Евразия24UncategorizedЭкономикалық Конституция: назардан тыс қалған мәселелер

Экономикалық Конституция: назардан тыс қалған мәселелер

|

|

Елімізде 2026 жылы 15 наурызда өткен референдумда қабылданған Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – қоғам үшін маңызды әрі қажетті жұмыс. Дегенмен жаңа мемлекеттік институттар мен азаматтардың құқықтарына қатысты нормалар жан-жақты талқыланып жатқанымен, Ата Заңның әрбір азаматтың өміріне тікелей ықпал ететін экономикалық негіздеріне жеткілікті деңгейде назар аударылмай келеді.

Жаңа Конституцияға қатысты жарияланымдар мен сараптамалық материалдарға назар аударғанда, олардың басым бөлігі мемлекеттік басқару жүйесі мен азаматтардың құқықтарына арналғанын байқауға болады. Екі палаталы Парламенттің орнына Құрылтайдың құрылуы, вице-президент институтының енгізілуі, Мемлекет басшысының өкілеттіктері, процестік кепілдіктер мен дербес деректерді қорғау мәселелері кеңінен қарастырылуда. Бұл өзгерістердің барлығы маңызды.
Сонымен қатар Конституцияның экономикалық мазмұны да жеке назар аударуды қажет етеді. Ата Заңда экономикалық қатынастардың негізгі қағидаттарын айқындайтын және өзара сабақтас нормалар жүйесі қалыптастырылған. Алайда қазіргі түсіндіру және талдау материалдарында бұл бағытқа салыстырмалы түрде аз көңіл бөлініп отыр.Конституцияның экономикалық мазмұнына тоқталмас бұрын, оны түсіндіру барысында ескерілуі тиіс бірқатар негізгі мәселелерді атап өткен жөн.

Конституцияның пайда болу негіздері.

Конституцияның қалыптасуына биліктің өкілеттігін шектеу қажеттілігі негіз болды. Ұзақ уақыт бойы билеуші құқық нормаларын өзі белгілеп, олардың талаптарына бағынбады. Бұл жүйені өзгертуге бағытталған алғашқы маңызды қадамдардың бірі ортағасырлық Англияда қабылданған Ұлы еркіндік хартиясы болды. Аталған құжат алғаш рет король билігін жазбаша түрде бекітілген құқықтық талаптармен шектеді. Ал қазіргі түсініктегі конституциялар XVIII ғасырдың соңында АҚШ пен Францияда пайда болды. Олардың негізгі мақсаты мемлекеттік биліктің қызмет ету шегін құқықтық тұрғыдан белгілеу еді. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция – халық мемлекеттің құрылымын айқындап, билік өкілеттігінің шегін белгілейтін қоғамдық келісім. Яғни құқықтарды билік халыққа бермейді, керісінше халық Конституция арқылы мемлекеттік биліктің өкілеттігін айқындайды және шектейді.
Конституцияның мәні мен міндеті. Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Оның негізгі заң ретіндегі мәртебесі тек маңызымен емес, басқа заңдардан өзгеше құқықтық қызметімен айқындалады. Қарапайым заңдар қолданыстағы құқықтық тәртіп аясында қабылданып, сол тәртіпке сәйкес әрекет етеді. Ал Конституция сол құқықтық жүйенің негіздерін белгілейді. Ол мемлекеттің құрылысын айқындайды, биліктің кімге тиесілі екенін бекітеді, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді және ел дамуының басты құқықтық қағидаттарын белгілейді. Конституцияның басты міндеті – мемлекеттік биліктің өкілеттігін құқықтық шеңберде ұстау, адам құқықтарын қорғау және қоғам мен мемлекет үшін ортақ әрі тұрақты құқықтық тәртіп қалыптастыру. Сондықтан мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екенін Конституция айқындайды және бұл қағидат мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесіне негіз болады.

Неліктен Конституция негізгі заң деп аталады.

