Евразия24Ушыққан мәселе14 тамыздағы блэкаут: KEGOC-қа қатысты шешім қажет

14 тамыздағы блэкаут: KEGOC-қа қатысты шешім қажет

|

|

Қазақстандық энергетиктердің жедел қимылдағанын айтсаңызшы! Бір-бірінен ажырап, бірнеше бөлікке бөлініп кеткен оңтүстік өңірдің электр жүйесін аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтірді.

«Шын мәнінде, бұл – релелік қорғаныс пен автоматиканың қаншалықты тиімді жұмыс істегенінің айқын мысалы. Оператор Қазақстанның бүкіл электр жүйесін 2,5 сағаттың ішінде қайта біріктірді. Стамбулда осындай жағдайдан кейін жүйені қалпына келтіруге бірнеше күн, Тбилисиде тоғыз сағат кеткен. Ал біздің оператор бұл жұмысты 2,5 сағатта атқарды. Министр ретінде жүйелік оператордың жұмысына оң баға беремін. Әрине, әлі де жетілдіретін тұстар бар». Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі брифингте мәлімдеді. Жиында ол 14 тамызда болған электр қуатының жаппай өшуі себептерін анықтау жұмыстарының алғашқы нәтижелеріне тоқталды.

Ал энергетиктерге осыншама күш салып, жүйені шұғыл қалпына келтіруге тура келуіне кім себеп болды? Кейін 2,5 сағатта қайта жинақталған жүйені санаулы минуттың, тіпті секундтың ішінде істен шығарған кім? Министр бұл жөнінде де айтты. Алайда оның түсіндірмесінен кейін кейбір сұрақтар әлі де жауапсыз қалды.

«Біз бұл жағдайды Тоқтоғұл ГЭС-індегі жалпы қуаты шамамен 620 мегаватт болатын №1 және №2 гидроагрегаттың жұмысымен байланыстырып отырмыз… Соның салдарынан Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғап тұрған электр жүйесі ажырап, оңтүстік бөлігі оқшау режимде жұмыс істеуге көшті. Үш қосалқы станция, соның ішінде Алматы энергия торабы мен Ағадыр қосалқы станциясы істен шығып, артынша үш электр желісі ажыратылды. Одан әрі ақау тізбектеле таралып, бірнеше өңір жарықсыз қалды. Негізінен Қазақстанның оңтүстігі зардап шекті».

Министр бұл жерде электр қуаты нақты қанша көлемде өшкенін айтпайды. Бұл деректі KEGOC мәліметінен табуға болады: Қазақстанда электрмен жабдықтау жүйесінен 2810 МВт қуат ажыраған .

«Еуразия24» редакциясында энергетика саласының мамандары жоқ, әрине. Дегенмен бұл саланың кейбір негізгі қағидаларын түсінеміз. Ал қарапайым арифметикаға келгенде есеп анық. Сондықтан мынадай сұрақ туындайды: Қырғызстандағы 620 МВт қуаттың істен шығуы Қазақстанда одан төрт еседен астам қуаттың жоғалуына қалай әкелді?

Энергетикадан білетінімізді пайдаланып, жария болған оқиғалардың қалай өрбігенін ретімен қарап шығайық. Оған қарапайым есеп-қисапты да қосамыз.

Сонымен, Қырғызстанның энергия жүйесінде екі гидроагрегат істен шықты. Мұндай кезде САОН – жүктемені автоматты түрде шектеу жүйесі іске қосылуға тиіс еді. Яғни алдын ала арнайы тізімге енгізілген тұтынушыларды автоматты түрде желіден ажыратып, 620 МВт көлеміндегі жүктемені азайтуы керек болатын. Сонда жарықсыз қалған тұтынушылардан басқа ешкім бұл ақауды байқамауы да мүмкін еді. Бірақ… не тізімдегі тұтынушылар жеткіліксіз болды, не автоматика мүлде іске қосылмады. Соның салдарынан өтелмей қалған жүктеменің бір бөлігіне қажетті қуат Қазақстаннан тартыла бастады. Өйткені екі елдің энергия жүйесі өзара байланысқан.

Осы сәттен бастап мәселе Қазақстанның энергия жүйесіне де әсер етті. Қырғызстанда жетпей қалған 620 МВт-тың барлығы немесе оның белгілі бір бөлігі енді Қазақстан есебінен өтелуге тиіс болды. Мұндай жағдайда біздегі САОН іске қосылып, жүйеде жетіспей тұрған қуат көлеміне сәйкес тұтынушыларды желіден ажыратуы қажет еді.

Бірақ бұл жолы да… не САОН қамтитын тұтынушылар тізімі жеткіліксіз болды, не жүйе тиісті деңгейде іске қосылмады. Сөйтіп, Қазақстанның бүкіл Оңтүстік энергия аймағындағы тапшылықты Солтүстік энергия аймағынан келетін қуат толтыра бастады. Электр энергиясы оңтүстікке 500 кВ-тық үш электр желісі арқылы беріледі.

Мәселе мынада: бұл үш желі қалыпты жағдайда да барынша жоғары қуатпен жұмыс істейді. Сондықтан солтүстік пен оңтүстік арасындағы электр ағыны күрт артқан сәтте желілер оны көтере алмай, қорғаныс жүйесі үшеуін де автоматты түрде ажыратқан. Нәтижесінде Қырғызстаннан басталған 620 МВт немесе оның бір бөлігіндегі тапшылыққа Оңтүстік энергия аймағының жалпы жүйеден бөлініп, оқшау жұмыс істеуге көшуінен туындаған тағы 2000 МВт тапшылық қосылды.

