенмен қатысушы елдердің мүдделері әртүрлі болғандықтан, бұл альянстың ұзақ мерзімде қаншалықты өміршең болатынын әзірге болжау қиын.
АҚШ Сирияны қолдағанымен, әскери қақтығысқа араласуын құптамайды. Ресей елдегі әскери қатысуын жалғастыруда.
АҚШ Сирияның саяси бағытын өзгертудегі басты бастамашы әрі одан пайда көріп отырған негізгі тарап қана емес, сонымен бірге Дамаскінің Йемендегі қақтығысқа араласуына күмәнмен қарайтын ел. Вашингтон Сирия билігін барынша сақ болуға шақырып, соғысқа тікелей қатысу елді одан да ауқымды аймақтық қақтығысқа тартуы мүмкін екенін ескертті. АҚШ-тың мұндай ұстанымының себебі түсінікті. Вашингтонға Иранға қарсы тосқауыл бола алатын, тұрақты әрі Батысқа бағдар ұстанған Сирия қажет. Ал Таяу Шығыста тағы бір соғыс майданының ашылғаны тиімсіз. АҚШ аш-Шарааны «Эр-Риядтың жалдамалы жауынгері» емес, «байыпты одақтасы» ретінде көргісі келеді. Демек, Йемендегі хуситтерге қарсы күреске сириялық «кеңесшілерді» жіберу мәселесі тек Йеменге қатысты емес. Бұл, ең алдымен, Асад билігінен кейін Сирияның қандай мемлекетке айналатынын айқындайтын үдеріс. Дамаск өзінің саяси бағытын түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұрын Иранның аймақтағы негізгі тіректерінің бірі болған Сирия енді Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістанның ықпалына сүйенетін кіші серіктеске айналуда. Аш-Шараа 13 жылға созылған соғыстан кейін өзінде молынан қалған жалғыз ресурсты – жауынгерлік тәжірибені ұсынып отыр. Есесіне қаржылай қолдау, халықаралық мойындау және қауіпсіздік кепілдіктерін алуға ұмтылады. Алайда мұндай келісімнің құны қымбатқа түсуі мүмкін. Егер «кеңесшілер» тікелей ұрыс қимылдарына қатысатын әскери контингентке айналса, Сирия өз елін қалпына келтіріп үлгермей жатып, өзгенің соғысына шырмалып қалу қаупіне тап болады. Өз жерінде соғысып жатқан хуситтер ХТШ пен ИГИЛ-дің бұрынғы содырларына ауыр соққы беруі мүмкін. Ал аш-Шараа үшін бұл өз қатарындағы ең радикалды қаруластарынан құтылудың бір жолы болуы ықтимал. Өйткені олар оны содырдың әскери киімін шешіп, зайырлы саясаткердің костюмін кигені және «ислам халифатын» құру идеясынан бас тартқаны үшін сынап келеді. Дамаскінің бір жағынан ынтымақтастықты растап, екінші жағынан жоққа шығаруы, келісімдерге қол қойып, олардың кейбір тұстарын жария етпеуі де сондықтан. Алдағы апталарда сириялық әскерилердің Сауд Арабиясындағы оқу-жаттығу полигондарымен ғана шектелетіні немесе Йемендегі ұрыс даласына аттанатыны белгілі болмақ.
Бұл жағдайдағы ең қызығы – аталған оқиғалармен қатар Ресейдің Сириядағы әскери қатысуын институционалдық тұрғыдан нығайту үдерісі де жалғасып жатыр. Мәскеу Латакиядағы Хмеймим әскери әуе базасы мен Тартустағы әскери-теңіз базасын сақтап қана қоймай, Сирияға қару-жарақ жеткізуді және арнайы оқу орталығында сириялық әскери қызметшілерді даярлауды да жоспарлап отыр.
Аймақтағы ықпалды елдер: БАӘ, Израиль және Мысыр
БАӘ: одақтас па, әлде екіжақты ойын жүргізіп отыр ма?
Біріккен Араб Әмірліктерінің ресми ұстанымы – Эр-Риядпен қарым-қатынасты қалпына келтіру. Алайда БАӘ-нің хуситтерге қарсы соғыстағы ұстанымы біржақты емес. 2025 жылғы желтоқсан мен 2026 жылғы қаңтар аралығында екі елдің қарым-қатынасы күрт нашарлаған болатын. Сол кезде Абу-Даби қолдайтын Оңтүстік өтпелі кеңес (STC) Йеменнің оңтүстігін басып алып, елден бөліну жөнінде референдум өткізбек болды. Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы Мукалла портында Әмірліктерге тиесілі қару-жарақ тиелген көлік керуеніне әуеден соққы жасады. Осы оқиғалардан кейін екі елдің арасы біржола бұзылғандай көрінген. Алайда хуситтердің шабуылы оларды қайта келіссөз үстеліне отыруға мәжбүр етті. 18 қазанда Абу-Дабиде Сауд Арабиясының қорғаныс министрі Халид бен Салман мен БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид кездесті. The Guardian басылымының мәліметінше, тараптар мынадай келісімге келген: БАӘ Йеменнің оңтүстігіндегі хуситтерге қарсы соғысып жатқан ең қуатты әскери құрылымдардың бірі – «Алыптар бригадаларын» қаржыландыруды қайта бастайды, ал Сауд Арабиясы оларды әуеден қорғайды. Бұл – Эр-Рияд пен Абу-Дабидің соңғы бір жылдағы өзара жақындасуға бағытталған алғашқы нақты қадамы. Сириялық әскери қызметшілердің аймақта пайда болуының Эр-Рияд үшін маңызы да осында. Сауд Арабиясы тек Әмірліктер қолдайтын қарулы жасақтарға тәуелді болғысы келмейді.
Бейресми ұстанымға қатысты күдік – БАӘ-нің екіжақты ойын жүргізуі мүмкін екені. 27 қазанда Drop Site News басылымы төрт дереккөзге сүйеніп, мүлде қарама-қайшы ақпарат жариялады. Басылымның мәліметінше, БАӘ Йемендегі саудиялық күштерге қарсы шабуылдар ұйымдастыру үшін хуситтерге жасырын түрде барлау мәліметтерін беріп, соққы жасалатын нысандарды анықтауға көмектесіп отыр. Абу-Даби мен Сана арасындағы құпия байланыс әлі де сақталған, ал Әмірліктерге адал йемендік қолбасшылар хуситтерге нысаналарды дәл анықтауға жәрдемдеседі деген ақпарат бар. Хуситтер мен Оңтүстік өтпелі кеңес бұл мәліметтерді жоққа шығарды. Ал журналистік зерттеуге сәйкес, АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі Абу-Дабиден мұндай ынтымақтастықты тоқтатуды сұраған.
