Вашингтон. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС – АҚШ президенті Дональд Трамп шілде айында өткен НАТО саммитінен кейін қауіпсіздік мақсатында Түркиядан арнайы құпия операция аясында шығарылған. Бұл шарадан тіпті оның кейбір қызметкерлері де хабарсыз болған. Бұл туралы The New York Times дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, АҚШ президенті 8 шілдеде Түркиядан әскери ұшақпен ұшып кеткен. Оған дейін Трампты әуежайларда ұшақтарға тамақ жеткізуге арналған арнайы жүк көтергіш көлікпен әуе кемесіне апарған.
Басылым дереккөздері мұндай қауіпсіздік шаралары Иран тарапынан Трамп пен президенттік ұшаққа қауіп төнуі мүмкін деген ақпаратқа байланысты қабылданғанын атап өтті.
Дереккөздердің айтуынша, Трамп Түркияға Катар сыйға тартқан жаңа президенттік ұшақпен келген. Алайда саммит аяқталғаннан кейін ол журналистер мен телекамералардың алдында бұрынғы Air Force One ұшағына мінген. Басылымның мәліметінше, президент бұл ұшақпен Ұлыбританияға ұшпаған. Кейін қауіпсіздік қызметінің өкілдері Трампты арнайы контейнермен жасырын түрде алып шығып, Ұлыбританияға бағыт алған үшінші ұшаққа отырғызған.
Трамппен бірге жүрген журналистер мен Ақ үйдің кейбір қызметкерлері бұл операция туралы білмегені атап өтіледі.
НАТО саммиті 7-8 шілдеде Түркия астанасында өтті.
Анкарада өткен баспасөз мәслихатында Трамп Иран билігі өзіне қастандық жасауға әрекеттенуі мүмкін деген алаңдаушылығын білдірген.
CNN телеарнасының сол кездегі ақпараты бойынша, Трамп Анкарадан аттанар алдында ресми тұлғалар Катар сыйға тартқан Boeing 747 ұшағын Англиядағы Милденхолл әскери-әуе базасына жіберген. Телеарна дерегінше, қауіпсіздік қызметтері қалыптасқан жағдайда бұрынғы әуе кемесі АҚШ президентінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге анағұрлым қолайлы деген шешімге келген.
Жаңа ұшақты Катар корольдік отбасы 2025 жылғы мамырда АҚШ президентіне сыйға тартқан, кейін ол Пентагонның балансына берілген. АҚШ Әскери-әуе күштерінің мәліметінше, ұшақты қайта жабдықтауға 400 млн доллар жұмсалған. Қаражаттың басым бөлігі байланыс және қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртуға бағытталған.




