Қазақстанда әдеп пен адамгершілікке қойылатын талап біртіндеп күшейіп келеді. Құрылтайға «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қызықты заң жобасы түсті. Заң шығарушылар бейәдеп сөздерді көшеден ғана емес, цифрлық кеңістіктен де – ресми интернет-басылымдардан бастап әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларға дейін – аластауды көздеп отыр. Алайда депутаттарды алда мұндай қатаң цензураның қаншалықты негізді екені жөніндегі қызу пікірталас қана емес, одан да маңызды мәселенің шешімі күтіп тұр. Қазақстан жағдайында былапыт сөз деп нені түсінеміз? Өйткені қолданыстағы заңнамада қандай сөздер мен тіркестердің былапыт сөзге жататынын нақты айқындайтын жеке анықтама жоқ.
ЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІК ТЕ ҚОҒАМДЫҚ ОРЫН БА?
Депутаттардың қарауына ұсынылған заң жобасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне өзгеріс енгізуді көздейді. Бұған дейін бұл бапта қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылса, енді оған «бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) онлайн-платформаларда» деген сөздер қосылмақ.
ӘҚБтК-нің 434-бабына арнайы ескерту де енгізу ұсынылған:
«Осы баптың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) онлайн-платформаларда былапыт сөйлеу деп осындай құқық бұзушылық туралы хабарлау жағдайларын қоспағанда, адамның белгісіз адамдар тобына арналған былапыт сөздер қамтылған контентті және (немесе) ақпаратты дайындауы және орналастыруы және (немесе) таратуы түсініледі».
Бір ұғымды сол ұғымның өзімен түсіндіретін бұл құқықтық тұжырымның мәні мынаған саяды: былапыт сөйлеу дегеніміз – былапыт сөздер қамтылған ақпаратты тарату.
Ал нақты қандай сөздер былапыт сөзге жатады – бұл тілдік құбылыс па, белгілі бір сөздердің нақты тізімі ме, әлде кез келген сленгтік тіркес пе – заң жобасында айтылмаған. Жоба авторлары ақпараттың көпшілікке таралу фактісі нақты айқындалса, қалған ұсақ-түйекке тоқталудың қажеті қанша деп ойлаған тәрізді.
Сонымен қатар заң жобасында онлайн-платформа иелеріне қойылатын талаптарды күшейту көзделген. ӘҚБтК-нің 456-2-бабына уәкілетті органның заңға қайшы контентті жою туралы нұсқамасын орындамағаны үшін қомақты айыппұл белгілейтін 8 және 9-бөліктер енгізілмек:
- шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК, қайталанған жағдайда – 100 АЕК;
- орта бизнес субъектілеріне – 100 АЕК(қайталанған жағдайда – 200 АЕК);
- ірі бизнес субъектілеріне – 200 АЕК(қайталанған жағдайда – 400 АЕК).
Осылайша, виртуалды кеңістікті әдепсіз сөздерден тазартудың пәрменді тетігі пайда болғалы тұр.
Ал заң жобасы авторларының бір бастамасымен келісуге болады: онлайн-платформа иелері балаларға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ешқандай шартсыз жоюға тиіс.
НАҚТЫ НЕГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНБАҚ?
Ең басты мәселеге тағы бір тоқталайық. Қолданыстағы заңнамада былапыт сөздің нақты құқықтық анықтамасы жоқ.
Бұған дейін мемлекеттік органдар әдепсіз сөздерді қолдануға тыйым салатын қолданыстағы нормалардың қалай қолданылатынын азаматтарға түсіндіруге тырысқан.
«Былапыт сөз үшін жауапкершілік заңнамада бұрыннан қарастырылған. Мәселен, басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту қылмыстық теріс қылық болып саналады… Ал отбасы-тұрмыстық қатынастарда былапыт сөйлеу және өзге де әрекеттер үшін Кодекстің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген… Ұсақ бұзақылыққа келсек, оған қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, адамдарға қорлап тиісу және басқа да әрекеттер жатады… Басқаша айтқанда, былапыт сөз қоғамдық орында айтылған жағдайда ғана ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік жауапкершілік туындайды. Сонымен қатар мұндай әрекет айналадағы адамдарды сыйламауды білдіріп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзуға тиіс», – бұл 2023 жылы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаировтың айтқан пікірлерінен жинақталған дәйексөз.
ІІМ түсіндірмесіне сүйенсек, былапыт сөзді ұсақ бұзақылық деп тану үшін үш шарт болуы қажет еді: әрекет қоғамдық орында жасалуы, айналадағы адамдарды сыйламау сипатында болуы және қоғамдық тәртіпті бұзуы.
Ал жаңа заң жобасындағы норма бұл талаптарға толық сәйкес келмейді. Өйткені онлайн-платформаларда былапыт сөз қолдануды жеке норма ретінде енгізе отырып, заң шығарушы оның азаматтардың тыныштығын нақты өмірде бұзғанын дәлелдеуді талап етпейді.
Тағы бір мәселе бар. Полиция мен судьялар былапыт сөзді жай ғана дөрекі немесе ауызекі қолданыстағы сөздерден қандай сөздікке немесе тілдік өлшемге сүйеніп ажыратады? Былапыт сөздердің нақты тізімі де, белгілі бір сөз бен тіркесті осы санатқа жатқызудың айқын өлшемдері де жоқ. Мұндай жағдайда әкімшілік істер бойынша шешім қандай негізге сүйеніп қабылданбақ?