БАӘ-нің мұндай әрекетке баруының өзіндік себептері бар. Абу-Даби үшін Йемендегі басты қарсылас хуситтер емес, «Мұсылман бауырлар» қозғалысына жақын «Ислах» партиясы. Сонымен қатар Әмірліктер аймақтағы ықпал үшін бәсекеде Сауд Арабиясының күшейіп кетуінен қауіптенеді. Абу-Даби бұрыннан Йеменнің оңтүстігінің тәуелсіздігін және Аден порты мен Баб-эль-Мандеб бұғазын бақылауға алуды қолдап келеді. Ал Эр-Риядтың ықпалындағы біртұтас Йемен мемлекетінің қалыптасуы оның мүддесіне сай келмейді. Сондықтан Әмірліктер бір жағынан коалиция құрамында әрекет етсе, екінші жағынан дербес саясат жүргізіп отыр. Хуситтерге қарсы соғысатын бригадаларды қаржыландырғанымен, Йеменнің оңтүстігіндегі өз ықпалын күшейтуге бағытталған саясатынан бас тартқан жоқ.
Израиль: «Мекке пактісіне» үнсіз қарсылық танытып отырған басты ел
Израиль Сирия мен Сауд Арабиясы арасындағы келісімге қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ. Алайда Дамаскінің «Мекке пактісіне» қосылуға ұмтылуының басты себебі де, Сирияның бұл одаққа қабылдануына кедергі келтіруі мүмкін негізгі фактор да – Израиль. Дамаск өз ұстанымын мынадай деректермен негіздейді. Сирияның сыртқы істер министрі Асаад аш-Шайбани 31 қазанда өткен Manama Dialogue конференциясында Израильдің екі жылға жетпейтін уақыт ішінде Сирия аумағына «мыңнан астам соққы жасап», ондаған адамның өмірін қиғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Израиль 1974 жылғы күштерді ажырату туралы келісім негізінде құрылған буферлік аймақты басып алған. Дамаск Израиль әскерінің 2024 жылғы 8 желтоқсанға дейінгі шепке шегінуін және Голан жоталарына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 497-қарарын орындауын талап етіп отыр.
Израильдің 12-арнасында Сирия «Мекке пактісіне» қосылған жағдайда ел аумағына жасалған израильдік соққы «Түркияға соғыс жариялаумен» теңестірілуі мүмкін деген пікір айтылды. Себебі ұжымдық қорғаныс туралы «бір елге жасалған шабуыл барлық қатысушы елдерге жасалған шабуыл болып саналады» деген қағида формалды түрде Израильдің әскери әрекеттеріне де қолданылады. Тамыз айында Jerusalem Post басылымында жарияланған талдауда «Мекке пактісінің» құрылуы Израильді Үндістан, Грекия және Кипрмен жақындасуға итермелейтіні атап өтілді. Бұл мемлекеттер де Түркияның аймақтағы ықпалының артуына сақтықпен қарайды. Ал Нетаньяху өзінің «қауіпсіздік карталарында» шииттік күштердің әлсіреуінен кейін сүнниттік одақтың ықтимал қауіпке айналуы мүмкін екенін көрсеткен.
Соған қарамастан, аш-Шараа Израильге қатысты әзірге шиеленісті ушықтырмау саясатын ұстанып, АҚШ-тың араағайындығымен қауіпсіздік жөнінде келісім жасасуға ұмтылып отыр. Оның мақсаты – Израильмен соғысу емес, ықтимал әскери қақтығыстан қорғану. Осы тұста «Мекке пактісіне» қатысушы елдер күрделі таңдау алдында тұр. Сирияны одаққа қабылдау Израиль Дамаскіге соққы жасаған сайын қақтығысқа араласу міндетін туындатуы мүмкін. Ал қабылдамау Сирияны қорғаныссыз қалдырып қана қоймай, Иранның Ливанға баратын дәлізін бөгей алатын стратегиялық маңызды мемлекетті өз ықпалынан шығарып алу қаупін күшейтеді. Сондықтан Сирияның пактіге қосылуы жөніндегі келіссөздер әзірге нақты жоспардан гөрі дипломатиялық тежеу құралына көбірек ұқсайды. Мұндағы мақсат – одақтас елдерге Дамаск үшін соғысу міндетін жүктемей-ақ, Израильдің Сирияға әскери соққы жасауының саяси және стратегиялық салдарын ауырлату.
Бұл мәселеде тағы бір жайт бар. Мақаладағы талдауға сүйенсек, Израиль Йемендегі соғыстың созыла түсуіне мүдделі. Өйткені Сауд Арабиясы өз қауіпсіздігіне төнген қатерді неғұрлым қатты сезінсе, Израильдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс технологиялары мен барлау мүмкіндіктеріне соғұрлым мұқтаж болады. Ал бұл екі ел арасындағы қатынастарды Тель-Авив ұсынған шарттар негізінде қалыпқа келтіруге жол ашуы мүмкін. Сириялық әскери нұсқаушылардың көмегі болса, Израиль ұсынып отырған мүмкіндіктерге балама бола алады.
Мысыр: тек қорғанысқа қолдау көрсетуге дайын, алайда Суэц каналының тағдыры да маңызды
Мысыр – аймақтағы барынша сақтық танытып отырған әрі экономикалық тұрғыдан ең осал мемлекеттердің бірі.
18 қазанда президент Әбдел Фаттах әс-Сиси Мысырдың Сауд Арабиясына «барлық қажетті қолдауды» көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Эр-Рияд өтініш білдірген жағдайда корольдіктің қорғанысын қамтамасыз етуге Мысыр әскерін жұмылдыру үшін парламенттен рұқсат сұрады. Алайда 21 қазанда ол әскери көмектің сипатын бірнеше рет нақтылап, «Бұл Йеменге шабуыл жасау емес, тек Сауд Арабиясының аумағы мен шекарасын қорғау туралы ұсыныс» екенін атап өтті. Парламент бұл мәселе бойынша дауыс беруді кейінге қалдырды. Ал сыртқы істер министрі Бадр Абдельатти қақтығысты саяси жолмен шешуге шақырды. Мысырдың мұндай сақтық танытуына бірнеше себеп бар:
- 1962 жылғы ауыр тәжірибе.Мысыр бұған дейін Йеменнің солтүстігіндегі азаматтық соғысқа мыңдаған сарбазын жіберген. Бұл әскери науқан ел үшін ауыр зардаптарға әкеліп, мыңдаған әскери қызметшінің қаза табуымен аяқталды.
