Евразия24Таңдаулы жаңалықтарДенсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалатын шығынды азайтты

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалатын шығынды азайтты

|

|

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды: «Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тікелей өндірушілерден сатып алу тәжірибесі кеңейіп келеді. Соның нәтижесінде 2026 жылғы сатып алу науқаны барысында жалпы 70 млрд теңге үнемделді. Отандық және шетелдік өндірушілермен тікелей жасалатын келісімшарттардың көбеюі есебінен шамамен 25 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды. Соңғы үш жылда тікелей сатып алу көлемі 187%-ға артты. Делдалдарды айналып өтіп, фармацевтикалық компаниялармен тікелей келіссөз жүргізу, халықаралық сатып алулар мен бәсекелестік рәсімдерді қолдану сатып алу бағасын төмендетіп, мемлекет қаражатын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар баға белгілеу жүйесі жетілдіріліп жатыр. Атап айтқанда, өндіруші бағасын тіркеудің бірыңғай тәртібі енгізіліп, халықаралық референттік баға белгілеу және негізсіз үстемеақыларға жол бермеуге бағытталған өзге де тетіктер қолданыла бастады. Нәтижесінде биылғы сатып алу науқанының қорытындысы бойынша бірқатар дәрі дәрмектің бағасы бірнеше есе төмендеді. Ал баға белгілеудің жаңа тетігі арқылы жалпы 36,2 млрд теңгеге жуық қаражат үнемделді».

 

Еуразия24 пікірі:

Дәрі-дәрмек сатып алудан 70 млрд теңге үнемделуі, әрине, елеулі көрсеткіш. Алайда мемлекет үшін сатып алу шығынының азаюының екінші жағы да болуы мүмкін.

Мемлекеттің дәрі-дәрмекті төмен бағамен сатып алуы коммерциялық дәріханалардағы бағаның да автоматты түрде арзандайтынын білдірмейді. Өндірушілер өнімдерін әртүрлі арналар арқылы өткізеді, келісімшарт талаптары мен баға белгілеу тәсілдері де әрқилы. Сондықтан фармацевтикалық компаниялар мемлекеттік сатып алудан түсетін кірістің азаюын нарықтың басқа сегменттері есебінен өтеп жатқан жоқ па деген сұрақ туындайды.

Әзірге бұл тек сұрақ күйінде қалып отыр. Өйткені қолда бар мәлімет бойынша мемлекет бөлшек саудадағы дәрі-дәрмектің шекті бағасын реттеп, белгіленген талаптардың сақталуын бақылап отырады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сәуір айында жариялаған мәліметке сәйкес, елдің 20 өңірінде жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 2026 жылғы наурызда 2025 жылғы маусыммен салыстырғанда 631 атаудағы дәрі-дәрмектің бағасы орта есеппен 24,6%-ға төмендеген.

Алайда мемлекеттік реттеуге жатпайтын және нарықтық бағамен сатылатын 1707 рецептісіз дәрі-дәрмек бар. Қалай болғанда да, үнемделген қаражат туралы есеппен қатар, оның өндірушіден дәріханаға, одан әрі соңғы тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбекке қалай әсер еткенін де көргіміз келеді. Реттеушінің шараларынан кейін фармацевтикалық өндірушілер табысының азаюын еш қиындықсыз қабылдай салды деу қиын. Қарапайым сатып алушыға байқалмай қалған тұстардың бары анық.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Үкімет жол ережесін бұзғандарға айыппұл жеңілдігін бермеуді ұсынды

Жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзатын жүргізушілерге айыппұл төлеу кезінде жеңілдік берілмеуге тиіс. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов осындай пікір білдірді. «Жалпы, жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзатын жүргізушілерге қатысты тәсілді қайта қарау қажет. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдік берілмеуге тиіс.

Тілге еге болыңыз: Құрылтай әлеуметтік желідегі былапыт сөз үшін жаза енгізу мәселесін қарастырмақ

Қазақстанда әдеп пен адамгершілікке қойылатын талап біртіндеп күшейіп келеді. Құрылтайға «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қызықты заң жобасы түсті. Заң шығарушылар бейәдеп сөздерді көшеден ғана емес, цифрлық кеңістіктен де – ресми интернет-басылымдардан бастап әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларға дейін – аластауды көздеп отыр. Алайда депутаттарды алда мұндай қатаң цензураның қаншалықты негізді екені жөніндегі қызу пікірталас қана емес, одан да маңызды мәселенің шешімі күтіп тұр. Қазақстан жағдайында былапыт сөз деп нені түсінеміз? Өйткені қолданыстағы заңнамада қандай сөздер мен тіркестердің былапыт сөзге жататынын нақты айқындайтын жеке анықтама жоқ.

Алматыда жылан шаққан балаға қатысты жағдай қоғамда қызу талқылануда

21 қыркүйекте БАҚ-та жылан шаққан балаға дәрігерлер көмектесе алмай жатыр деген ақпарат тарады. «АЛМАТЫ, біздің қалада сұржылан шаққанда салатын бірде-бір сарысу жоқ екенін білесіздер ме?? Достарымыздың баласын жылан шағып алды.

G7 елдерінің СІМ басшылары Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазындағы кеме қатынасына төнген қауіптерді айыптады

G7 елдерінің сыртқы істер министрлері мен Еуропалық одақтың сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі сейсенбі күні Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазындағы еркін кеме қатынасы мен теңіздегі қауіпсіздікке төнген қатерлерді айыптайтын мәлімдеме қабылдады.