Конституцияның басқа заңдардан ерекшеленетін бірқатар құқықтық қасиеті бар. Ең алдымен, оның заңдық күші жоғары. Конституцияға қайшы келетін кез келген құқықтық норма қолданылмауға тиіс. Сонымен қатар Конституция нормалары тікелей қолданылады. Оны қабылдаудың да ерекше тәртібі белгіленген: Конституция парламент арқылы емес, жалпыұлттық референдумда қабылданады. Бұған қоса, оның жекелеген ережелері өзгертуге жатпайды. Қарапайым заңдарға мұндай құқықтық кепілдіктер берілмейді. Сондықтан Конституция бүкіл ұлттық заңнама мен құқықтық жүйенің негізін құрайды.
Қазақстан Конституциясының соңғы жылдардағы өзгерістері. Бұл ретте жекелеген түзетулерді бөлек қарастырмай, конституциялық реформалардың сабақтастығына назар аударған жөн. 2022 және 2026 жылдардағы конституциялық реформалар Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып, мемлекетті жаңғыртуға бағытталған біртұтас саяси бағыттың кезеңдеріне айналды.
2022 жылғы реформа аясында мемлекеттік билік жүйесіндегі өкілеттіктер қайта бөлініп, Қазақстан Екінші Республика тұжырымдамасына негізделген жаңа саяси модельге бет алды. 2026 жылы бұл бағыт жалғасын тауып, 1995 жылғы Конституцияның орнына мазмұны едәуір жаңартылған жаңа Конституция қабылданды. Онда бір палаталы Құрылтай және бірқатар жаңа мемлекеттік институттар қарастырылды. Осылайша, екі реформа мемлекеттік жүйені жаңғыртудың өзара сабақтас екі кезеңін құрады.
Алайда жүргізілген реформалардың тағы бір маңызды қыры көп жағдайда назардан тыс қалып отыр. 2022 және 2026 жылдардағы өзгерістер арқылы Конституцияның экономикалық негіздері де кезең-кезеңімен қалыптастырылды. Бұл бағыт мемлекеттік институттарды қайта құру секілді кеңінен талқыланбағанымен, екі реформаның мазмұнын өзара сабақтастықта қарастырғанда олардың ортақ экономикалық мәні айқын көрінеді.

Алғашқы қадам 2022 жылы жасалды.

Сол жылы жер мен жер қойнауына қатысты конституциялық норма өзгертілді. Бұған дейін табиғи ресурстар мемлекеттік меншік ретінде белгіленсе, 2022 жылғы реформадан кейін жер мен оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі екені бекітілді. Мемлекет бұл меншік құқығын халық атынан жүзеге асырады. Осылайша, норма мазмұндық тұрғыдан өзгеріп, елдің табиғи байлықтарының иесі ретінде халық айқындалды.
Бұл жерде мазмұны бөлек екі конституциялық норманың аражігін ажыратқан жөн. Біріншісі табиғи ресурстарға қатысты. Жер, жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі деген қағида 2022 жылғы конституциялық реформа барысында бекітілді. Екіншісі жалпы меншік қатынастарына қатысты және «меншік міндет жүктейді, оны пайдалану қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс» деген қағиданы белгілейді.
Бұл норма Қазақстанда меншік құқығының шексіз емес екенін білдіреді. Азаматтар мен заңды тұлғалардың меншік иелену құқығы қорғалады, сонымен бірге меншік иесіне қоғам алдындағы белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Яғни меншікті пайдалану қоғамдық мүддеге нұқсан келтірмеуге тиіс. Бұл қағида Қазақстан Конституциясы үшін жаңа емес. Ол 1995 жылғы редакцияда да болған және әлемдік конституциялық тәжірибеде орныққан «меншік міндет жүктейді» қағидатына негізделеді. Ұзақ уақыттан бері қолданылып келе жатқандықтан, бұл норманың мәніне көп жағдайда арнайы назар аударыла бермейді. Алайда ол Ата Заңдағы маңызды экономикалық қағидалардың бірі саналады және жеке меншік иесінің мүддесі мен қоғам игілігінің арасындағы теңгерімді айқындайды.
Осы екі норма өзара сабақтаса отырып, Конституцияның экономикалық негізін қалыптастырады. Елдің табиғи байлығы халыққа тиесілі, ал меншік құқығын жүзеге асыру қоғам алдындағы жауапкершілікпен ұштасады.

Келесі маңызды қадам 2026 жылы жасалды.

Оның маңызы әзірге жеткілікті деңгейде бағаланбай отыр. Жаңа Конституцияда алғаш рет ұлттық валютаның мәртебесі конституциялық деңгейде бекітілді. Теңге Ата Заңда тікелей көрсетіліп, оны айналымға шығару жөніндегі айрықша құқық мемлекетке берілді. Бұған дейін ұлттық валютаға қатысты мәселелер Ұлттық банк туралы заң аясында реттелетін. Енді бұл мәселе мемлекеттің конституциялық негіздерінің біріне айналды.
Бір қарағанда, бұл жекелеген құқықтық өзгеріс болып көрінуі мүмкін. Алайда ұлттық валютаның тұрақтылығы елдегі бүкіл экономикалық қатынастар үшін маңызды. Мұғалім мен дәрігердің еңбекақысы, күнделікті тауарлардың бағасы, кәсіпкерлердің кірісі мен өзге де экономикалық көрсеткіштер теңгемен есептеліп, төленеді. Сондықтан ұлттық валютаның мәртебесін Конституцияда бекіту – мемлекеттің ақша-несие егемендігін елдің негізгі құқықтық тіректерінің бірі ретінде тану деген сөз.
Теңгенің мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту қажеттігі бұған дейін де сарапшылар арасында талқыланып келген. Осы материалдың авторы да аталған мәселені бірнеше рет көтерген. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда бұл бастаманың нақты құқықтық норма ретінде бекітілуі ерекше мәнге ие. Бұған дейін кәсіби ортада талқыланып келген ұсыныс енді тікелей қолданылатын конституциялық нормаға айналды. Осылайша, мемлекеттің ақша жүйесінің негізі жоғары деңгейдегі құқықтық қорғауға ие болды.
Жаңа Конституцияның экономикалық мазмұны мұнымен шектелмейді. Оған кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне кепілдік беру және бәсекелестікті қорғау, өңірлердің жедел дамуына жағдай жасау мақсатында ерекше құқықтық режимдер енгізу мүмкіндігі, сондай-ақ адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамытуды мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде айқындау жөніндегі нормалар да жатады.