Бірақ қанша есептесек те, 2810 МВт шықпайды. Демек, бұдан кейін жүйеде қуат теңгерімі бірде бұзылып, бірде қалпына келіп, жағдай құбыла бастаған болуы мүмкін. Желілік автоматика, бәлкім, диспетчерлердің өзі де апаттың ауқымын шектеу үшін қажетті мөлшерден көбірек тұтынушыны электрден ажыратқан. Соның салдарынан бұл жолы керісінше, өндірілген электр энергиясын тұтынатын жүктеме жетпей қалып, электр станцияларының өз қорғаныс жүйелері іске қосылған болуы ықтимал.

Айтылып жүрген мәліметке қарағанда, Қапшағай ГЭС-і, Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 электр өндіруді толық тоқтатқан. Министр сөз еткен Алматы энергия торабы дегеніміз де – осы. Бірақ оның сөзінен тек тұтынушылар ғана емес, электр станцияларының да жұмысын тоқтатқаны аңғарылмайды…

Міне, осыны есепке қосқанда ғана 2810 МВт қайдан шыққаны түсінікті бола бастайды.

Біздің осы есепке сүйенген болжамымызды қуаттай түсетін тағы бір қызық дерек бар. Алматы энергия торабы Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесіндегі жиілік қалыпты деңгейге келгеннен кейін ғана өшкен. Бұл туралы Қырғызстанның Энергетика министрлігі хабарлады :

«2026 жылғы 14 тамызда сағат 15:37-де Қырғызстанның энергия жүйесінде технологиялық ақау болып, Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесі оқшау режимге көшті. Қырғызстан энергетиктері жүйенің жұмысын тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдап, қысқа уақыт ішінде, сағат 15:55-те, Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесіндегі жиілікті қалыпты 50 Гц деңгейіне жеткізді және оны осы деңгейде ұстап тұрды. Сонымен қатар Қырғызстанның энергия жүйесі көрші мемлекеттерге шамамен 250 МВт қуат беріп, қолдау көрсетті. Алматы энергия торабы Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесіндегі жиілік қалыпты деңгейге келгеннен кейін өшті».

Демек, Қырғызстандағы жағдай бастапқы түрткі болғанымен, одан кейін Қазақстанның өз энергия жүйесіндегі ақау ұлғая түскен. Сонда жүйені 2,5 сағатта қалпына келтіргенін айтып отырған мамандар сол жүйенің бұған дейін осындай ауқымда істен шығуына да жол берген болып шығады.

Нақтырақ айтқанда, мәселенің ұшы Ұлттық электр желісін басқаратын KEGOC компаниясына келіп тіреледі. Себебі желідегі қорғаныс автоматикасының жұмысы осы компанияның құзырында, демек оның жұмысындағы ақауларға да KEGOC жауап береді. Оның үстіне KEGOC – Қазақстанның ұлттық жүйелік операторы. Компания электр жүйесінің күнделікті жұмысын үйлестіріп қана қоймай, электр өндіру қуатының да, оны өңірлер арасында жеткізу мүмкіндігінің де қажетті резервін қамтамасыз етуге тиіс.

Ал Қазақстанның оңтүстігінде электр қуатының тапшылығы кеше пайда болған жоқ. Өңір бірнеше жылдан бері өзіне қажетті электрдің бір бөлігін солтүстіктен алып келеді. Соның салдарынан солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын 500 кВ желілердің мүмкіндігі де біртіндеп шегіне жетті. Мұндай жағдайдың жылдар бойы қалыптасуына жол берілуі – электр желісін басқаратын компания ретінде де, бүкіл энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жүйелік оператор ретінде де KEGOC-тың жауапкершілігіндегі мәселе.

Иә, шын мәнінде Ұлттық диспетчерлік орталық KEGOC құрылымындағы қатардағы бөлімшелердің бірі ғана. Оның басшысына тиісті мәртебе берілмеген, ал қазіргі жағдайға қарасақ, дербес шешім қабылдауға қажет өкілеттігі де жеткіліксіз тәрізді. Мұндай құрылымның өзі дұрыс емес. Жүйелік оператор қызметі дербес мәртебеге ие болуы керек, ал оның басшысы атқаратын міндетінің маңызына қарай бірінші вице-министр деңгейіндегі лауазым иесі болғаны жөн.

Ал әзірге жүйелік оператор KEGOC-тың құрамында екен, онда барлық  жауапкершілікті компания толығымен өз мойнына алуы керек.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Арман қуып барып, ажал құшты

Шарджада қазақстандық апалы-сіңлілі Ақжан және Жұлдыз Бохановалар қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, олар кісі қолынан қаза болуы мүмкін.

Оқу-ағарту министрлігі тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастады

«Қазақстанда оқушылардың білімін бағалау тәртібі өзгереді. Атап айтқанда, аралық бағалау енгізіліп, тоқсан соңында өткізілетін жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады.

Revolut еуроға байланған EURR стейблкоинын іске қосты

Ұлыбританиялық финтех-стартап Revolut еуро бағамына байланған EURR стейблкоинын айналымға шығарды. Бұл туралы Bloomberg компанияның мәлімдемесіне сүйеніп хабарлады.

Непалда ұйымдастырылған турмен жүрген ресейлік туристер жоқ

Қазір Непалда Гималайдағы жаяу тау бағыттарына сұраныс төмендейтін маусым. Осыған байланысты елде туроператорлар арқылы келген ресейлік саяхатшылар жоқтың қасы. Ресей туроператорлары да Непалда өз туристерінің бар екені туралы мәлімет бермеген.