Бұған дейін Еуразия24 редакциясы Энергетика министрлігіне ресми сауал жолдап, екі мәселеге жауап беруді сұраған болатын:
- Қолданыстағы электр энергиясын өндіру және желілік қуаттарды жаңғырту, сондай-ақ жаңа қуаттарды іске қосу жөніндегі жоспарлар толық орындалған жағдайда, 2030 және 2035 жылдары электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда нарықтарындағы түпкілікті тарифтер қандай болатыны жөнінде министрлікте есептеулер бар ма? Бар болса, тариф мөлшері қанша болады?
- Министрлік электр энергиясы нарығы мен саланы басқару жүйесін қайта құру жөніндегі ұсыныстарға қалай қарайды?
Шынын айтқанда, нақты жауап болмаған жағдайда қандай мазмұндағы хат келетінін шамамен болжаған едік. Дегенмен біз үшін салалық министрліктің ресми ұстанымын білу маңызды болды. Өйткені электр энергетикасындағы жағдайды, әсіресе саланы басқарудағы кемшіліктерді одан әрі талқылау үшін осы жауап қажет еді.
Жақында министрліктен жауап алдық. Алайда күткеніміздей, хатта сауалдарымыздың ешқайсысына нақты жауап берілмеген. Оның орнына мәселенің мәнін ашпайтын жалпылама ақпаратпен шектелген.
Тарифке қатысты сауалды министрлік мүлде елемеген. Мұның себебі де түсінікті. Ведомство 2035 жылға дейін 26 ГВт жаңа қуатты іске қосу жөнінде жүзеге асуы күмәнді ауқымды жоспарлар жариялағанымен, оның электр энергиясының тарифіне қаншалықты әсер ететінін еш жерде көрсетпейді. Бұл туралы ресми құжаттарда да, министрлік өкілдерінің мәлімдемелерінде де айтылмайды. Ал алдын ала есептеулердің өзі «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты аясында, әсіресе шетелдік инвестицияларды тарту жағдайында, қазіргі тарифтерге олардың үш есесіне тең қосымша шығын қосылуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан Энергетика министрлігі тариф мәселесін барынша құпия ұстап отыр (https://t.me/eurasia24media/7246). Тіпті бұл мәселенің жауабы министрліктің өзіне де белгісіз сияқты.
Ал электр энергиясы нарығын қайта құру мәселесіне қатысты министрліктің жауабы тіпті қызық болды. Жүйелік оператор мен Бірыңғай сатып алушыны біріктіру жөніндегі ұсынысымызға қарсы уәж ретінде ведомство «мүдделер қақтығысын» алға тартқан. Алайда министрліктің бұл жауабы басқа бір мәселенің бетін ашты: негізінен мұнай-газ саласымен айналысатын Энергетика министрлігі мен электр энергетикасының мүдделері іс жүзінде бір-біріне қайшы келеді!
Ал біз ұсынған Жүйелік операторды, Бірыңғай сатып алушыны, теңгерімдеуші нарық пен қуат нарығын бір құрылымға біріктіру мәселесінде мұндай қайшылық жоқ. Керісінше, қазіргі жасанды түрде бөлшектенген жүйеде мүдделер қақтығысы айқын байқалады. Бір жағында мемлекеттің және халықтың түсінікті, ашық әрі тұрақты тариф саясатына деген мүддесі тұр. Екінші жағында қаржы ағындарын жеке-жеке бақылауда ұстап, жүйенің күрделілігін өз пайдасына пайдалануды көздейтін жекелеген корпоративтік мүдделер бар.