Бұл ретте Конституцияның мазмұнын үш негізгі бағыт бойынша қарастыруға болады. Біріншісі – адам құқықтары мен бостандықтары, яғни мемлекет кепілдік беретін және заңмен қорғалатын құқықтар. Екіншісі – мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен оның өкілеттіктерін бөлу тәртібі. Үшіншісі – меншік, кәсіпкерлік, ұлттық валюта және мемлекеттің экономикадағы рөлін қамтитын экономикалық негіздер. Алғашқы екі бағыт кеңінен талқыланып жүр, ал экономикалық мазмұнға салыстырмалы түрде аз назар аударылады. Мұның өзіндік себебі бар.
Адам құқықтары мен мемлекеттік биліктің құрылымына қатысты нормалар Конституцияда жүйелі түрде топтастырылған. Адам құқықтары мен бостандықтарына жеке бөлім арналған. Мемлекеттік билік жүйесі де Президенттің, Құрылтайдың, Үкімет пен соттардың қызметін реттейтін тиісті бөлімдерде нақты көрсетілген. Сондықтан бұл нормаларды біртұтас бағыт ретінде қарастыру және түсіндіру оңай.
Ал экономикалық сипаттағы нормалар Конституцияның әртүрлі бөлімдерінде қамтылған. Ұлттық валюта туралы ереже конституциялық құрылыстың негізгі қағидаттарының қатарында бекітілсе, жер мен жер қойнауына меншік мәселесі де осы деңгейде қарастырылады. Кәсіпкерлік еркіндігі адам құқықтарына арналған бөлімде көрсетілген. Өңірлер үшін ерекше құқықтық режимдер енгізу, адами капиталды дамыту секілді ережелер мемлекеттің негізгі қағидаттары мен стратегиялық бағыттары аясында белгіленген. Демек, Конституцияның экономикалық мазмұны ауқымды болғанымен, оның нормалары бір бөлімге жинақталмаған. Осы себепті олар біртұтас экономикалық жүйе ретінде бірден байқала бермейді.
Сонымен бірге Конституцияның аталған үш бағыты бір-бірінен бөлек қарастырылмайды. Олардың арасында тікелей әрі өзара тәуелді байланыс бар.
Адамның денсаулық сақтау, білім алу және әлеуметтік қолдау саласындағы құқықтарын іске асыру үшін тиісті қаржылық мүмкіндік қажет. Бұл міндеттер негізінен мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етіледі, ал бюджеттің кіріс бөлігі ел экономикасының жағдайына тікелей байланысты. Экономиканың тұрақты жұмыс істеуі, өз кезегінде, меншік құқығының қорғалуына, кәсіпкерлік еркіндігіне, тұрақты ұлттық валютаға және өзге де конституциялық кепілдіктерге негізделеді.
Осылайша, экономикалық қызмет мемлекетке қажетті қаржы ресурстарын қалыптастырады, сол қаражат бюджетке түседі, ал бюджет арқылы мемлекет азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етіп, мемлекеттік институттардың қызметін қаржыландырады. Сондықтан Конституцияның экономикалық негіздері адам құқықтары мен мемлекеттік билік жүйесінің нақты жұмыс істеуіне қажетті алғышарттардың бірі болып саналады. Экономикалық негіз әлсіз болған жағдайда әлеуметтік құқықтарды толыққанды қамтамасыз ету де, мемлекеттік институттардың тиімді қызметін ұйымдастыру да күрделене түседі.