- Суэц каналы.Қыркүйектен бері хуситтер бұғаз арқылы кеме қатынасын толық тоқтатпағанымен, жекелеген кемелерге соққы жасау мүмкіндігіне ие болды. Бұл Мысыр экономикасына тікелей шығын келтіріп отыр. 2024 жылдың ортасына қарай Суэц каналы арқылы өтетін транзит көлемі шамамен 55%-ға қысқарған. Ал тек 2024 жылдың өзінде кіріс шығыны 7 млрд доллардан асқан. Қазір жағдай одан әрі күрделене түсті.
- Қаржылық тәуелділік.Сауд Арабиясы мен БАӘ 2013 жылдан бері Мысырға ең көп қаржылай қолдау көрсетіп келе жатқан мемлекеттер саналады. Сауд Арабиясының Мысыр Орталық банкіндегі депозиті 5,3 млрд долларды құрайды. Сондықтан Эр-Риядқа қолдау көрсетуден бас тарту елдің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін.
- Иранның ескертуі.Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Каирді Йемендегі қақтығысқа араласпауға тікелей шақырды.
Соған қарамастан, Мысыр Сауд Арабиясының әуе қорғанысын күшейтуге, ел аумағына бағытталған ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымырандардың жолын кесуге, стратегиялық маңызды инфрақұрылымды қорғауға, сондай-ақ Қызыл теңіз бен шекара маңында теңіз патрульдерін ұйымдастыруға қабілетті. Яғни Каир Сирия ұсынатын әскери көмектің басым бөлігін әлдеқайда жоғары технологиялық деңгейде әрі соғысқа тікелей қатысудан туындайтын саяси тәуекелдерге бармай-ақ көрсете алады. Мысыр – Иранмен, ХАМАС-пен және Израильмен бірдей байланыс сақтап отырған бірден-бір мемлекет. Каир бұл дипломатиялық арналардан айырылғысы келмейді. Ел билігі «Мекке пактісіне» қосылу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдегенімен, әзірге оған мүше болған жоқ. Бұл – Каирдің саналы таңдауы. Мысыр өзіне міндеттеме жүктейтін әскери одаққа кірмей, Сауд Арабиясымен тығыз қарым-қатынасты сақтай отырып, оның қорғаныс саласындағы серіктесі болып қалуды жөн көреді.
Әлемдік державалар: Ресей, Иран және Қытайдың Батыс Азиядағы жаңа қауіпсіздік жүйесін қалыптастырудағы рөлі
Иран – хуситтердің басты қолдаушысы, бірақ ресми түрде қатысы жоқ екенін мәлімдейді
Иран – Сауд Арабиясына түбегейлі қарама-қайшы ұстанымдағы жалғыз мемлекет. Соған қарамастан, Тегеран халықаралық аренада өз беделіне нұқсан келтірмеуге барынша тырысып отыр. Алайда іс жүзінде Иран мынадай әрекеттерге барып отыр:
- Хуситтерді дайын қару-жарақпен, зымырандармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен қамтамасыз етіп, олардың жауынгерлерін даярлауға әскери нұсқаушылар мен кеңесшілер жібереді. Йемен билігінің 8 қарашадағы мәліметіне сәйкес, елге Ираннан тағы 21 әскери сарапшы мен «Хезболла» ұйымының мамандары келген.
- WSJ және AP басылымдарының мәліметінше, Йемендегі ирандық кеңесшілер барлау деректерін талдап, оларды мұнай танкерлеріне, әуежайларға және Сауд Арабиясының «Шығыс – Батыс» мұнай құбырына соққы жасау үшін хуситтерге жеткізіп отырады.
- 2026 жылғы 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысынан кейін Тегеран үш бағыттағы әскери қысымды өзара ұштастырды. Олар – Ормуз бұғазы, Йемен және Баб-эль-Мандеб бұғазы. Қыркүйекте хуситтер Моха қаласын, Майюн (Перим) аралын және Қызыл теңіз жағалауының басым бөлігін басып алды. Бұл әрекеттер Иранның Эр-Риядқа және әлемдік саудаға қысым көрсету стратегиясына толық сәйкес келеді.
Иранның ресми мәлімдемелері:
- 5 қарашада Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи Еуропалық одақтың Йеменде ирандық әскери сарапшылар бар деген айыптауын үзілді-кесілді жоққа шығарып, оны «қоғамдық пікірді бұрмалауға бағытталған жалған ақпарат» деп атады.
- Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи қақтығысты реттеуге арағайын болуға дайын екенін білдірді. 11 қазанда ол Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал бен Фарханмен телефон арқылы сөйлесіп, «тікелей диалог орнатуға жәрдемдесуді» ұсынды. Алайда Аракчидің 21 қазандағы мәлімдемесіне қарағанда, бұл ұсынысқа Эр-Рияд та, хуситтер де жауап бермеген.
- Аракчи Мысыр мен «кез келген басқа мемлекетті» Йемендегі қақтығысқа араласудан сақтандырып, «шетелдік күштердің кез келген араласуы жағдайды одан әрі ушықтырады» деп мәлімдеді. Басқаша айтқанда, Иран Каирді қақтығысқа араласпауға шақырғанымен, өзі Йемендегі оқиғаларға ықпал етіп отыр.
АҚШ пен Израильге қарсы соғыстан кейін Иран өз ұстанымын сақтап қалғанымен, әскери және саяси тұрғыдан әлсіреді. Ал хуситтер Тегеранның аймақтағы қарсыластарына қысым көрсетуге мүмкіндік беретін соңғы негізгі күшіне айналды. Егер хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазын бақылауында ұстап қалса, Иран мұны келіссөздерде тиімді пайдалануы мүмкін. Мәселен, Сауд Арабиясына жасалатын шабуылдарды тоқтатудың орнына өзіне көрсетіліп отырған қысымды азайтуды талап ете алады. Ал хуситтер жеңіліске ұшыраса, Иран «қарсыласу осі» деп аталатын аймақтық одақтастар жүйесінен толық айырылу қаупіне тап болады. 2024 жылғы желтоқсанда Сириядағы ықпалынан айырылып, Израиль соққыларынан «Хезболла» әлсірегеннен кейін бұл Тегеран үшін аса ауыр соққы болмақ.
Сондықтан сириялық әскери кеңесшілердің Эр-Риядқа келуі Иран үшін екі есе ауыр саяси соққы саналады. Өйткені бұрын Тегеранның одақтасы болған Сирия енді Сауд Арабиясының әскеріне Иран қолдайтын күштерге қарсы соғыс жүргізуді үйретіп жатыр. Осылайша Иран ресми түрде бейбітшілік пен арағайындықты жақтағанымен, іс жүзінде хуситтерді соңына дейін соғыстыруға мүдделі. Себебі олар Тегеранның аймақтағы соңғы тірегі болып отыр.
