31 тамызда Олжас Бектенов Премьер-министр қызметіне қайта тағайындалды. Біздің ойымызша, бұл таңдауға бірнеше себеп бар. Бектенов — күштік құрылымдарда шыңдалған технократ. Жоғарыдан берілген тапсырмалардың орындалуын қатаң талап етіп, мемлекеттік аппараттағы тәртіпті сақтай алады, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор арасындағы күрделі мәселелерді ушықтырмай шешуге бейім. Алайда басқаруға қолайлы басшы болу экономикалық шешімдердің әрдайым терең әрі сапалы болатынын білдірмейді. Қайта тағайындалуына санаулы күн қалғанда, 25 тамызда Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен республикалық бюджет жобасы мақұлданды. Бұған дейін осы тақырыпқа қатысты экономист Айдархан Құсайыновтың пікірін қысқаша жариялаған едік . Құжаттар әзірге қолжетімді емес. Сондықтан сол отырыста айтылған мәлімдемелерге сүйеніп, жағдайды бағамдап көрейік.
Ал енді ең қызығы — Үкімет 5% және одан жоғары деңгейде болжап отырған әдемі макроэкономикалық өсімге не серпін бермек? Белгілі болған мәліметтерге қарағанда, басты үміт тағы да… құрылысқа артылып отыр.
ЭКОНОМИКАҒА ҚҰЙЫЛАТЫН ТРИЛЛИОНДАР
Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес , 2027–2029 жылдары нақты ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары болады деп жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2027 жылы экономика 5,3%-ға, 2028 жылы 5,5%-ға, ал 2029 жылы 5,4%-ға өседі деген есеп бар. Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, номиналды ЖІӨ 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаюы тиіс.
Алайда мұндай өсімге ненің есебінен қол жеткізілмек? Үкімет жариялаған алдағы бюджеттің негізгі көрсеткіштерін жекелеген салалардың даму болжамымен салыстырсақ, оның қайдан келетінін аңғаруға болады .
2027 жылы бюджетке 25,6 трлн теңге түседі деп болжанған. Бұл ЖІӨ-нің 12,9%-ына тең. Ал бюджет шығысы 30,2 трлн теңге болмақ. Бұған қоса, Ұлттық қордан 4,4 трлн теңге алу көзделіп отыр: оның 2,4 трлн теңгесі кепілдендірілген, тағы 2 трлн теңгесі нысаналы трансферт ретінде беріледі.
«Бюджетті қалыптастыру кезінде шығысты жай ғана көбейту емес, бюджеттен бөлінген әр теңгенің қайтарымын арттыруға басымдық берілді. Қаражат ең алдымен мемлекеттің міндеттемелерін орындауға, экономиканы, өңірлерді және адами капиталды дамытуға бағытталады. Мемлекеттік әкімшілік органдарды ұстауға жұмсалатын шығыстарды жоспарлау барысында тиімділік пен нәтижелілік қағидаттары басшылыққа алынды. Әкімшілік шығындардың негізсіз ұлғаюына жол бермеу және республикалық бюджеттің теңгерімін сақтау талаптары да ескерілді», — деді министр Тәкиев.
Сонымен бірге экономиканың нақты секторына 3,8 трлн теңге қарастырылған. Бұл бұрынғыдан 507 млрд теңгеге көп. Қосымша қаражаттың бөлінуі ірі инфрақұрылымдық жобалардың жалғасуымен тікелей байланысты. Жергілікті бюджеттерді қоса есептегенде, нақты секторға көрсетілетін жалпы қолдау шамамен 7 трлн теңгеге жетпек.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов те Президент айқындаған міндеттерге арнайы тоқталды .
«Мемлекет басшысы экономикалық өсім бойынша бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Болжамды әзірлеу кезінде экономикадағы қазіргі ахуал, елдің дамуына ықпал ететін сыртқы жағдайлар, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуіне және сыртқы нарықтардағы ахуалға қатысты бағалауы ескерілді. Республикалық бюджет туралы заң жобасында халықты әлеуметтік қамсыздандыру және экономикалық өсімді ынталандыру міндеттерімен қатар макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау қажеттігі де назарға алынды», — деді Бектенов.
