ҚР Ұлттық банкінің хабарлауынша, 4–17 қараша аралығында Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) миссиясы Қазақстанға келіп, ХВҚ Келісімінің IV бабы аясында консультациялар өткізді. Сапар қорытындысы бойынша елдегі қазіргі экономикалық ахуалға шолу, болжамдар мен экономикалық саясатқа қатысты ұсынымдар қамтылған қорытынды мәлімдеме жарияланды. ХВҚ миссиясының бағалауынша, қаржылық тұрақтылыққа төнетін тәуекелдер әлі де шектеулі деңгейде. Қабылданған пруденциялық шаралар кепілсіз тұтынушылық несиелеудің өсу қарқынын бәсеңдетіп, халықтың қарыз жүктемесін тежеуге ықпал еткен. ХВҚ қолданыстағы шараларды сақтап, мемлекеттік ынталандыру тетіктерінің ықпалындағы несие нарығының сегменттерін, соның ішінде ипотекалық несиелеуді бақылауды жалғастыруға кеңес береді. Қордың болжамынша, Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2026 жылы шамамен 4,6 пайызға өсіп, 2027 жылы өсім қарқыны 4,8 пайызға дейін жеделдейді. Миссия негізгі сыртқы тәуекелдер қатарына көмірсутек бағасының төмендеуін, Қазақстанның басты сауда серіктестері саналатын елдердегі экономикалық өсімнің баяулауын, әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдайдың қатаңдауын, сондай-ақ мұнай өндіру мен экспорттаудағы іркілістерді жатқызады. Ал ішкі тәуекелдердің қатарында бюджетке жоспарланған кірістің толық түспеуі, квазифискалдық қызмет ауқымының кеңеюі, тарифтердің өсуінен туындайтын қысым және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде сақталуы аталған.
Еуразия24 пікірі:
Бұл ХВҚ-ның 2026 жылы Қазақстан экономикасына қатысты жасаған алғашқы болжамы емес. Қор сарапшыларының бағалауы жыл бойы қалай өзгергенін салыстыру да қызықты.
Қаңтар айында ХВҚ Қазақстанның ЖІӨ-сі 2026 жылы 4,4 пайызға, ал 2027 жылы 4,2 пайызға өседі деп болжаған.Маусымда биылғы экономикалық өсім болжамы 4,6 пайызға дейін көтерілді. Қазан айында бұл көрсеткіш қайтадан 4,4 пайызға дейін төмендетілді.
Енді қарашада болжам тағы да 4,6 пайызға көтеріліп отыр.Ал 2027 жылға арналған қазіргі болжам 4,8 пайызды құрайды. Бұл қаңтардағы бағалаудан жоғары болғанымен, қазанда болжанған 4,9 пайыздан сәл төмен.Біздіңше, бұл сарапшылардың әзірге Қазақстан экономикасында айтарлықтай серпіліс күтпейтінін көрсетеді. Дегенмен олар елеулі экономикалық құлдырауды да болжап отырған жоқ. Мұның өзі көңілге медеу.
ХВҚ жыл басынан бері Қазақстанға қатысты бірқатар мәселелерді қайта-қайта көтеріп келеді. Қаңтар айының өзінде Қазақстан экономикасының шамадан тыс қызуы, мемлекеттің экономиканы шектен тыс ынталандыруы, квазифискалдық шығыстардың ұлғаюы және инфляцияның жоғары деңгейде сақталуы жөнінде ескерткен еді. Маусымда да бюджет тәртібін күшейтуге, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартуға және жеке секторды дамытуға шақырды. Қарашадағы ұсынымдардың мазмұны да осыған ұқсас. Демек, ЖІӨ өсіміне қатысты болжамдар өзгергенімен, ХВҚ көрсетіп отырған құрылымдық мәселелер әлі де шешімін тапқан жоқ.




