Астана. 16 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшыларын ұстау кезінде күштік құрылымдар жіберген олқылықтар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасын ауыстыру туралы кадрлық шешіміне әсер етті. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босату туралы шешім қабылдады», – деді Смадияров дүйсенбі күні.
«Бұл шешім Президенттің аталған арнаулы қызметті реформалау жөніндегі тапсырмасын табысты орындау үшін басшылық құрамдағы кадрларды ауыстыру қажеттігін ескере отырып қабылданды», – деп толықтырды ол.
Президенттің баспасөз хатшысы Ермек Сағымбаевты қызметінен босату туралы шешім қабылдағанда Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты оқиғаға қатысы бар адамдардың ұсталғанын да ескергенін атап өтті.
«Президенттің пікірінше, күштік құрылымдар тарапынан олқылықтарға жол берілген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де тәртіптік жаза қолданылды», – деді Смадияров.
Президенттің баспасөз хатшысының мәліметінше, Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен де жұмыс кеңесін өткізген.
«Президент «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындау барысында қызметтік тәртіпті нығайтып, полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруды тапсырды. Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы және офицерлік құрамымен жүргізілетін тәрбие жұмысын күшейту қажеттігі ескертілді», – деп хабарлады Президенттің баспасөз хатшысы.
Бұған дейін, дүйсенбі күні Тоқаев 2022 жылғы қаңтардан бері ҰҚК-ні басқарып келген Ермек Сағымбаевты қызметінен босатып, оның орнына комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Ірменовті тағайындаған болатын.
ҰҚК басшысының ауысуы «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының қоғамда үлкен резонанс тудырған ұсталуынан кейін орын алды. Бұл жағдай Сағымбаевтың қызметтен кету себептеріне қатысты түрлі болжамдардың таралуына түрткі болды.
Өткен бейсенбіде ҰҚК «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдардың ұсталғанын хабарлаған еді. Сол кезде ведомство істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын тергеумен ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі айналысады. Бұл өкілеттік комитетке 2025 жылғы маусымда берілген.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астананың әкімшілік орталығындағы тұрғын үй кешенінің терезесінен доллар бумалары салынған чемодандар мен сөмкелердің лақтырылғаны түсірілген бірнеше бейнежазба тараған болатын. Чемодандардың бірі жерге құлаған кезде ашылып кетіп, 100 долларлық купюралар тұрғын үй кешенінің ауласына шашылған. Бейнежазбадан полиция қызметкерлерінің оқиға орнын қоршауға алғанын көруге болады. Қазақстандық бірқатар БАҚ-тың мәліметінше, бұл оқиға «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ топ-менеджерлерінің ұсталуына байланысты болған.




