Астана. 16 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының басшыларына қатысты жүргізілген тергеуден әуел бастан хабардар болған. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Жалпы, «Самұрық-Қазына» ісінің сыбайлас жемқорлық сипаты күмән тудырмайды. Мұны тергеу амалдары кезінде іске қатысы бар тұлғалардың әрекеттері де растайды. Президент жүргізіліп жатқан тергеуден әуел бастан хабардар болды. Оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұстанымы өзгермейді әрі берік», – деді Смадияров дүйсенбі күні.
Бұған дейін, дүйсенбі күні Тоқаев 2022 жылғы қаңтардан бері ҰҚК-ні басқарып келген Ермек Сағымбаевты қызметінен босатып, оның орнына комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Ірменовті тағайындаған болатын.
ҰҚК басшысының ауысуы «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының қоғамда үлкен резонанс тудырған ұсталуымен тұспа-тұс келді. Осыған байланысты Сағымбаевтың қызметтен кету себептері туралы түрлі болжамдар тарады.
Өткен бейсенбіде ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдардың ұсталғанын хабарлаған еді. Ведомство сол кезде істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын тергеумен ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі айналысады. Бұл өкілеттік комитетке 2025 жылғы маусымда берілген.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астананың әкімшілік орталығындағы тұрғын үй кешенінің терезесінен доллар бумалары салынған чемодандар мен сөмкелердің лақтырылғаны түсірілген бірнеше бейнежазба тараған болатын. Чемодандардың бірі жерге құлаған кезде ашылып кетіп, 100 долларлық банкноттар тұрғын үй кешенінің ауласына шашылған. Бейнежазбадан полиция қызметкерлерінің оқиға орнын қоршауға алғанын көруге болады. Қазақстандық бірқатар БАҚ-тың мәліметінше, бұл оқиға «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ топ-менеджерлерінің ұсталуына байланысты болған.




