14 қазанда Астанада концерт беруі тиіс болған рэпер NAVAI бір күн бұрын көлігінен есірткі табылып, «Қордай» шекара бекетінде ұсталды. Сот оны тергеу аяқталғанға дейін қамауда ұстауға санкция берді.
ҚазТАГ агенттігі Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, мынадай мәлімет таратты:
«Жамбыл облысында есірткі контрабандасына күдікті шетелдік әнші ұсталды. 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі «Қордай» шекара бекетінде полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, NAVAI сахналық есімімен танымал шетел азаматын ұстады. Ол мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленді. Сот күдіктіні қамауда ұстау туралы шешім қабылдады».
Анықталған ақпаратқа сүйенсек, рэперге Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша – есірткі контрабандасына оқталу және есірткіні заңсыз сақтау бойынша айып тағылып отыр. «Ал 14 қазанда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында рэпердің концерті өтуі керек еді. Алайда концерт тоқтатылды. Ұйымдастырушылар бұған техникалық себептерді алға тартып, көрермендерден кешірім сұрады», – деп жазды ҚазТАГ.
Осылайша Бішкек арқылы гастрольдік сапарға шыққан әншінің келесі аялдамасы Астана болуы тиіс еді. Алайда ол діттеген жеріне жете алмай, шекарада ұсталды.
Егер әртістің кінәсі сотта дәлелденсе, оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
NAVAI-ға тағылған айыптардың бірі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабына, яғни есірткі заттарын мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізуге қатысты болуы мүмкін. Егер рэпердің кінәсі дәлелденсе, оған 5 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, бас бостандығын шектеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал. Бұл ретте мүлкі тәркіленуі де, тәркіленбеуі де мүмкін. Ал есірткі ірі мөлшерде заңсыз өткізілгені анықталса, аталған баптың басқа бөлігі бойынша мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда бұл іс есірткі контрабандасына оқталу, яғни қылмысты жасауға әрекеттену ретінде сараланса, жаза жеңілірек болуы мүмкін.
Құқық қорғау органдарына сілтеме жасалған алғашқы хабарламаларда есірткіні заңсыз сақтау дерегі де айтылған. Дегенмен оның тек жеке тұтыну үшін сақталғаны немесе сатуға арналғаны әзірге белгісіз. Сондықтан осы айып бойынша қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін де қарастырайық. Мұның бәрі табылған есірткінің түрі мен мөлшеріне байланысты. Соған қарай 160 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы немесе есірткі аса ірі мөлшерде табылған жағдайда 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Егер сот рэперді кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарса, ресейлік өнер иесінің жазасын өз елінде өтеу туралы өтініш беруге теориялық тұрғыдан мүмкіндігі бар. Алайда бұл мәселе жеке тәртіппен қаралады және Қазақстан сотының үкімі шыққаннан кейін автоматты түрде шешілмейді. Сондықтан әзірге NAVAI-дың ісі Қазақстанның сот төрелігі жүйесі аясында қаралып жатыр.