Біздіңше, мұнда екі жол бар: не әр сөздің сипаты тексеруші органның пайымына қарай бағаланады, не сот-лингвистикалық сараптама тағайындалады. Ал мұндай сараптама уақытты да, қомақты қаражатты да қажет етеді. Сонда мұның бәрі не үшін керек? Әлеуметтік желідегі ауызекі сөздер, балағат немесе сарказм кездесетін кез келген эмоциялық жазбаны сотта жеке-жеке талқылау үшін бе?
БҰҰ, ЕУРОПАЛЫҚ СОТ ЖӘНЕ «ТАҢҒАЛДЫРУ ҚҰҚЫҒЫ»
Қазақстан әрдайым құрметпен қарайтын халықаралық нормалар тұрғысынан қарасақ, эмоциялық реңкі бар сөздерге тыйым салу мәселесі одан әрі күрделене түседі.
Қазақстан БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісін 2005 жылғы қарашада ратификациялады. Құжаттың 19-бабында:
«Әрбір адам өз пікірін еш кедергісіз ұстануға құқылы. Әрбір адам өз пікірін еркін білдіруге құқылы; бұл құқық кез келген ақпарат пен идеяны іздеу, алу және тарату еркіндігін қамтиды…» деп көрсетілген.
Әрине, Пактінің 19-бабының 3-тармағы бұл құқыққа белгілі бір шектеулер қоюға мүмкіндік береді. Алайда мұндай шектеулер заңмен белгіленіп, өзге адамдардың құқықтары мен беделін құрметтеу, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау үшін қажет болған жағдайда ғана қолданылуға тиіс. Қазақстан ұсынып отырған өзгерістер де, бір қарағанда, осы талаптарға сай келетіндей.
Алайда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті 19-баптың мазмұнын түсіндіретін 2011 жылғы 12 қыркүйектегі №34 Жалпы тәртіптегі ескертудің 11-тармағында:
«2-тармақтың ережелері тіпті аса қорлайтын сипаттағы пікірлерге де қолданылады…»
Халықаралық құқық тәжірибесінде дөрекі айтылған пікірдің өзі оны бірден заңға қайшы немесе қорлау деп тануға жеткілікті негіз емес. Қандай да бір шектеу енгізілген жағдайда оның демократиялық қоғам үшін қаншалықты қажет екені ескерілуге тиіс. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот та осындай істерді қарағанда айтылған сөздің мәнмәтінін, оның қоғамдық маңызы бар пікірталасқа қатысын, нақты жәбірленушінің бар-жоғын және қолданылған жазаның шамалылығын назарға алады.
Біз интернеттегі жазбаларды қоғамдық орында айтылған былапыт сөзбен теңестіріп, ол үшін айыппұл немесе әкімшілік қамау қолданылатын тәжірибені іздеп көрдік. Мұндай тәсіл негізінен посткеңестік кеңістікте кездеседі. Ал өзге елдердің тәжірибесінде бейәдеп сөздің қолданылуы өз алдына, мән-жайдан бөлек қарастырылып, жауапкершілікке тартуға негіз бола бермейді.
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ БЕТБҰРЫС – 2026
Жаңа Конституция қабылданғанға дейін Қазақстанның кез келген азаматы бұрынғы Конституцияның 4-бабының 3-тармағына сүйене алатын. Онда «Республика ратификациялаған халықаралық шарттардың оның заңдарынан басымдығы болады» деп тікелей көрсетілген еді. Қазір де бұл қағидаға жүгінуге болады, алайда оның құқықтық негізі бұрынғыдан күрделірек.
Жаңа Конституцияда ұлттық заңнама мен халықаралық шарттардың арақатынасына қатысты тұжырым өзгерді. Енді 5-бапта Қазақстанның қолданыстағы құқығы республиканың халықаралық шарттық міндеттемелерін де қамтитыны көрсетілген.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңның қолданыстағы 20-1-бабында ратификацияланған халықаралық шарттардың Қазақстан заңдарынан басымдығы әлі де сақталған.
Жалпы, біз әлеуметтік желілерде былапыт сөз қолдануға тыйым салу мүмкіндігін жан-жақты қарастырып көрдік. Онлайн-платформаларды миллиондаған адам пайдаланатынын ескерсек, былапыт сөздің нақты анықтамасын белгілемей мұндай тыйымды енгізу қиын екені анық.
Мемлекеттің, тіпті мәжбүрлеу мен жазалау шаралары арқылы болса да, қоғамдық кеңістікті былапыт сөзден тазартуға ұмтылысын түсінуге болады. Алайда Құрылтай депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізбес бұрын тағы бір мәселенің аражігін ажыратып алуы керек. Былапыт сөз көркем шығармада, жұрт назарын аударуға құрылған перформанста немесе адамның ашу-ызасын білдіретін эмоциялық қолданыста кездессе, оған да бірдей тыйым салынуы керек пе?
Заң жобасының қазіргі нұсқасында бір ғана ерекшелік қарастырылған – «мұндай құқық бұзушылық туралы хабарлау». Ал өзге жағдайлардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке негіз болуы мүмкін.
Бұл норма, ең алдымен, әлеуметтік желідегі пікірталастарда адамдарды сөзін аңдап сөйлеуге және өзін-өзі бақылауға итермелеуі ықтимал. Бірақ мұндай тыйым Қазақстан қоғамының сөйлеу мәдениетін бірден өзгерте қояды деу қиын.