Ресей: ресми түрде Эр-Риядтың одақтасы, ал бейресми түрде хуситтердің серіктесі
Ресей – бұл геосаяси тартыста барынша шебер әрекет етіп отырған мемлекет. Мәскеу бір мезгілде Сауд Арабиясын да, хуситтерді де қолдап, екі тараппен де қарым-қатынасын сақтап қалудың жолын тауып отыр.
Ресей дипломатиясының ресми бағыты – тепе-теңдікті сақтау:
- 8 қыркүйекте Мәскеуде Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал бен Фарханмен кездескен Сергей Лавров хуситтердің корольдіктегі азаматтық нысандарға жасаған шабуылдарын «жол беруге болмайтын әрі кері нәтиже беретін әрекеттер» деп бағалады.
- 22 қыркүйекте Владимир Путин Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен телефон арқылы сөйлесті. Екі тарап Баб-эль-Мандеб және Ормуз бұғаздары арқылы кемелердің еркін қатынауын қамтамасыз ету мен БҰҰ аясында келіссөздер жүргізудің маңызын атап өтті.
- 18 қазанда Ресей Сыртқы істер министрлігі Йемендегі жағдайдың күрт нашарлауына «қатты алаңдаушылық» білдіріп, әскери қимылдарды тоқтатуға, Эр-Рияд келісімі мен БҰҰ қарарларының талаптарын орындауға шақырды.
- Қазан айында Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Алимов БҰҰ-ны бейбітшілік орнату жолындағы күш-жігерін «екі еселеуге» үндеді. Мәскеу Ресей мен Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі арасындағы консультацияларға белсенді қатысып келеді. Ал 19 қазанда Лавров Манамадан Тегеранға аттанды. Осылайша Мәскеу екі тараппен де дипломатиялық байланысты үзбеуге ұмтылып отыр.
Мәскеудің мұндай ұстанымы қарсыластарының Ресейді жасырын әрекеттерге қатысы бар деп айыптауына негіз іздеуіне түрткі болды. Мәселен, 27 қазанда Associated Press агенттігі Женевада орналасқан AURORAH Geosignal Intelligence компаниясының зерттеуіне сүйеніп, мынадай ақпарат жариялады: 1 шілде мен 19 қазан аралығында хуситтер жасаған 40 зымырандық және дрон шабуылының әрқайсысы қарсаңында және одан кейінгі бірнеше күн ішінде Ресейдің мемлекеттік және әскери спутниктері шабуыл жасалған аудандардың үстінен өткен. Зерттеуде мұндай сәйкестік барлық жағдайда, яғни 100% тіркелгені айтылған. 10 қыркүйекте Сауд Арабиясының «Шығыс – Батыс» мұнай құбырындағы сорғы станцияларына соққы жасалды. Шабуылдан бірнеше күн бұрын нысан орналасқан аумақтың үстінен «Космос-2600» сериясына жататын 11 спутниктің өткені тіркелген. Бір аптадан кейін Таиф қаласындағы король Фахд атындағы әскери әуе базасына шабуыл жасалып, Италияға тиесілі Eurofighter жойғыш ұшағы зақымданды. Шабуылдарға дейінгі және одан кейінгі 72 сағат ішінде спутниктердің белсенділігі шілде айындағы көрсеткіштен 50% жоғары болған. Алайда зерттеуде қолданылған «мемлекеттік және әскери спутниктер» деген тіркестің өзі ақпараттың шынайылығы мен дереккөздің кәсіби деңгейіне күмән тудырады. Өйткені спутниктер коммерциялық және әскери болып бөлінеді, ал әскери спутниктердің өзі мемлекетке тиесілі. Мұндай қателікке салмақты зерттеу компаниясы жол бермеуге тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдарында хуситтер жетекшілерінің бірі айтты делінген мынадай мәлімдеме де келтіріледі: «Ирандық кеңесшілер Ресейдің спутниктік барлау деректеріне негізделген ақпаратты жеткізіп отырады». Сондай-ақ Сауд Арабиясы сыртқы істер министрінің қоғамдық дипломатия жөніндегі орынбасары Раид Кримлиге телінген мәлімдеме жарияланған. Онда Иран мен хуситтер Ресей мен Қытайдағы жекелеген тұлғалардан немесе құрылымдардан, соның ішінде коммерциялық ұйымдардан әскери көмек пен барлау мәліметтерін алып отырғаны айтылған. Бұған қоса, Эр-Рияд бұл мәселені Мәскеу және Бейжіңмен тұрақты түрде талқылайды деген ақпарат тараған. Ресей бұған бірден жауап берді. 20 қазанда Мария Захарова RTVI басылымына берген мәлімдемесінде: «Сауд Арабиясы тарапынан бізге мұндай өтініштер түскен жоқ. Ешкім ешқандай дәлел ұсынған емес. Өйткені ондай дәлелдер жоқ», – деді.
Әрине, аймақта қалыптасқан жағдай Мәскеуге белгілі бір тактикалық пайда әкеліп отыр. Хуситтердің Сауд Арабиясының мұнай нысандарына жасаған шабуылдары салдарынан мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асты. Бұл Ресей бюджетіне қосымша кіріс түсіреді. Оның үстіне, АҚШ Таяу Шығысқа неғұрлым көп ресурс жұмсаса, Украинаға соғұрлым аз көңіл бөледі. Алайда Ресей шынымен де хуситтерге спутниктік барлау мәліметтерін беріп, Сауд Арабиясының қарсыластарына көмектесіп отырса, онда неге корольдіктің ресми делегациялары Мәскеуге үздіксіз сапар жасап, саудиялық туристер Мәскеу мен Санкт-Петербургке тұрақты түрде келіп жүр? Бұл сауалдың жауабы әзірге түсініксіз.
Қытай: бәрімен достық қатынас орнатқанымен, жалғыз қалу қаупі бар ел. Бейжіңнің осал тұсы неде?
Қытай – Йемендегі соғыстан экономикалық тұрғыдан ең көп зардап шегіп отырған әрі дипломатиялық тұрғыдан күрделі жағдайда қалған мемлекет.
- Сауд Арабиясы – Қытайға мұнай жеткізетін екінші ірі мемлекет. Оның үлесіне Қытайдың жалпы мұнай импортының шамамен 14%-ы тиесілі.