Мәселенің мәнін түсіндірейік. Құрылымы күрделі көрінгенімен, электр энергетикасының жұмыс істеу қағидасы қарапайым: саладағы негізгі үдерістерді Жүйелік оператор реттейді. Тәуліктің кез келген секундында, минутында, сағатында, жылдың кез келген күнінде Қазақстандағы 248 электр станциясы ортақ желіге электр энергиясын өндіреді. Тек тұтыну азайған кезеңдерде жұмыс істейтін станциялар саны біршама қысқарады. Қай уақытта қанша станция жұмыс істесе де, олардың электр энергиясын өндіруге жұмсайтын шығыны әртүрлі, кейде бірнеше есе өзгеше болады. Бекітілген тарифтері де бірдей емес. Сондықтан мұндай нарықта еркін сауда жүргізу қағидасының өзі орынсыз. Оның үстіне, барлық станция әртүрлі шығынмен өндіргенімен, тұтынушыға бірдей өнім – жиілігі 50 Гц деңгейінде белгіленіп, өзара синхрондалған электр энергиясын жеткізеді. Сол себепті электр энергиясының көтерме нарығындағы басты әрі шешуші реттеуші – Жүйелік оператор. Ол диспетчерлік тәуліктің әр сағатына электр энергиясын өндірушілердің жұмыс тәртібін белгілеп, оларды тиісті кезекпен іске қосады.
Әрине, бұл кезектілікті анықтағанда электр энергиясын өндіру құны ескеріледі. Диспетчерлік кестеде алдымен электр энергиясын арзанырақ өндіретін станциялар қамтылады. Ал тұтыну шарықтайтын сағаттарда өндіріс шығыны жоғары станциялар іске қосылады. Бірақ мұның еркін саудаға еш қатысы жоқ. Бұл – электр станцияларының жұмысын диспетчерлік тәртіппен басқару жүйесі.
Электр энергетикасында бәсекеге жол берілетін әрі ол қажет болатын жалғыз бағыт бар. Ол – шекті тарифтері бірдей немесе шамалас электр станцияларының диспетчерлік кестедегі үлесін арттыру үшін өзара бәсекелесуі. Станциялар электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтып, өтінімдерінде төмен тариф ұсыну арқылы бұл мүмкіндікке ие бола алады. Әрине, мұндай бәсеке көтерме нарықтағы электр энергиясының түпкілікті құнын төмендетуге елеулі ықпал етеді. Алайда мұнда да еркін сауда туралы сөз қозғаудың реті жоқ. Өйткені көтерме нарықтағы тұтынушылар электр энергиясын тікелей станциялардан емес, Бірыңғай сатып алушыдан алады. Ал оның бағасын диспетчерлік тәуліктің әр сағатына Бірыңғай сатып алушы белгілейді.
Электр энергетикасындағы «сауда-саттық» туралы жаңсақ түсінік қалыптаспас үшін тағы бір маңызды жайтты ескеру қажет. Жүйелік оператор алдағы тәуліктің жұмысын алдын ала жоспарлайды. Ол электр энергиясына күтілетін сұраныстың сағаттық кестесін жасап, соған сәйкес станциялардың жұмыс кезегін белгілейді. Ал тәулік бойы осы кестенің орындалуын қадағалап, жоспардан ықтимал ауытқуларды теңгеріп отырады. Жүйелік оператор үшін мұның бәрі – біртұтас жұмыс үдерісі. Оның үстіне, құрамында Жүйелік оператор жұмыс істейтін KEGOC ұлттық электр желілік компаниясы соңғы жылдары айтарлықтай жетістікке жетті. Диспетчерлік басқару толық автоматтандырылған. Қазір мамандар жүйенің жұмысын бақылап, қадағалаумен ғана айналысады. Бұрын диспетчерлік команда берілгеннен бастап оның жергілікті жерде орындалуына дейін бірнеше минут қажет болса, қазір бұл жұмыс санаулы секундта атқарылады.
KEGOC өз бағдарламалық жасақтамасының жетістіктерін мақтан етуге толық құқылы. Бұл жүйе электр энергетикасының күнделікті жұмысын басқарумен қатар, алдағы күндер мен апталардағы жұмыс режимін 97% дәлдікпен болжай алады. Есептеулерде электр станцияларының, электр желілерінің және ірі тұтынушылардың ағымдағы жұмысы мен жөндеу кестелері ғана емес, ауа райы болжамы, желдің бағыты мен ауаның ылғалдылығы да ескеріледі. Соның нәтижесінде алдағы тәулікке жасалатын кестенің дәлдігі 99%-ға жетеді. Сондықтан тәулік ішінде жоспардан ауытқуларды қосымша теңгеру қажеттілігі барынша азаяды.
