Берлин/Хельсинки. 28 тамыз. ИНТЕРФАКС – Жұма күні таңертең қайтыс болған Норвегия королі Харальд V-тің ұлы таққа отырып, Хокон VIII есімімен ел басқарады. Бұл туралы Норвегия король сарайына сілтеме жасаған батыс БАҚ-тары хабарлады.
Хокон VIII өзінің корольдік ұраны ретінде «Барлығы Норвегия үшін» деген сөзді таңдады. Бұл ұранды бұған дейін тақта отырған бірнеше монарх, соның ішінде оның әкесі де қолданған.
Бұған дейін Норвегия королі Харальд V Ослодағы ауруханада 89 жасында қайтыс болғаны хабарланған еді.
«Норвегияда мемлекет басшысының орны ешқашан бос қалмайды. Сондықтан монарх қайтыс болған сәтте тақ мұрагері бірден король атанады», – деп хабарлады NRK қоғамдық телерадиокомпаниясы.
53 жастағы Хокон VIII жұма күні король ретінде Үкімет мүшелерімен алғашқы кездесуін өткізді.
Конституцияның 9-бабына сәйкес, Хокон VIII Парламент пен Үкімет алдында ресми түрде ант береді. Бұл рәсім Харальд V қайтыс болғаннан кейін бірнеше күн ішінде өтеді деп күтілуде. Норвегияда Ұлыбританиядағыдай тәж кигізу рәсімі өткізілмейді. Оның орнына Хокон VIII король ретінде арнайы мәлімдеме жасайды.
Одан кейін жаңа монархқа шіркеу батасын беретін арнайы діни рәсім өтеді. Ол таққа отырғаннан кейін шамамен алты айдан соң ұйымдастырылуы мүмкін.
Басылымның жазуынша, Норвегия королінің өкілеттігі Швеция монархымен салыстырғанда біршама кең. Елдегі заңдарға король қол қояды, сондай-ақ ол әр жұма сайын өтетін Үкімет отырыстарына төрағалық етеді. Кейінгі жылдары ата-анасының денсаулығына байланысты Хокон VIII корольдік отбасы атынан түрлі ресми іс-шараларға да жиі қатысып келген.
Хоконның жұбайы, кронпринцесса Метте-Марит енді Норвегия королевасы атанды.
Хокон VIII мен королеваның қызы Ингрид Александра – тақтың мұрагері. NRK мәліметінше, ол жуырда Австралиядағы оқуын тоқтатып, Ослода білімін жалғастыру үшін еліне оралған.