- Ақпан айында Ормуз бұғазы жабылғаннан кейін Сауд Арабиясы мұнай экспортының 70%-дан астамын Қызыл теңізге шығатын «Шығыс – Батыс» мұнай құбырына бағыттады. Алайда қазір хуситтер Қытайға жеткізілетін мұнай тасымалданатын Баб-эль-Мандеб бұғазын бақылауда ұстап отыр.
- Венесуэла президенті Мадуро қолға түсіп, Каракас Вашингтонның ықпалына өткеннен кейін Бейжің АҚШ-тың Латын Америкасындағы ықпал аймағына кіретін бұл елден жеткізілетін мұнайдың едәуір бөлігінен айырылды.
- Қытай мен араб мемлекеттерінің саммиті белгісіз мерзімге шегерілді. Бейжіңнің араағайындығымен 2023 жылы Сауд Арабиясы мен Иран арасында жасалған, Қытай дипломатиясының маңызды жетістігі саналған келісім де қазір үлкен сынға тап болды. Өйткені Иранмен байланысы бар хуситтер Сауд Арабиясына соққы жасап жатыр.
Бейжіңнің ресми ұстанымы: Қытай Сыртқы істер министрлігі 15 қыркүйек пен 28 қазанда жасаған мәлімдемелерінде «азаматтық нысандарға шабуыл жасауға жол беруге болмайтынын», «барлық мемлекеттің егемендігі құрметтелуі тиіс екенін» және қақтығысты «тек саяси диалог арқылы шешу қажет екенін» атап өтті.
- 9 қазанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қытай Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметі мен Сауд Арабиясының егемендігін қолдады.
- 2 қарашада Си Цзиньпин Бейжіңде Оман сұлтаны Хайсам бен Тарикті қабылдады. Кездесуде тараптар АҚШ пен Иран арасындағы атысты толық тоқтатуға шақырды. Ал қараша айында Қытайдың арнайы өкілі Чжай Цзюнь Иран, Оман және Сауд Арабиясына сапарға аттанады.
- Қазан айында Қытай мен Джибути қабылдаған бірлескен мәлімдемеде Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы кемелердің еркін қатынауын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Сондай-ақ аймақтан тыс державалар «күш қолданудан және біржақты санкциялар енгізуден бас тартуға» шақырылды. Бұл АҚШ-тың әрекеттеріне бағытталған ашық сын ретінде қабылданды.
Ресейге қатысты жағдайдағыдай, Қытай жөнінде де айыптаулар пайда болды. Парсы шығанағы араб мемлекеттері институтының (AGSI) деректері мен БҰҰ-ның 2025 жылғы қазандағы есебіне сүйенген ақпараттарға сәйкес, 2021–2025 жылдары хуситтерге жеткізу кезінде тәркіленген әскери жүктердің шамамен 35%-ы Қытайда өндірілген. Ал 2015–2018 жылдары бұл көрсеткіш небәрі 5% болған. Сондай-ақ хуситтерге арналған жүктерден тәркіленген ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлшектерінің басым бөлігі Қытайдан шыққан деген мәлімет бар. Алайда бұл Иран жеткізетін дайын зымырандар емес, әскери және азаматтық мақсатта қатар қолдануға болатын тауарлар. Олардың қатарында коммерциялық микрочиптер, дрон қозғалтқыштары мен байланыс құралдары бар. Қытай компаниялары мұндай өнімдерді делдалдар арқылы сатады.
Бейжің бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. 20 қазанда Қытайдың Йемендегі уақытша сенімді өкілі Шао Чжэн мұндай мәліметтерді «мүлде негізсіз» деп атап, елде экспортқа қатаң бақылау орнатылғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Reuters агенттігі Қытайдың өз мұнай танкерлерінің қауіпсіз өтуіне кепілдік алу мақсатында Иранның араағайындығымен хуситтермен тікелей байланыс орнатқанын хабарлады. Ал қараша айында Tasnim агенттігінің мәліметінше, Сауд Арабиясы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Мусаед әл-Айбан мен тақ мұрагерінің Си Цзиньпинге арналған хатын Бейжіңге жіберген. Хатта Қытайдың Иранға ықпалын пайдаланып, хуситтердің әрекеттерін тежеуге жәрдемдесу туралы өтініш айтылған. Кейбір деректерге қарағанда, Қытай делегациясы Сауд Арабиясының жолдауын жеткізу үшін Санаға барып та үлгерген.
Бейжіңнің алдында тұрған таңдау оңай емес: егер Қытай Эр-Риядты толық қолдаса, мұнай жеткізуші әрі АҚШ-қа қарсы ықпал ету тетіктерінің бірі саналатын Ираннан айырылуы мүмкін. Ал хуситтермен достық қарым-қатынасын жалғастырса, Парсы шығанағындағы басты экономикалық серіктестері – Сауд Арабиясы мен БАӘ-мен байланысына нұқсан келтіріп, халықаралық дауларды реттеудегі сенімді арағайын ретіндегі беделіне көлеңке түсіреді. Сондықтан Бейжің екі тараппен де қарым-қатынасты сақтауға негізделген саясатты таңдады. Өйткені Қытай соғыстың жалғасуына да, тараптардың бірінің толық жеңіске жетуіне де мүдделі емес. Бейжің үшін мұнай жеткізілімінің үзілмеуі, бұғаздар арқылы кеме қатынасының ашық болуы және АҚШ-тың аймақтағы қауіпсіздіктің жалғыз кепіліне айналмауы маңызды. Қытай Вашингтонның стратегиялық құжаттарында Ресеймен қатар өзінің де стратегиялық қарсылас ретінде көрсетілгенін жақсы түсінеді. Сондай-ақ трансұлттық әскери-өнеркәсіптік кешеннің мүддесі үшін басталуы мүмкін келесі соғыстың нысанасына айналу қаупін де ескеріп отыр. Аймақтағы қақтығыстардың созылуы Бейжіңге АҚШ-пен болашақта болуы ықтимал соғысқа дайындалуға уақыт береді. Көптеген сарапшылар мұндай қақтығысты болдырмау мүмкін емес деп есептейді.