Негізгі басымдық тағы да құрылыс қарқынын жеделдетуге беріліп отыр. Ал нақты қосылған құн қалыптастырып, елдің технологиялық және өнеркәсіптік әлеуетін ұзақ мерзімде нығайтатын салаларға қатысты болжам да, бөлінетін қаржы көлемі де әлдеқайда қарапайым.
ЖІӨ ӨСІМІ ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?
Бұл мәселеге белгілі экономист Айдархан Құсайынов өзіне тән сарказммен назар аударды. Үкіметтің Ұлттық қордан алынатын қаржы есебінен құрылыс саласын жыл сайын 16–17%-дан астам қарқынмен өсіру жоспарын талдаған ол экономиканың «қозғаушы күші» ретінде дәл осы саланың таңдалуын асқан дәлдікпен жасалған, бірақ халыққа берер нақты пайдасы тұрғысынан мүлде қисынсыз шешім деп бағалады.
«Үкіметтің жоспарын қарап шықтым. Құрылыс экономикалық өсімнің негізгі қозғаушысы болмақ. 2027–2029 жылдары саланы жыл сайын 16–17%-дан астам өсіру жоспарланған, оған Ұлттық қордан ауқымды көлемде қаржы бөлінбек. Экономиканы алға сүйрейтін саланың өте дәл таңдалғанын айтпай кетуге болмайды. (…) Бұл — қарқынды өсімі сол салада еңбек ететін халықтың табысын арттырмақ түгілі, керісінше төмендететін жалғыз сала: жалақы да азаяды, жұмыспен қамтылғандар саны да қысқарады. Таңдау өте дәл әрі шебер жасалған — құрылысқа триллиондаған теңгені емін-еркін құя беруге болады. ЖІӨ өседі, ал халық табысының артуынан инфляция күшейеді деп қауіптенудің қажеті жоқ», — деп жазды экономист.
Алайда негізгі мәселе бұл өсімнің статистикадан көріну-көрінбеуінде емес. Өйткені Үкімет номиналды емес, нақты ЖІӨ өсімін болжап отыр. Мәселе — сол өсімнің экономикаға қаншалықты сапалы өзгеріс әкелетінінде. Ол еңбек өнімділігін арттырып, халық табысының көбеюіне және экономиканың ұзақ мерзімді орнықтылығына негіз бола ала ма — басты сауал осы.
ҚЫТАЙ ЖОЛЫНЫҢ ЕЛЕСІ
Қазақстан экономикалық өсімді құрылысты қолдан ынталандыру арқылы қамтамасыз етуге тырысқан алғашқы ел емес. Мұндай саясаттың ең ауқымды әрі айқын мысалын Қытай тәжірибесінен көруге болады.
Қытай экономикасының жиырма жылға жуық уақыттағы қарқынды өсіміне несие көлемінің ұлғаюы, жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылымға салынған қомақты инвестиция едәуір серпін берді. Соның арқасында ел ұзақ уақыт бойы ЖІӨ өсімінің жоғары көрсеткіштерін сақтап келді. Алайда мұның соңы жылжымайтын мүлік нарығында орасан зор «көпіршіктің» қалыптасуына әкелді.
Гарвард университетінің экономика профессоры, Халықаралық валюта қорының бұрынғы бас экономисі Кеннет Рогофф экономист Юаньчэнь Янмен бірлескен сараптамалық мақаласында Қытайдағы жылжымайтын мүлік секторы мен оған байланысты инфрақұрылымның экономикадағы жиынтық үлесі ЖІӨ-нің 29%-ына дейін жеткенін көрсеткен . Бұл — қалыпты деңгейден айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
Сарапшылардың тұжырымы бойынша, экономика құрылысқа шектен тыс арқа сүйеген жағдайда инвестицияның қайтарымы төмендеген сайын ұзақ мерзімде табыс әкеле алмайтын активтер көбейе береді.