Сондықтан жаңа Конституцияны түсіндіруді мемлекеттік институттардағы өзгерістер мен азаматтардың құқықтарын баяндаумен ғана шектеу жеткіліксіз. Азаматтар заңдарды кім қабылдайтынын және қандай құқықтарға кепілдік берілетінін ғана емес, елдің табиғи байлығының халыққа тиесілі екенін, меншік құқығының қорғалатынын әрі оның қоғам алдындағы жауапкершілікпен ұштасатынын, сондай-ақ ұлттық валютаның мәртебесі Конституцияда бекітілгенін де білуі қажет. Бұл нормалар тек құқықтық тұжырымдар емес. Олар ел экономикасының қызмет ету қағидаттарын айқындайды және сол арқылы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді.
Жалпы мазмұнды толық ашу үшін тағы бір маңызды мәселеге назар аудару қажет. Конституция нормалары тікелей қолданылады. Алайда олардың іс жүзінде толыққанды жүзеге асуы қолданыстағы заңнамада тиісті тетіктердің бекітілуіне байланысты. Конституциялық қағидат белгілі бір бағытты айқындайды, ал оны жүзеге асыру үшін нақты құқықтық механизмдер қажет. Теңгенің конституциялық мәртебесі, меншік құқығын қорғау, кәсіпкерлік еркіндігі және меншік иесінің қоғам алдындағы жауапкершілігі тиісті заңдармен, институттармен және рәсімдермен қамтамасыз етілуге тиіс. Мұндай тетіктер қалыптаспаса, Конституцияда бекітілген қағидаттардың іс жүзіндегі тиімділігі төмендеуі мүмкін.
Оларды іске асырудың нақты құқықтық тетіктерін қалыптастыру – заң шығарушы органның міндеті. Құрылтай заңдар қабылдау арқылы конституциялық қағидаттардың мазмұнын нақтылап, олардың іс жүзінде орындалуына қажетті құқықтық негіз қалыптастырады. Сондықтан бұл бағыт алдағы депутаттық құрам атқаратын маңызды жұмыстардың бірі болмақ. Конституцияда бекітілген экономикалық қағидаттардың нақты жұмыс істейтін жүйеге айналуы қабылданатын заңдардың мазмұны мен сапасына тікелей байланысты.

Осы тұрғыдан алғанда, реформа барысында экономикалық дамудың негізгі конституциялық қағидаттары белгіленіп қана қоймай, оларды заңнамалық деңгейде жүзеге асыратын өкілді органның жаңа үлгісі де қалыптастырылды. Сондықтан Конституцияның экономикалық мазмұнын түсіндіру жұмыстары алдағы заң шығару қызметімен сабақтас жүргізілуге тиіс. Бұл міндет тек заңгерлердің ғана емес, экономистер мен мемлекеттік басқару саласы мамандарының да кәсіби қатысуын қажет етеді.
2022 және 2026 жылдардағы реформалар нәтижесінде Конституцияның экономикалық негіздері кезең-кезеңімен және өзара сабақтастықта қалыптастырылды. Ендігі міндет – осы бағыттың мазмұнын Құрылтай мен азаматтардың құқықтарына қатысты ережелер секілді жүйелі әрі нақты түсіндіру. Сонда ғана қоғамда Ата Заңның мазмұны туралы толық әрі тұтас түсінік қалыптасады.

Адильбеков Д.З.
экономика ғылымдарының докторы, профессор

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Партиялар мен Үкіметке ой салар мәселе

Сайлау науқаны қызған шағына жеткенімен, қоғамда ерекше белсенділік байқалмайды. Көшеде, автобустарда немесе аялдамаларда халық партиялардың пікірсайыстары мен бағдарламаларын қызу талқылап жатқан жоқ. БАҚ пен әлеуметтік желілерде де саяси тартысқа қатысты пікірталас аса қарқынды емес. Жарияланып жатқан материалдардың өзінен қоғамдық үміт пен қызу талқылаудан гөрі, науқан талабын орындау сипаты көбірек байқалады.

Еурокомиссия Сеутадағы миграциялық дауға байланысты Италия мен Испанияны мәмілеге келтіруге күш салуда

Politico басылымының жазуынша, осы аптада Еурокомиссияның (ЕК) алдында тұрған басты міндеттердің бірі – Солтүстік Африкадағы Испанияның автономиялық қаласы Сеутаға 72 мыңға жуық заңсыз мигранттың ағылуынан кейін шекаралық бақылау мәселесінде келіспей қалған Италия мен Испания арасындағы саяси дауды реттеу.

УЕФА, КОНКАКАФ және АФК ФИФА қызметін тәуелсіз тексеруді талап етті

Еуропа, Азия, Солтүстік және Орталық Америка футбол ұйымдары әлем чемпионаттарын өткізуге сыртқы инвесторларды тарту жобасын әзірлеу кезінде Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) қабылдаған шешімдерді тәуелсіз тараптың тексеруін талап етті.

Адам тәрізді роботтар жеткізілімі І жартыжылдықта 3,7 есе өсті, нарықта Қытай басымдық танытты

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында әлем бойынша адам тәрізді роботтар жеткізілімі 3,7 еседен астам өсіп, 19,1 мың данаға жетті. Өткен жылдың қаңтар-маусым айларында бұл көрсеткіш 5,1 мың дана болған.