АҚШ-тың рөлі: соғысқа араласқысы келмейтін қолбасшы
АҚШ – бұл дағдарыстың барлық бағыттарына бір мезгілде қатысы бар жалғыз держава. Вашингтон Иранмен соғысқа, Сириямен жасалған келісімге, «Мекке пактісіне» және Йемендегі қақтығысқа тікелей немесе жанама түрде араласып отыр. Соған қарамастан, АҚШ «әскерін ұрысқа жібермей-ақ, басшылық жасауды» жөн көрген сыңайлы. Сауд Арабиясында сириялық «кеңесшілердің» пайда болуына да Вашингтонның осы екіұшты саясаты себеп болғанға ұқсайды. АҚШ Сириядағы жаңа биліктің қалыптасуына ықпал етті, енді оның әрекетіне шектеу қойып отыр. Башар Асад режиміне ұзақ жылдар бойы қысым көрсеткен Вашингтон 2024 жылғы желтоқсанда тыйым салынған радикалды «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымының жетекшісі, Джулани деген атпен белгілі Ахмад аш-Шарааға қолдау көрсетті. Билікті ауыстыру операциясынан кейін АҚШ Дамаскіге салынған санкциялардың бір бөлігін алып тастап, жаңа үкіметті мойындады. Сондай-ақ тыйым салынған ИГИЛ ұйымына қарсы күресте және Иранның ықпалын тежеу бағытында Сирия билігімен іс-қимылдарын үйлестіре бастады. Reuters агенттігінің жазуынша, Сирия «Сауд Арабиясы мен АҚШ-тың жақын одақтасына» айналды.
Алайда Дамаск бұл саяси жақындасуды Эр-Риядқа әскери көмек көрсетуге және оның есесіне нақты қаржылай қолдау алуға пайдаланбақ болғанда, Вашингтон бұған тосқауыл қойды. Reuters агенттігіне сириялық кеңесшілердің жіберілгенін растаған АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі Вашингтонның негізгі ескертуін де жеткізді: «Вашингтон Дамаскіні барынша сақ әрекет етуге шақырды. Сирияның Йемендегі соғысқа кез келген деңгейде қатысуы елді осы уақытқа дейін бойын аулақ ұстап келген ауқымды аймақтық қақтығысқа тартуы мүмкін».
АҚШ-тың мұндай ұстанымының себебі түсінікті. Вашингтонға Иранның ықпалын тежейтін әрі Израильдің қауіпсіздігіне тірек бола алатын тұрақты Сирия қажет. АҚШ аш-Шарааны «Эр-Риядтың жалдамалы жауынгері» емес, «байыпты одақтасы» ретінде көргісі келеді. Басқаша айтқанда, Сирияның Израильге қатысты саяси бағытының өзгеруіне ықпал еткен АҚШ енді Дамаскінің дербес сыртқы саясат жүргізуіне басты кедергі болып отыр.
Мұның себебі неде?
АҚШ Йемендегі соғысқа қатысудан бас тартқан соң, Эр-Рияд әскери қолдауды басқа елдерден іздеуге мәжбүр болды. Бүкіл оқиғаның түйіні де осында. Axios басылымының мәліметінше, 10 қыркүйекте Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Дональд Трампқа екі рет телефон соғып, хуситтерге америкалық әскердің соққы жасауын сұраған. Алайда Трамп бұл өтінішті қабылдамаған. 20 қазанда АҚШ-тың Сирия және Ирак жөніндегі арнайы өкілі Томас Баррак Каирде Вашингтонның ұстанымын ашық мәлімдеді: «Президент Трамп Сауд Арабиясын қолдайтынын және оған қажетті логистикалық көмек көрсететінін анық айтты. Алайда АҚШ-тың басқа жерде құрлықтағы тікелей ұрыс қимылдарына араласуынан еш нәтиже шықпайды. Йемендегі әскери күш қолдану бұған дейін де нәтиже берген жоқ, қазір де нәтиже бермейді және алдағы уақытта да тиімді болуы екіталай».
Трамп Конгрестегі аралық сайлауға үш апта қалғанда жаңа соғыс майданын ашқысы келмеді. Оның үстіне, 28 ақпаннан бері АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы жүріп жатқан еді. Бұған 2025 жылдың көктемінде хуситтерге қарсы жүргізілген 52 күндік әскери науқанды да қосуға болады. Ол жеңіспен емес, Оманның араағайындығымен жасалған бітіммен аяқталған болатын. Тіпті 10 қазанда хуситтер Эр-Риядтағы король Халид атындағы әуежайға ең көп адам шығынына әкелген шабуылын жасап, салдарынан 13 адам, оның ішінде бір АҚШ азаматы қаза тауып, 300-ден астам адам жараланғаннан кейін де Трамп «Біз өте жақын арада шешім қабылдаймыз» деумен шектелді. Бірақ нақты шешім қабылдаған жоқ. Өйткені хуситтер бірден: «Егер АҚШ араласса, аймақтағы америкалық мүдделерге қарсы жедел әрі қатаң жауап беріледі», – деп ескерткен еді.
Ақырында Эр-Рияд АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктеріне бұрынғыдай сенім артуға болмайтынын түсінді. Сөйтіп, өзге мемлекеттердің әскери күштерін тарта отырып, қорғаныс әлеуетін нығайтуға кірісті. Алдымен 2025 жылғы 17 қыркүйекте Пәкістанмен екіжақты келісім жасасты. Одан кейін 2026 жылғы 7 тамызда Түркия және Пәкістанмен «Мекке пактісіне» қол қойды. Кейін Мысырмен келіссөз жүргізіп, енді Сириямен әскери ынтымақтастық орнатуға көшті. Сауд Арабиясы аумағында сириялық әскери қызметшілердің пайда болуы – Вашингтонның әскери араласудан бас тартуының тікелей салдары. La Nouvelle Tribune басылымы 7 қарашада жазғандай: «Трамптың бас тартуынан кейін Сауд Арабиясы соғыс тәжірибесі мол басқа жауынгерлердің көмегіне жүгінбек».
АҚШ – көзге көрінбейтін әскери көмектің негізгі жеткізушісі
Ақ үйдің құрлықтағы соғысқа қатысудан бас тартуы АҚШ-тың әскери қақтығыстан толық шет қалғанын білдірмейді.
Вашингтон Йемендегі соғысқа тікелей араласпай, үш бағыт бойынша қолдау көрсетіп отыр:
- Барлау және нысаналарды анықтау.CNN мәліметінше, АҚШ-тың 100-ден астам әскери кеңесшісі Сауд Арабиясына соққы жасалатын нысаналарды анықтауға көмектесіп жатыр. Вашингтон спутниктік барлау мәліметтерін, әуе қорғанысына қажетті ақпарат пен логистикалық қолдау ұсынады. Дәл осы көмектің арқасында саудиялық әскер хуситтер ұшырған зымырандардың бір бөлігін әуеде жойып отыр.
- Теңіз коалициясы.30 шілдеде Сауд Арабиясы Қызыл теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 14 мемлекеттен тұратын теңіз коалициясын құрғанын жариялады. АҚШ бұл құрылымдағы жетекші рөлін ашық көрсетпегенімен, іс жүзінде оның қызметін бейресми түрде үйлестіріп отыр.