Қытай өңірлерінің экономикалық өсімді жоғары көрсеткіштермен көрсетуге деген ұмтылысы «елес қалалар» деп аталған құбылыстың пайда болуына себеп болды. Бұған Қытайдың солтүстігіндегі Ішкі Моңғолияда орналасқан Ордос қаласын мысал етуге болады. Соның ең белгілі мысалдарының бірі — Қытайдың солтүстігіндегі Ішкі Моңғолияда орналасқан Ордос қаласы. 2000-жылдары көмір өндірісі өркендеген тұста мұнда миллион адамға лайықталған алып әрі заманауи қала тақыр жерден бой көтерді. Мұражайлар мен театрлар, зәулім ғимараттар мен кең даңғылдар салынды. Алайда ұзақ уақыт бойы қалаға халық қоныстанбады. Сөйтіп, Ордос әлемге Қытайдағы «елес қалалардың» ең көрнекті мысалы ретінде танылды.
Жылжымайтын мүлік пен қарыз қаражатына шамадан тыс сүйенген қытайлық модельдің осал тұсы China Evergrande Group тарихынан да анық көрінді . Елдегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі болған девелопер 300 млрд доллар көлеміндегі орасан қарызға батып, ақырында банкрот болды.
Бұл тұрғыда Еуропаның тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. 2000-жылдардың ортасында Испанияда несие қаражаты мен мемлекеттің инфрақұрылымдық жобаларды ынталандыруы құрылыс нарығындағы жаппай дүрбелеңге ұласты.
Eurostat пен Испания банкінің деректеріне қарағанда , құрылыс қарқынын қолдан үдету біраз уақыт экономикалық ахуалдың жақсы екені туралы әсер қалыптастырғанымен, 2008 жылы нарықтағы «көпіршік» жарылды. Сол саясаттың ең көрнекі мысалдарының бірі — кейін қаңырап қалған Ciudad Real Central Airport халықаралық әуежайы. Оның құрылысына 1,1 млрд еуродан астам қаржы жұмсалды . Әуежай 2008 жылы ашылғанымен, қажетті жолаушылар ағынын қамтамасыз ете алмады. 2012 жылы оны басқарған компания банкротқа ұшырады, ал 2015 жылы нысан аукционда небәрі 10 мың еуроға сатылды.
ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАНДАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЕРЛЕР КҮТІП ТҰР?
Ішкі нарығы орасан әрі өндірістік әлеуеті қуатты Қытаймен салыстырғанда, Қазақстанның құрылыс саласы әлі де шетелден жеткізілетін шикізатқа, техника мен технологияға тәуелді. Сондықтан, біздің ойымызша, Ұлттық қор қаржысын ауқымды құрылысқа бағыттаудан отандық экономикадан гөрі тауар мен технология жеткізетін елдер көбірек пайда көруі мүмкін. Ал жұмсалған қаражаттың бір бөлігі импорт төлемдері арқылы елден сыртқа кетеді.
Инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды салып қою жеткіліксіз, оларды кейін күтіп ұстауға да тұрақты түрде қаржы қажет екенін естен шығармаған жөн. Тиімділігі күмән тудыратын жүздеген нысан салынса, оларды алдағы жылдары күтіп ұстау шығыны мемлекет мойнына түседі. Бұл онсыз да тұрақты тапшылық көріп отырған республикалық бюджетке қосымша салмақ түсірмек. Айтпақшы, 2027 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,3%-ы немесе шамамен 4,5 трлн теңге көлемінде жоспарланған.
Олжас Бектенов Үкіметі бекіткен 2027–2029 жылдарға арналған бюджет-салық саясатына қарағанда, экономиканы бұрынғыдай тікелей мемлекеттік тетіктер арқылы басқару тәсілінен әзірге бас тарту байқалмайды. Ұлттық қор қаражатын инфрақұрылымдық жобаларға бағыттап, сол арқылы экономикалық көрсеткіштерді арттыруға негізделген қазіргі бағыт та алдағы кезеңде басымдыққа ие болуы ықтимал.




