Atameken Business мәліметінше, Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын төлеу тәртібі өзгереді. 2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап жаңа ереже күшіне енеді. Енді ғалымдардың еңбекақысы лауазымдық жалақымен ғана шектелмей, кәсіби және ғылыми жетістіктеріне қарай есептеледі.
Жаңа талаптар ғылыми ұйымдарда, жоғары оқу орындарында және ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын өзге де аккредиттелген мекемелерде жұмыс істейтін ғалымдарға қатысты. Бұл қатарға мемлекеттік тапсырысты орындайтын немесе бюджет қаражаты есебінен ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыратын ұйымдар кіреді.
Негізгі өзгерістің бірі – ғылыми қызметкердің жетістігі үшін арнайы коэффициент енгізілуі. Қызметкердің нәтижесіне қарай оның мөлшері лауазымдық жалақыға немесе мөлшерлемеге шаққанда 1,0-ден 1,5-ке дейін белгіленеді.
Коэффициентті есептеу кезінде ғалымның таңдаған бағыты бойынша қол жеткізген ғылыми нәтижелері, жарияланымдары, оқытушылық қызметі, ғылым докторларын даярлауға қосқан үлесі және басқа да кәсіби көрсеткіштері ескеріледі.
Бұл коэффициент барлық қызметкерге бірдей әрі автоматты түрде берілмейді. Оны тағайындау мәселесін әр ұйым өзі шешеді. Тиісті комиссия ғалымның нәтижелерін бағалап, шешім қабылдайды. Соның негізінде ұйым басшысы коэффициентті бұйрықпен бекітеді.
Еуразия24 пікірі:
Қазақстан ғылым саласындағы еңбекақы төлеу жүйесін жаңартып, қызметкердің нәтижесіне қарай қосымша ақы беретін тәсілге көшіп келеді. Жаңа тәртіп бойынша жоғары нәтиже көрсеткен ғалымдардың жалақысы 50%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл, әрине, ғылыммен айналысатын мамандар үшін жақсы мүмкіндік.
Дегенмен мұнда қаржы мәселесі туындайды. Ғылыми ұйымдардың еңбекақы қорындағы қаражат шектеулі. Сондықтан жаңа жүйе ғалымдарды, әсіресе жас мамандарды белсенді жұмыс істеуге ынталандырғанымен, тиісті үстемеақыны төлеуге ұйымның қаржысы жетпеуі мүмкін.
Тағы бір мәселе – коэффициентті тағайындау тәртібі. Соңғы шешім ұйым басшысының бұйрығымен бекітілетіндіктен, жаңа жүйеде жемқорлыққа жол бермейтін тетіктер қаншалықты қарастырылған деген сұрақ туындайды. Өйткені үстемеақы беру кезінде субъективті шешімдерге жол берілсе, бір қызметкерге артықшылық жасалып, енді бірінің еңбегі ескерусіз қалуы ықтимал.
Ғылым министрлігі мұндай тәуекелдердің алдын қалай алатыны әзірге белгісіз. Белгілісі – коэффициентті тиісті комиссия белгілеп, оның шешімін ұйымның бірінші басшысы бұйрықпен бекітеді. Алайда комиссияның болуының өзі теріс пайдаланушылыққа жол берілмейтініне толық кепілдік бере алмайды.