- Дипломатиялық арағайындық.2026 жылғы қыркүйекте АҚШ Оман арқылы хуситтермен келіссөз жүргізді. Сол кезде Трамп хуситтердің жаңа қақтығысты болдырмау үшін Вашингтонға өздері хабарласқанын да мәлімдеген. Хуситтер бұл ақпаратты жоққа шығарғанымен, Маскат арқылы байланыс орнату мүмкіндігі әлі де сақталып отыр.
АҚШ соғыстың тараптардың бірінің толық жеңісімен емес, бітіммен аяқталғанын қалайды. Өйткені хуситтердің жеңісі Иранның ықпалын күшейтсе, Сауд Арабиясының кең ауқымды соғыс нәтижесінде жеңіске жетуі АҚШ-тың қақтығысқа тікелей араласуына әкелуі мүмкін.
АҚШ және «Мекке пактісі»: Вашингтон қолдағанымен, өзі қосылған жоқ
«Мекке пактісі» – шын мәнінде, АҚШ-тың қатысуынсыз жүзеге асқан америкалық бастама. Вашингтон ондаған жыл бойы Парсы шығанағындағы одақтастарының өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алғанын қалап келді. Бұл ұстаным одақтастар арасында жауапкершілік пен шығындарды бөлісуді көздейтін burden-sharingдоктринасына негізделген. Ал Трамп оны барынша қатаң қағидаға айналдырды: «Шығынды өздерің көтеріңдер, соғысты өздерің жүргізіңдер, ал біз қару-жарақ пен барлау мәліметтерін береміз». 7 тамызда Меккеде Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан арасында жасалған келісім осы доктринаның іс жүзіндегі көрінісі болды. АҚШ пактіге қол қоймаса да, оның құрылуына кедергі келтірген жоқ. Chicago Council мәліметінше, Вашингтон бұл бастаманы «таңданысын жасырмай, бірақ ұстамдылықпен» қабылдаған.
АҚШ неліктен пактіге қосылмады? Өйткені оған мүше болу хуситтер Сауд Арабиясына соққы жасаған сайын корольдікті әскери жолмен қорғау міндетін жүктейтін еді. Ал Трамп мұндай міндеттемені мойнына алғысы келмейді. Ол шешім қабылдауда еркіндігін сақтап, одақтастарына қолдау көрсеткенімен, соғысқа тікелей араласпауды жөн көреді. Сонымен бірге АҚШ пактіге қатысушы елдердің бірлігін сақтауда шешуші рөл атқарып отыр. Атап айтқанда, Вашингтон БАӘ-ге Эр-Риядпен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін қысым көрсетуде. Сондай-ақ Израильдің Сирияға жасайтын әскери соққылары пактіге қауіп төндірмеуі үшін Тель-Авивпен келіссөз жүргізіп жатыр.
АҚШ пен Израиль: Эр-Риядты Тель-Авивпен жақындастыруға ұмтылуда
Вашингтонның бұл бағыттағы ең маңызды дипломатиялық қадамдарының бірі – Йемендегі соғысты Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру үшін пайдалану. 18 қазанда Трамп Ақ үйдің көгалында журналистерге: «Израиль Сауд Арабиясына үлкен көмек көрсетті… Сауд Арабиясы Израиль мен біздің қолдауымызға өте риза», – деді. Ал «Авраам келісімдері» аясында екі елдің қарым-қатынасын қалыпқа келтіру мүмкіндігі туралы сұраққа: «Иә, меніңше, бұл әбден мүмкін. Бұрынғыдан да мүмкіндігі жоғары», – деп жауап берді. Сол күні Нетаньяху да: «Таяу Шығыста бізден көмек сұрамайтын мемлекет кемде-кем», – деп мәлімдеді.
Осылайша АҚШ Эр-Риядқа Израильмен қарым-қатынасын қалыпқа келтірудің орнына оның әуе қорғанысы, барлау және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күрес технологияларын пайдалануды ұсынып отыр. Ал сириялық әскери нұсқаушылардың көмегі бұл ұсынысқа балама бола алады. Сондықтан Вашингтон бір жағынан америкалық құрлық әскерін жібермей-ақ әскери қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін Сирия миссиясын құптаса, екінші жағынан Сауд Арабиясы мен Израильдің жақындасуына жол ашатын израильдік көмекті де қолдап отыр.
АҚШ пен Иран: Трамп нүкте қойғысы келетін соғыс
Бұл оқиғалардың барлығы 2026 жылғы 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында өрбіп жатыр. АҚШ-тың Эр-Риядтағы бұрынғы елшісі Майкл Ратнидің пікірінше, Трамп «соғыстың аяқталғанын жариялап, басқа мәселелерге көшуді және Конгрестегі аралық сайлау алдында бұл тақырыпты қайта қозғамауды қалайды». Егер ол хуситтерге қарсы әскери соққы жасауға келіссе, қақтығыстың аяқталуға жақын қалғаны туралы мәлімдемесіне өзі қайшы келген болар еді. Сондықтан Конгресс сайлауына дейін АҚШ Иранмен қарым-қатынаста «соғыс та емес, бейбітшілік те емес» деген ұстанымды сақтады. Вашингтон Қызыл теңіздегі Иран қолдайтын қарулы топтарға соққы жасап, хуситтердің қайықтарын жойғанымен, кең ауқымды әскери басып кіруден бас тартты. Ал енді Ирандағы соғыс салдарынан республикашылдар сайлауда ауыр жеңіліске ұшырағаннан кейін Тегеранмен тікелей әскери қақтығыстың қайта басталу ықтималдығы тіпті төмендеді. Вице-президент Вэнс пен Трамптың өзі республикашылдардың сайлаудағы сәтсіздігіне Ирандағы соғыстың әсер еткенін мойындады. Оның үстіне, Израильде Нетаньяху мен оның коалициясы да сайлауда жеңіліс тапты.