Осы тұста энергетика саласынан хабары жоқ оқырманның өзі негізгі мәселені түсінген болар. Электр энергиясын өндіру мен тұтыну іс жүзінде жүзеге асқаннан кейін көтерме нарықта тек ай сайынғы төлемдерді есептеу қалады. Оның үстіне, қажетті мәліметтің бәрі KEGOC жүйесінде егжей-тегжейлі тіркеледі. Қай станция қай сағатта, қай минутта қанша электр энергиясын өндіргені, қай тұтынушы қанша энергия алғаны, қандай тарифтер мен бағалар қолданылғаны, кімнің тәуліктік жоспардан қаншалықты және қай бағытта ауытқығаны толық есепке алынады. Соған сәйкес белгіленген ынталандыру төлемдері мен айыппұлдар да анықталады. Демек, мұнда да еркін саудаға орын жоқ.
Негізінде, Бірыңғай сатып алушы қаржы операцияларын Жүйелік оператордан бөлек жүргізе алады. Бірақ оның міндеті KEGOC басқаруымен жүзеге асырылған, электр энергиясын өндіру мен тұтынуға қатысты барлық дерегі нақты тіркелген операциялар бойынша есеп айырысумен ғана шектелуге тиіс. Ол үшін әлдебір «сауда-саттық» туралы жасанды тетіктер ойлап табудың қажеті жоқ. Алайда осындай жағдайда да Бірыңғай сатып алушыдан бөлек «теңгерімдеуші» нарықтың жұмыс істеуі, оған түрлі «провайдерлердің» қатысуы және «теріс теңгерімдерді» өзара есепке алудың күрделі тәсілдерін қолдану тарифтердің негізсіз өсуіне және энергетика саласынан жеке пайда табуға жол ашады.
Мына жағдайдың өзі наразылық туғызбай ма? KEGOC алдағы тәуліктегі электр энергиясын өндіру мен тұтынуды 99% дәлдікпен жоспарлайды. Соған қарамастан, көтерме нарықтағы электр энергиясы көлемінің 10%-ға дейіні «теңгерімдеуші» нарыққа жіберіледі. Бұл жыл сайын шамамен 200 млрд теңге деген сөз. «Теңгерімдеуге» әбден жеткілікті қаражат!
Енді салалық министрлік пен жауапты басқарудан тыс қалған электр энергетикасы арасындағы нақты мүдделер қайшылығына тоқталайық.
Жоғарыда айтылған 26 ГВт жаңа қуат туралы жоспарды нақты жағдаймен салыстырып көрейік. Қазір Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі белгіленген қуат 26,8 ГВт болғанымен, қолда бар қуат небәрі 22,8 ГВт-ты құрайды. Ал биылғы қыста кешкі ең жоғары жүктеме кезінде 16,5–17,2 ГВт қуат өндірудің өзі үлкен жетістік болмақ. Өйткені күтілетін тұтыну көлемі 18,5 ГВт-қа жетеді. Демек, электр энергиясын тағы да Ресейден импорттауға тура келеді.
Энергетика министрлігі мұндай орасан алшақтықтың себебін біле ме? Бұған электр энергиясын жинақтау жүйелері жоқ, диспетчерлік кестеге қатысу міндеті қарастырылмаған жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) салаға жауапсыз енгізу себеп болған жоқ па? Оның үстіне, Жүйелік операторға «жасыл» электр энергиясын басым тәртіппен қабылдау міндеті жүктелген.
Тағы бір мәселе бар. Энергетика министрлігі 2035 жылға дейін 26 ГВт жаңа қуат іске қосу жөнінде ауқымды жоспарлар жариялап отырғанымен, өзі бекіткен 2026–2032 жылдарға арналған болжамды теңгерімдерде электр энергиясы тапшылығы сақталатынын көрсеткен. Атап айтқанда, министрліктің өз есебіне сәйкес, 2032 жылы нормативтік резервті ескергенде Қазақстан бойынша электр энергиясын өндіру қуатының тапшылығы 2,7 ГВт-қа жетеді. Ал электр қуаты онсыз да тапшы оңтүстік өңірде бұл көрсеткіш 3,2 ГВт болмақ.
