Kursiv басылымының хабарлауынша, БҰҰ сарапшылары Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамасын сынға алып, әйелдерді қорғау шараларын күшейтуге шақырды. «Сарапшылар Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық әлі күнге дейін дербес қылмыс ретінде қарастырылмайтынын атап өтті. Қазақстан билігі заңнамадағы осы олқылықтың орнын толтыруға уәде берді. Бұл мәселе 6 қазанда БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің (CEDAW) отырысында талқыланды. Сарапшылар көтерген мәселелерге халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы да назар аударды. БҰҰ комитетінің сарапшысы әрі Қазақстан бойынша баяндамашы Эльгун Сафаров елімізде әйелдердің құқығын қорғау бағытында белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, некеге мәжбүрлеу мен адамның соңына түсіп, қудалау (сталкинг) үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, дағдарыс орталықтары ашылған. Алайда оның айтуынша, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер әділдікке қол жеткізу жолында әлі де елеулі қиындықтарға тап болып отыр. Бұған жауап ретінде Қазақстан өкілдері отбасындағы зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде тануға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді».
Еуразия24 пікірі:
БҰҰ баяндамасының толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы танысуға болады. Көлемді құжатта Қазақстанға қатысты өзге де ескертулер қамтылған. Мәселен, елімізде жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары қылмыс оқиғасын мәжбүрлі түрде қайта көрсету сияқты ар-намысты қорлайтын әрекеттерге тап болатыны айтылған.
Сонымен қатар БҰҰ сарапшысы Эльгун Сафаров жаңа Конституцияда БҰҰ конвенциясының ұлттық заңдардан басымдығына кепілдік берілмегеніне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, құжатта гендерлік зорлық-зомбылық туралы тікелей айтылмаған, сондай-ақ мигрант әйелдер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, барлық әйелдің құқықтарын толық қорғауға кепілдік қарастырылмаған.
Ал Қазақстан өкілдері ел ратификациялаған халықаралық шарттардың ұлттық заңнамадан басымдығы бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ соттар мен Конституциялық сот өз тәжірибесінде халықаралық шарттардың ережелеріне белсенді түрде сүйенетінін атап өтті.
Қазақстан делегациясын мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов басқарды. Оның құрамына Қазақстанның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі жанындағы тұрақты өкілі Ержан Қазыхан, сондай-ақ Жоғарғы сот, Сот әкімшілігі, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.




