Дели. 13 қазан. ИНТЕРФАКС – Үндістанның IndiGo жеке бюджеттік әуе компаниясы өңірдегі ахуалдың шиеленісуіне байланысты 17 қазанға дейін Эр-Рияд, Жидда, Медина және Даммам қалаларына рейс орындамау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Hindustan Times басылымы хабарлады.
«Жолаушыларымыздың қауіпсіздігі мен амандығы біз үшін әрдайым бірінші орында. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті органдармен тұрақты байланыс орнатып отырмыз», – делінген компанияның клиенттерге арналған хабарламасында.
Hindustan Times мәліметінше, хуситтер Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға бірнеше рет шабуыл жасағаннан кейін Сауд Арабиясының азаматтық авиация басқармасы әуежай жұмысын сенбіге дейін тоқтатқан.
Бір күн бұрын хуситтер аталған әуежайға баллистикалық зымыранмен тағы да соққы жасағанын мәлімдеді. Бұған дейін Сауд Арабиясының билігі ел астанасына қарай ұшырылған осындай зымыранның жойылғанын хабарлаған еді.
Өңірдегі жағдайға байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінің Etihad Airways әуе компаниясы Эр-Рияд, Даммам және Жиддаға қатынайтын рейстерін тоқтатты. Ал Катардың Qatar Airways компаниясы Эр-Рияд пен Даммамға ұшуды уақытша доғарды. Дүйсенбі күні Бахрейннің ұлттық әуе тасымалдаушысы Gulf Air де Эр-Риядқа рейстерін тоқтататынын мәлімдеді.
Батыс бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Lufthansa Group, Air India және Air France секілді ірі әуе компаниялары да Сауд Арабиясының астанасына ұшатын рейстерін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.




