Шарджада қазақстандық апалы-сіңлілі Ақжан және Жұлдыз Бохановалар қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, олар кісі қолынан қаза болуы мүмкін.
25 тамызда тараған бұл қаралы хабар Қазақстан халқын дүр сілкіндірді.
«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, Дубайдағы дипломаттар олардың отбасына көмек көрсетіп жатқанын хабарлады. Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесіп, қазақстандықтардың қазасына қатысты мән-жайды анықтау үшін БАӘ-нің құзырлы органдарымен байланыс орнатып отыр. Оқиғаның мән-жайын Біріккен Араб Әмірліктерінің тиісті органдары анықтап жатыр», – деп Informburo ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлады .
Ал әлеуметтік желілердегі кейбір парақшаларда марқұмдардың жақындары айтқан оқиғаның бірқатар жай-жапсары тарай бастады.
«Біз қыздардың біраз уақыт бірге оқып, бірге жұмыс істеген құрбысымен сөйлестік. Оның айтуынша, Ақжан мен Жұлдыз 2025 жылдың желтоқсанында Дубайға жұмыс істеуге кеткен. Екеуі сұлулық салонында жұмыс істеп, Шарджадағы пәтерде тұрған. Туыстарымен үнемі хабарласып жүрген, алайда 17 тамыздан бастап байланысқа шықпай қалған. 24 тамызда ата-анасына қыздарының денесі табылғаны хабарланған. Құрбысының сөзінше, ата-анасы олардың мәйіті құлыптаулы пәтерде қанша уақыт жатқанын білмейді. Қолда бар ақпарат бойынша, күдікті ұсталған және ол Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ», – деп хабарлады Qumash .
Өкінішке қарай, шетелде қылмыстың құрбаны болып, қаза тапқан қазақстандықтардың қатары тағы да көбейіп отыр.
2021 жылы Тбилисиде қаза тапқан Әсел Айтпаеваның оқиғасы да көпшіліктің есінде . Оны зорлап, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізген туысы кейін 15 жылға бас бостандығынан айырылған.
2023 жылы Телавиде қазақстандық журналист Жанбота Төлеген кісі қолынан қаза тапты .
Мұндай оқиғалардың көбінде ұқсас жағдай қайталанады. Адамдар шетелге жақсы өмір іздеп, жұмыс істеуге немесе білім алуға барады. Алайда бөтен елде қылмыс пен зорлық-зомбылыққа тап болып, қорғансыз күйде қалады. Оның үстіне, кей жағдайда қылмысқа жәбірленушінің жақын адамдарының қатысы бары анықталып жатады.




