Вашингтон. 4 қараша. ИНТЕРФАКС – АҚШ әскері президент Дональд Трамптың Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясының әуе қорғанысы жүйесіне ұшқышсыз аппараттарды атып түсіруге арналған LOCUST лазерлік қондырғысын қосты. Бұл туралы The War Zone басылымы хабарлады.
Резиденция үстіндегі әуе кеңістігін жақын қашықтыққа арналған екі AN/TWQ-1 Avenger зениттік зымыран кешені қорғайды. Олар Humvee жол талғамайтын көліктеріне орнатылған. Енді бұл кешендерге жеңіл тактикалық көлікке орнатылған кемінде бір лазерлік қондырғы қосылды. Оның қуаты – 30 кВт.
Соңғы жылдары АҚШ Қарулы күштерінде LOCUST жауынгерлік лазерлік жүйесінің түрлі үлгілері барған сайын кеңінен қолданылып келеді. Атап айтқанда, құрлық әскерінің, әскери-теңіз күштерінің және теңіз жаяу әскерлері корпусының бөлімшелері осы жүйелермен жабдықталып жатыр.
Басылымның жазуынша, Трамп резиденциясындағы қауіпсіздік шаралары Иранмен кең ауқымды текетірестің қайта өршуі мүмкін деген белгілер байқалған тұста күшейтіліп отыр. Соңғы жылдары Иран билігі Дональд Трампқа бірнеше рет қоқан-лоқы көрсеткен. АҚШ-тың өзінде де президентке қастандық жасау әрекеттері болған, оған ел ішінде де қауіп төнген.
Лазерлік қондырғы Мар-а-Лаго резиденциясының маңына АҚШ Құпия қызметінің өтініші бойынша орналастырылған.
«Қазір қауіп-қатер күшейіп отыр. Сондықтан қорғауымыздағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін озық құралдарды, технологиялар мен әдістерді қолданып, күзет шараларын үнемі жетілдіріп отырамыз. Біздің өтінішіміз бойынша Солтүстік Американың аэроғарыш қорғанысы қолбасшылығы (NORAD) мен АҚШ Қарулы күштерінің Солтүстік қолбасшылығы (USNORTHCOM) қауіпсіздікті қамтамасыз ету операцияларымызға қолдау ретінде ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күрес құралдарын берді», – деп мәлімдеді АҚШ Құпия қызметі.