АҚШ үшін хуситтер басты қарсылас емес, Иранға қысым көрсету құралы ғана. Ал Сауд Арабиясы қандай жағдай болмасын қорғап қалуға тиіс ең маңызды одақтас емес, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету шығындарын өзі көтеруге міндетті серіктес саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Ақ үйдің қазіргі ұстанымын ұрыс даласынан кеткен қолбасшының әрекетімен салыстыруға болады. Вашингтонның бұл оқиғалардағы рөлін бір ғана тұжырыммен сипаттауға болады: АҚШ соғысқа алғышарт қалыптастырғанымен, оған тікелей қатысудан бас тартты. Вашингтон Асад билігін құлатып, Сириядағы жаңа саяси жүйенің қалыптасуына ықпал етті, «Мекке пактісін» қолдады, Эр-Риядты барлау мәліметтерімен және қару-жарақпен қамтамасыз етті. Бірақ одан арғы әрекеттерді одақтастарының өздеріне қалдырды. Сауд Арабиясына сириялық әскери кеңесшілердің келуі, Пәкістан арнайы қызметтерінің, түркиялық парламентшілердің, Мысырдың әуе қорғанысы күштері мен қытайлық арағайындардың белсенділік танытуы да осыдан. Вашингтонның тікелей араласудан бас тартуы нәтижесінде пайда болған кеңістікті енді өзге мемлекеттер толтырып жатыр.
Егер АҚШ Йеменге қайта оралып, соғысқа тікелей қатысса, бұл өзге елдердің күшімен соғыс жүргізу стратегиясының сәтсіз аяқталғанын білдіреді. Ал Вашингтон қақтығысқа араласпаса, «Мекке пактісі» Таяу Шығыс тарихында АҚШ-тың тікелей қатысуынсыз соғыс жүргізетін алғашқы ресми әскери одаққа айналуы мүмкін. Қалай болғанда да, автордың пайымдауынша, екі жағдайда да АҚШ негізгі пайда көруші тарап болып қала береді. Өйткені Вашингтон не одақтастарының күшімен Иранды жеңеді, не олардың өзара қақтығыста әлсіреуін сырттай бақылай отырып, әскері мен қаржы ресурстарын сақтап қалады.
Алдағы оқиғалар қалай өрбуі мүмкін?
Бірінші сценарий – «Шектеулі қатысу». Қазіргі жағдайда ең ықтимал нұсқа осы. Сириялық әскери қызметшілер Сауд Арабиясы аумағында нұсқаушы және кеңесші міндетін атқарумен шектеледі. Бұл Эр-Риядқа олардың жауынгерлік тәжірибесін пайдалануға, Дамаскіге қаржылай қолдау алып, саяси беделін арттыруға, ал АҚШ-қа қақтығыстың ушығуын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Сирия билігі Йеменге әскер жібермегені жөніндегі ресми ұстанымын сақтайды.
Екінші сценарий – «Біртіндеп өршу». AFP агенттігінің дереккөздері хабарлаған жағдай шындыққа айналады. Алдымен 3 мың, кейін 10 мыңға дейін сириялық әскери қызметші Сауд Арабиясы мен Йемен шекарасына және Йемен аумағына орналастырылады. Бастапқыда олар ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және әскери барлау жұмыстарымен айналысса, кейін Адендегі үкімет жағында құрлықтағы ұрыс қимылдарына қатыса бастайды. Мұндай жағдайда Сирия ресми түрде Йемендегі соғысқа қатысушы тарапқа айналады. Ал Иран Сирияның мүдделеріне қарсы жауап шараларын қабылдауға негіз алады.
Үшінші сценарий – «Институционалдық бірігу». Сирия «Мекке пактісіне» қосылады. Бұл жағдайда сириялық әскерилердің Сауд Арабиясында болуы екіжақты келісім аясынан шығып, ұжымдық қорғаныс жүйесінің бір бөлігіне айналады. Бұл – геосаяси салдары ең ауқымды сценарий. Оның жүзеге асуы Батыс Азиядағы қауіпсіздік жүйесін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Қазіргі кезде өзара бәсекелес екіжақты одақтарға негізделген аймақтық қатынастар екі ірі блоктың текетіресіне ұласады. Бір жағында Иранды қолдайтын хуситтер мен «қарсыласу осінің» сақталып қалған күштері, екінші жағында Сауд Арабиясы бастаған «Мекке пактісі» мен АҚШ болады.
Йемен жаһандық қақтығыстың айнасына айналды
Сырттай қарағанда хуситтерге қарсы біртұтас коалиция болып көрінгенімен, шын мәнінде мұнда мақсат-мүддесі әртүрлі бірнеше қақтығыс қатар жүріп жатыр. Сауд Арабиясы үшін бұл – биліктің сақталуы мен Йеменді бақылауда ұстау жолындағы күрес. Сирия үшін – өзінің саяси заңдылығын мойындату, жауынгерлік тәжірибесінің есесіне қаржылай қолдау алу және Израильден қорғану мүмкіндігіне ие болу жолындағы күрес. БАӘ үшін басты мақсат – Оңтүстік Йемен мен оның порттарын бақылау. Бұл ретте Әмірліктер хуситтерді негізгі қарсылас емес, Сауд Арабиясының аймақтағы үстемдігін тежеуге болатын тактикалық құрал ретінде қарастырады. Мысыр болса, Йемендегі соғысқа тікелей араласпай-ақ, Суэц каналының қауіпсіздігі мен елдің қаржылық тұрақтылығын сақтап қалуға ұмтылады. Ал Израиль осы одақтардың ешқайсысының өз қатысуынсыз шамадан тыс күшейіп кетпеуін көздейді.
Алайда бұл елдердің мүдделерінен де жоғары тұрған ірі державалардың геосаяси мақсаттары бар. Соның салдарынан Йемендегі соғыс Ресей, Қытай және Иранның АҚШ-пен жанама текетіресіне ұласып, жаһандық сипат алып отыр. Исламның екі бағыты – сүнниттер мен шииттер арасындағы алауыздықтың жүйелі түрде күшейтілуі ұзақ жылдар бойы толассыз қақтығыстар мен жойқын соғыстардан зардап шегіп келе жатқан аймақта бейбітшіліктің орнауын қаламайтын күштердің мүддесіне сай келеді. Ал мұсылман әлемі күш біріктірсе, сыртқы державалардың жаһандық текетіресінде олардың ықпалына тәуелді құрал болудан арыла алар еді. Аймақ елдері мен Ресей, Қытай және Иран секілді ірі державалардың қатысуымен жасалатын бейбіт келісім Батыс Азиядағы Израиль мен АҚШ-тың ықпалын едәуір әлсіретіп, Еуразия кеңістігінде шынайы қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға берік негіз бола алар еді. Алайда аймақ көшбасшылары жеке басының, діни және ұлттық мүдделерінен жоғары тұрып, бейбітшілік, ортақ даму мен тұрақтылық жолында күш біріктіре ала ма? Әлде мемлекеттердің әлсіреуіне, тіпті Үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келуі мүмкін ғасырлар бойғы текетіресті жалғастыра бере ме? Басты мәселе – осы.




