Астана. 31 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне тағайындалған Ерлан Қаринді қабылдады, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Президент Ерлан Қаринге бірқатар нақты міндет жүктеді.
«Атап айтқанда, вице-президентке мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Мемлекет басшысының ұстанымын білдіру тапсырылды», – делінген хабарламада.
Бұған дейін дүйсенбі күні Құрылтайдың келісімін алғаннан кейін Тоқаев Ерлан Қаринді Қазақстанның вице-президенті қызметіне тағайындады.
50 жастағы Ерлан Қарин осыған дейін Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Әр жылдары Мемлекет басшысының кеңесшісі, көмекшісі және Мемлекеттік хатшы болды.
Қазақстанда референдумда қабылданған жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енді. Негізгі өзгерістердің бірі – Қазақстанның вице-президенті лауазымының енгізілуі.
Конституцияға сәйкес, вице-президентті Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен берілген келісім негізінде Мемлекет басшысы тағайындайды.
Вице-президент Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Мемлекет басшысы белгілейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе Мемлекет басшысы қайтыс болған жағдайда, президент сайлауы өткенге дейін оның өкілеттігі вице-президентке өтеді.




