Мәскеу. 20 қараша. ИНТЕРФАКС – 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында Қытай Ресейден 21,6 млн долларға бидай импорттады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (6,7 млн доллар) 3,2 есе көп. Мұндай мәлімет Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы жариялаған материалдарда келтірілген.
Қазан айында Қытай Ресейден 1,9 млн долларға бидай сатып алды. Ал өткен жылдың осы айында импорт көлемі 2,8 млн доллар болған. Биылғы қазан айындағы көрсеткіш қыркүйектегі 2 млн доллардан да төмен. Ресей бидайының Қытайға ең көп жеткізілген кезеңі қаңтар айына тұспа-тұс келді. Сол айда импорт көлемі 5,3 млн долларды құрады.
Қаңтар–қазан айларында Қытай сегіз елден бидай импорттады. Негізгі жеткізушілер қатарында Канада (615 млн доллар), Аустралия (327,3 млн доллар) және АҚШ (98,2 млн доллар) бар. Ресей Аргентинадан (95,3 млн доллар) кейінгі бесінші орнын сақтап қалды.
2025 жылы Қытай Ресейден 13,8 млн долларға бидай импорттаған. Бұл 2024 жылғы 87,3 млн доллармен салыстырғанда 6,3 есе аз.
2026 жылдың қаңтар–қазан айларында Ресейден Қытайға арпа жеткізу көлемі ақшалай есептегенде 2,3 есе өсіп, былтырғы 76,5 млн доллардан 176,4 млн долларға жетті. Қазан айында Ресей Қытайға 41,9 млн долларға арпа экспорттады. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 13,4 млн доллар болған. Қазандағы экспорт көлемі қыркүйектегі 22,1 млн доллардан да жоғары.
Жылдың алғашқы он айында Қытай тоғыз елден арпа сатып алды. Ресей Аргентинадан (173,2 млн доллар) кейін бесінші орында тұр. Ал негізгі жеткізушілер – Аустралия (2,3 млрд доллар), Канада (461,1 млн доллар) және Франция (217,4 млн доллар).
2025 жылы Ресейдің Қытайға арпа экспорты 2024 жылғы 177,1 млн доллардан 111,2 млн долларға дейін қысқарған.
Қазіргі уақытта Ресей Қытайға тек жаздық бидай мен жаздық арпа жеткізе алады. Алайда ресейлік сарапшылардың пікірінше, экспорттық әлеуеті ең жоғары өнімдер – күздік бидай мен күздік арпа. Сондықтан Ресей бұл дақылдарды да Қытай нарығына жеткізуге рұқсат алуға ұмтылып отыр.
ҚХР Бас кеден басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында Қытай Ресейден 107,1 млн долларға жүгері сатып алған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 77,4 млн доллардан 34,2 пайызға көп. Қазан айында жүгері экспортының құны 2025 жылғы қазандағы 2,4 млн доллардан 3,8 млн долларға дейін өсті. Алайда бұл көрсеткіш 2026 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда (7,4 млн доллар) екі есеге жуық төмен.
Жалпы, қаңтар–қазан айларында Қытай 20 елден жүгері импорттады. Ресей бұл нарықта үшінші орнын сақтап отыр. Алғашқы екі орында Аргентина (278,5 млн доллар) мен Бразилия (249,6 млн доллар) тұр.
2025 жылы Ресейдің Қытайға жүгері экспорты 2024 жылғы 34,2 млн доллардан 107,6 млн долларға дейін өскен.