Сонымен қатар министрлік алдағы жылдардың барлығына арналған теңгерімдерде Солтүстік энергетикалық аймақтан Оңтүстікке жеткізілетін қуат көлемін өзгеріссіз, 2,1 ГВт деңгейінде қалдырған. Бұл – Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын 500 кВ кернеулі үш электр жеткізу желісінің өткізу мүмкіндігінің шегі. Демек, алдағы жылдары да электр жүйесінің жаппай істен шығу қаупі сақталмақ. Жалғастырушы электр желілері кез келген уақытта синхронды жұмыс режимінен шығып, Алматы, Тараз, Шымкент және Түркістанның электр жүйелерін елдің біртұтас желісінен ажыратып жіберуі мүмкін. Мұндай жағдайда аталған қалалар оқшау режимге көшіп, кейін электр қуатынан толық ажырап қалу қаупіне тап болады.
Тағы бір жайтты атап өтейік. Энергетика министрлігінің болжамынша, 2032 жылға қарай электр жүйесіне түсетін ең жоғары жүктеме қазіргі 18,5 ГВт-тан 25,3 ГВт-қа дейін өседі. Яғни өсім небәрі 6,8 ГВт болмақ. Бұл – министрлік жариялаған 26 ГВт жаңа қуат туралы жоспардан әлдеқайда аз көрсеткіш. Соған қарамастан, ведомство электр қуаты тапшылығын жою және Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы теңгерімсіздікті реттеу мәселесін де шеше алмаған.
Соңғы бір мәселеге тоқталайық. Қазір кешкі ең жоғары жүктеме 18,5 ГВт болады деп болжанып отыр. Ал электр энергиясын тұтыну шарықтаған сағаттарда елдегі станциялар әрі кеткенде 17 ГВт қуат өндіре алады. Бірақ Қазақстанның электр энергетикалық жүйесіндегі орташа жүктеме жылдық та, тәуліктік те, сағаттық та есеппен небәрі 14 ГВт-ты құрайды. Басқаша айтқанда, электр қуаты қатты тапшы саналатын еліміздің энергетикалық жүйесі қазірдің өзінде орташа есеппен едәуір қуат қорымен жұмыс істеп тұр.
Демек, Энергетика министрлігіндегі «теңгерімдеушілер» тәулік ішіндегі тұтыну жүктемесін тарифтер арқылы біркелкі бөлуді қолға алса, биылғы қыстың өзінде Ресейден қосымша қуат алудан бас тартып, жеткілікті резервпен жұмыс істеуге болар еді (https://t.me/eurasia24media/7265).
Ол үшін бар болғаны Жүйелік оператор мен Бірыңғай сатып алушыны біріктіріп, тарифтерді реттеу құзыретін соларға беру қажет. Энергетика министрлігіндегі әріптестер, бұған не дейсіздер?
Оның үстіне, 26 ГВт жаңа қуат туралы қиялға беріліп, тұрақты ток желісіне арналған уақытша шешімдер ойлап тапқанша (https://t.me/eurasia24media/7247), электр энергетикалық жүйені энергия жинақтау қондырғыларымен жедел жабдықтап, су ағынын реттейтін су электр станцияларын салуға күш жұмылдырған жөн. Бұл әлдеқайда арзанға түсіп, бірнеше есе жылдам жүзеге асар еді.
Ал ең басты мүдделер қайшылығы мынада: негізінен мұнай-газ саласымен айналысатын Энергетика министрлігі электр энергетикасының мәселелерін шешуге мүдделі емес.
Егер министрлік электр энергетикасының дамуына шынымен мүдделі болса, тарифтерді реттеу құзыретінің Ұлттық экономика министрлігіне берілуіне үнсіз келіспес еді. Сондай-ақ саланың негізін құрайтын KEGOC пен «Самұрық-Энерго» ұлттық компанияларының өзіне емес, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына бағынуына да жол бермес еді. Ал бұл қордың басшысы жуырда ғана ұсталды. Терезеден доллар толы сөмкелерді лақтыру бір басқа, сеніп тапсырылған саланың жұмысына жауап беру мүлде басқа.
Электр энергетикасының басты мәселесі – саланы тұтастай басқаратын, жеткілікті өкілеттігі бар әрі оның жағдайына толық жауап беретін бір орталықтың жоқтығы. Энергетика министрлігіне қояр тағы бір сауалымыз осы: мұндай басқару жүйесі қашан қалыптасады?




